Бір уыс топырақ
Қарағандыда отансүйгіштік рух пен ұрпақтар сабақтастығын ұлықтаған ерекше рәсім өтті. Қазақстандық жауынгерлер жерленген шетелдегі бауырластар зираттарынан әкелінген топырақ пен батырлар жайлы деректер отбасыларына ресми түрде табысталды. «AMANAT» партиясының Ақ залында өткен салтанатты жиында ұмытылмас тағдырлар мен ұрпақ жады тоғысты.

– Бүгін – ерекше күн. Бүгін – жүректерді елжірететін, тарихты тағы бір мәрте еске түсіріп, рухымызды асқақтататын күн. 80 жыл бұрын Жеңіс туы желбіреп, бейбіт өмір есігін ашты. Сол Жеңісті жақындатқан батырларымыздың ерлігі – біз үшін мәңгілік өнеге. Бүгінгі рәсім – тек құрмет қана емес, сонымен қатар, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың айқын көрінісі. Әкенің, атаның, аға дамыл тапқан жерден бір уыс топырақты елге әкеліп, рухына тағзым ету – бұл біздің қасиетті борышымыз, – деді облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова.
Оның айтуынша, бұл топырақ – өткен мен бүгіннің арасындағы тарихи сабақтастықты бейнелейтін қасиетті нышан. Жауынгерлердің туған еліне деген махаббаты мен жанқиярлығы – Тәуелсіз Қазақстанның рухани негіздерінің бірі.
– Біз Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында жоғалғандарды алты жыл бойы іздестіріп келеміз. Игі іспен айналысамыз. Осы жылдар ішінде бізге он мыңнан астам өтініш келіп түсті. Төрт мың сұрау бойынша сарбаздардың жерленген орындары анықталды. Бүгін Қарағандыға өңірден майданға шақырылған екі жауынгер – Әкімжан Айдосов пен Кәрім Әбдіғалымовтың жерленген жерінен топырақ жеткізілді. Сондай-ақ, тағы екі жауынгердің туыстарына жерлеу орындары көрсетілген хаттарды табыс етеміз, – деді «Atamnyn Amanaty» ҚБ іздеу тобының үйлестірушісі Марфуза Сүлейменова.
«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі 2019 жылдан бері 10 мыңнан астам азаматтың жоғалған туыстарын табуға көмектесу туралы өтінішін қабылдаған. Сол уақыттан бері 4000-нан астам қазақстандық жауынгердің жерленген жері анықталып, кейбірінің сүйектері елге қайтарылған. Былтыр, мысалы, 21 жауынгердің үшеуінің сүйегі елге жеткізіліп, әскери құрметпен жер қойнына тапсырылды.
– Біздің мақсат – жауынгер тағдырын анықтап, есімдерін мәңгілік есте қалдыру. Біз Қазақстандағы ұрпақтарын табу үшін архивтік ізденістер жүргіземіз, майдан далаларында қазба жұмыстарына қатысамыз, халықаралық серіктестермен бірге жұмыс істейміз. Бұл – ортақ міндет, – деді бірлестіктің өкілі Сауле Мусина.
Салтанатты рәсімге мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ардагерлер мен жауынгерлердің ұрпақтары қатысты. Жерленген жерден алынған топырақ пен естелік материалдар Ғабдыжан Мұқатов, Кәрім Абдуғалимов, Назамбай Аймұлдинов пен Акимжан Айдосовтың отбасыларына табыс етілді.
– Менің төрт бірдей атам – Бақтыгерей, Дәулеткерей, Ғабдыжан және Ғалымжан Мұқатовтар соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен. Отбасымыз оларды іздеумен көп жыл өткізді. Бір ай бұрын «Atamnyn amanaty»-на өтініш білдіріп едім, бір апта ішінде Ғабдыжан Мұқатовтың жерленген орнын анықтап берді. Бұл – тек ақпарат емес, үміттің қайта оралуы. Ұрпақтары атынан шексіз алғысымды білдіремін, – деді әскери бөлім штаб бастығы, подполковник Алмас Ғаділ.
Күлшікен Кәрімова әкесінің қабірінен алынған топырақ салынған қапты алып, көз жасын тыя алмады. Ол майданға кеткенде Күлшікен апа бір айдан енді асқан еді. Іздеу жүйелерінің арқасында қаза тапқан жауынгердің Сербияда, Заечар ауданында жерленгені анықталды.
«Atamnyn amanaty» еріктілері жыл сайын түрлі форумдар мен халықаралық конференцияларға қатысып, өз тәжірибесімен бөлісіп келеді. Бірақ, олар үшін ең үлкен марапат – жауынгерлердің ұрпақтарының алғысы.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»