Жаңалықтар

Бір шаңырақ астында

Дерекке сүйенсек, елімізде 60 мыңнан артық Белорус этносының өкілі болған. Кейінгі жылдарда 18 мыңға жуығы еліне қайтқан. 40 мыңнан астамының ең көп бөлігі Қарағанды облысы аумағында тұрады. Достық үйінде «Суайчынники» (мағынасы – отандастар) атты этномәдени бірлестігі бар. Әр мерекеде көп этнос өкілдері бас қосқанда белорустар бірден көзге түседі. Ақ, жасыл, қызыл түсті ұлттық киімі өте тартымды және олар үнемі көңілді жүреді. Ақ – жақсылықты, жасыл – өмірді, қызыл – жеңісті білдіреді. Демек, қашанда жақсылықтың салтанат құрғанын, ізгіліктің жеңіске жеткенін қалайды. Белорус этномәдени бірлестігінің жетекшісі Зинайда Асадчая да осы мереке қарсаңында қазақ халқына отандастары атынан шын жүректен алғыс айтады.

Осылай ұлттық құндылықтарын насихаттап, өздерін жат сезінбей, емін-еркін өсіп-өнуі – елдегі салиқалы саясаттың арқасы. Басқа әлемнің бірде-бір елінде жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы олардың тең құқықта, ымыра-бірлікте, татулықта өмір сүруіне жағдай жасап келеді. Өздері де осы бейбітшіліктің мәңгі болғанын қалап, екінші Отаны Қазақстанды жанындай жақсы көреді.

– Қазақстанға 6 жасымда келдім. Тың игеру кезінде Алтай аймағына көшіп бардық. Бізді құшақ жая қарсы алды. Бірақ, анамның денсаулығына климат сәйкес келмей, біз Қарағандыға көшіп келдік. Басқа облысты емес, осы кенді өлкені таңдадық. Ауа райы анама ұнап, тұрақтап қалдық. Осында балалық шағым өтті. Мектептен соң Қостанайдағы жеңіл өнеркәсіп техникумын аяқтадым. Майқұдықтағы спорт киімдері мен жабдықтарын тігетін «Динамо» фабрикасында 20 жылдай еңбек еттім. Қазір жасым 66- да. Тарихи Отаныма барып тұрамын. Жас кезімде Белоруссияға барып, біраз бөгеліп қалғанда Қарағандымды, Арқаның кең даласын, жусанының иісін, адамдарының кең жүрегін қатты сағындым. Атамекенге қайтып оралу ойымда жоқ. Қазақстанды жанымдай жақсы көремін. «Ағаш бір орында өседі» демекші, тамырымнан ажырағым келмейді, – дейді Зинайда Ивановна.

Тағы бір айта кетерлігі, Зинайда Ивановна Қарағандыға 1960 жылдары көшіп келгенде мұнда туыстары болған. Олар сәл бұрынырақ келіпті. Бір шатырлы жеке есікті барақ типтес үйде жеті түрлі этнос өкілі тату-тәтті өмір сүргенін сағынышпен еске алады. Сол кезде көрші тұрған жергілікті қазақтардың жасаған жақсылығын, қамқорлығын ешқашан ұмытпайтынын айтады. Бір шаңырақ астында ынтымақпен өмір сүруді сол кезде-ақ бастап кеткен.

– Бізге Майқұдықтың қазір Халыққа қызмет көрсету орталығы орналасқан маңнан бір шатырдың астынан шағын бөлмелері бар үй берді уақытша. Ол кезде қала енді кеңейе бастаған. Шешен, поляк, неміс, украин, орыс, болгар және белорус этносы өкілдері бір шатыр астында іргелес өмір сүрдік. Кекету-мұқатусыз бір-бірімізбен жақсы араластық. Жергілікті қазақтар қарама-қарсы үйлерде тұрды. Рахима деген құрбым болды. Біз оны Ира дейтінбіз. Мектептен қайтқанда Рахиманың үйіне барамыз. Анасының үнемі тамағы дайын тұратын. Бәрімізді бөліп-жармай тамақтандырады. Кейін киім ауыстырып, бір мезгіл ойын қуамыз да біздікіне барамыз. Солайша, бір үйдің баласындай өніпөстік. Рахиманың анасы дайындайтын құрт, бауырсағын бәріміз жақсы көретінбіз. Жұмыртқадан, картоптан жасалған түрлі тағамды менің анам жасап, достарыма беретін, – деп еске алады кейіпкеріміз.

Балалық бал дәурен шақта басталған достық әлі күнге дейін жалғасып келеді екен. Сол дәуірдің қызығы мен шыжығын бірге көргендер бірін-бірі әлі құрметтейді, сыйлайды. Бұл күнде барлығы дерлік немере сүйіп отырған ата-әже. Осы ұлы достық көшіп келгенде жылы қабақ танытқан жергілікті қазақтардың қонақжайлығынан басталғанын айрықша атап айтады. Ұлтына, түріне тиісіп, ауыр сөз айту деген мүлде болмапты. Бастысы адамгершілікті бірінші орынға қойған.

– Қазір екі балам, екі немерем бар. Біздің әулеттің төртінші ұрпағы осында өмір сүріп жатыр. Бір ұлым сауда саласында. Қызымның сұлулық салоны бар. Олар атамекенге оралу туралы мүлдем сөз қозғамайды. Өйткені, сүйікті ісі бар. Жақындары жанында. Тыныш әрі бай-бақуатты өмір сүріп жатыр. Біз қазақы салт-дәстүрді, қазақ тілін қатты құрметтейміз. Мейрамдарын да тойлаймыз. Шелпек те жейміз. Жыл сайын еліміздегі киелі орындарға барамыз. Былтыр Түркістанға барып, керемет әсерге бөленіп қайттым. Дінім бөлек деп ыңғайсызданғам. Бірақ, ол жақтың адамдары Жаратушының ортақ екенін, өз сенімім арқылы құлшылық қылуыма болатынын айтқанда көзіме жас келді. Осыдан артық қандай демократия керек. Өнерден де құр алақан емеспіз. Жуырда бірлестік мүшелері Бұқар жыраудың өлеңдерін жатқа оқу сайысынан жүлделі орын алды. Суретші, ақын, әншілеріміз де бар. Қазақтар да бізді пасхамен құттықтап, боялған жұмыртқамызды жейді. Бұл да бізге жасалған – құрмет, – деп атап өтті Зинайда Ивановна.

Осылайша, этномәдени бірлестік өкілдері еліміздің дамуына жан-жақты үлес қосып, өздері де адал еңбек етіп жүр. Сөзшең әрі көңілді жүретіні адамды бірден баурайды. Шыққан тегін, тарихын, салт-дәстүрін де бізбен бөлісіп, ақтарыла сырласты. Қазақстанға деген құрметі мен махаббаты кейіпкеріміздің әкесімен де байланысты.

– Жас кезімізде әкеміз жұмыс істеп жүріп, прорабтың оқуын оқып алды. Қарағанды қаласының көркеюіне ұзақ жыл талмай еңбек етті. Қазір өзіміз Майқұдықта 11 орамда тұрамыз. Бұл үйді әкем салған. Сонысымен де өте ыстық. Балалық шағымыз өткен жерде, әкеміз салған кең үйде, бақытты өмір сүріп жатырмыз. Осындай бақытты өмір сүруге мүмкіндік туғызып берген Қазақстан билігіне, қолдап, қонақжайлылық танытқан, бауырына басқан қазақ халқына өте ризамыз. Бірлестік атынан, Қазақстандағы белорус диаспорасы атынан шексіз алғыс айтамын. Ортақ Отанымызды бірге гүлдендірейік. Қазақстанымыз мәңгі жасасын! Жақсы адамдарға мың алғыс, – деп түйіндеді сөзін Зинайда Ивановна.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button