Басты тақырып

«Бір сен үшін»

   Бұдан бұрын құлаққағыс еткендей, «Сарыжайлау» кинотеатрында осындай атпен отандық фильмнің тұсауы кесіліп, оған кинотуындыны түсірген шығармашылық топ қатысты.

Яғни, бұл күні қарағандылықтар аталған фильмнің бас продюсері әрі басты рөлді сомдаушы Азамат Сатыбалды бастаған Зарина Кәрмен (актриса), Досхан Сәкен (фильмнің директоры), Әлімхан Мырзахан (актер), Ардақ Төлеубаевтармен (қоюшы-режиссер) қауышты.

Қонақтар алдымен, облысымыздың бұ­қаралық ақпарат құралдары өкілдерімен жүз­десіп, фильм жайында емен-жарқын әңгіме-сұхбат өткізілді.

Айта кету керек, Азамат Сатыбалды бүгінгі күні өзіндік бет-бейнесі бар танымал, дарынды жас актерларымыздың бірі. Ол ойнаған рөлдерді театрлардан, сериалды кинолардан көріп жүргеніміз анық. Ал, бүгінде Азамат продюсерлік қырынан да ашылып, маңайына кілең талантты жастарды, достарын жинап, жеке киностудиясын ашыпты. Жұртшылық назарына ұсынылып отырған «Бір сен үшін» отандық драмалық кинофильмі – осы ашылған студияның алғашқы жемісі екендігін де ерекше айтқымыз келеді. Сонымен қатар, кинода ойнаған актерлардың, жалпы шығармашылық топтың да тұң­ғыш тырнақалды еңбектері болғандығын атап айтқан жөн.

– Осы фильмнің сценариін жазу үстінде басты кейіпкер Айжанның рөліне кім лайықты деген мәселе туындады,– деп бастаған сөзін Азамат Сатыбалды, әрі қарай былайша өрбітіп әкетті. Алдымен, Қарағанды жерінде дәл осындай керемет кездесуді ұйымдастырған қоғам қайраткері Рымбала Кенжебалақызы Омарбекова апама мың алғысымды айтамын. Біз осының алдында Таразда, Қостанайда болдық. Жалпы, менің бір байқағаным, республикамыздың қай түкпірінде болсақ та, барша өнер иелері өзге ешкімді емес, бәрі де тек Рымбала апамызды сұрап жатады, біз осыған марқайып қаламыз.

Ал,енді, кинофильм жайына келетін болсақ, қоюшы-режиссер Төлеубаев Ардақ досыммен бірлесіп және сахнада қатар ойнап жүрген актриса әріптесім Заринаны Айжан рөліне қолайлы көріп, сценариді де соған лайықтап жаздық. Егер де Зарина келіспесе, басқаша жазуды да қарастырдық. Өйткені, кинодағы оқиға бұл қарындасымның басында болмаған. Дегенмен, өзіне айтып едік, бірден келісе кетті, біз де қуанып қалдық. Негізі айтпағым, фильмнің сюжетіне бір досымның басынан кешкені алынды. Қосылғандарына 16 жыл болса да сәби көре алмай жүрді. Бірақ, бір-бірлеріне деген ыстық ықыластарына, сүйіспеншіліктеріне сызат түсірмеді күтті, шыдады. Сөйтіп жүріп он алты жылдан кейін сәбилі болып, бәріміз қуанышына ортақтастық. Дастархан басында отыр едік, бір кезде өзге бөлмеге кіріп кетіп бөгелді. Соңынан барсам, қолына бөбегін көтеріп алған, бетіне қарап еңкілдеп жылап тұр, «Осынша жыл шыдап күтпегенде, жаным, сендей сәбиім болмайтын еді ғой, Аллаға шүкір» деп қояды кемсеңдеп. Оны көріп менің де көңілім босасын әлгі жерде, есіме түссе әлі де толқимын,– деп Азамат көзіне жас алды…

Өз кезегінде сөз алған Зарина – жалпы кино әлеміндегі алғашқы рөлінің күрделі әрі жауапты болғандығын айта келіп, кейіпкерінің образына еніп шынайы әрі әсерлі ойнап шығуға бар мүмкіндігін салғандығын, бұл ретте Азамат ағасының, өзге де түсіру тобының көмегін көп көргендігін айтып өтті. Айтпақшы, бүгінде танымал актриса қатарынан саналатын Зарина Кәрмен Қарағандыға келін болып келеді. Бүгінгі шығармашылық кешке актрисаның бір топ қайынжұрты келіп қолдау көрсетті.

Тағы бір айта кетер жай, кинофильмдегі гинеколог-дәрігер рөліндегі Әлімхан Мырзахан Қостанай облыстық драма театрының актеры. Кино саласына бірінші рет келсе де өз кейіпкерін шынайы алып шыққандығымен есте қалды.

Сонымен, кеш қонақтары журналист қауы­мымен сұхбаттасуын аяқтағаннан кейін залға өтіп көрермендерімен жүздесті, сауалдарына жауап берді. Шынында да фильм көтеріп отырған мәселе өзектілігімен құнды. Мұнда отбасы беріктігін, сүйіп қосылған ерлі-зайыптылардың өзара сүйіспеншіліктерін сақтауы, шаңырақты шайқалтпай ұстауы, кездескен қиындықты төзімділікпен бірлесіп жеңе білуі тәрізді күрделі де күрмеуі көп оқиғалар тізбегі тақырыпқа арқау болған.

Кеш қонақтары «Сарыжайлау» кинотеатрының сахнасына көрермендер қошеметімен көтерілген соң Облыстық жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Мирас Құттыбай сөз алып, Азамат Сатыбалды бастаған шығармашылық топтың көпшілік көрермендер назарына ұсынып отырған драмалық кинофильмінің әркімге, оның ішінде жастарға ой саларына, ойландырып қана қоймай, түйінді шешім қабылдауларына түрткі боларына тоқталып, енді ғана жұмысын бастаған киностудияның ұжымына толайым табыстар тіледі. Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова «Бір сен үшін» кинофильмінің көтеріп отырған мәселесі жалпы ұлтқа, бүгінгі қоғамымызға, әсіресе, жастарымызға қажетті, маңызды екендігін баса айтты. Шығармашылық топқа ақжарма тілегін арнап, естелік кәдесыйларын тапсырды.

Сонымен, қадірлі көрермен, отандық өнім – «Бір сен үшін» драмалық фильмі өздеріңізге жол тартты. Ал, оны көріп, бағасын беріп ғұмырын ұзақ қылу өз қолдарыңызда, ағайын!

Раушан НҰРША.

Суретті түсірген Л.Галимов.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button