Бір ән, үш тағдыр
«Ханның қызындай Ханбибі деген сіңлім бар» деген Фариза Оңғарсынованың бір сөзі бүгінде бүкіл қазақ ән тарихына ұран салғандай. Әңгіме 1988 жылы туған композитор Тұрдықылыш Ізтаевтың әні мен ақын Ханбибі Есенқараеваның сөзіне жазылған «Нурикамал» әні жайында. Әрине, ән тарихы айтылып, аңызға айналғалы қашан. Ал, қарағандылық киносүйер қауымның аузында жүрген режиссер Ернат Байұзақтың осы ән тарихына түсірген фильмін көріп үлгердіңіз бе?
Фильм алғаш 7 қараша күні жарыққа шықпас бұрын режиссер Ернат Байұзақ «Нурикамал» фильмін не үшін көру керек деген бес сауалға жауап айтқан еді.
– Жүз ойланып, мың толғандым. Өйткені, фильмде бүтін бір қазақ мәдениетінің тарихы, адамдар тағдыры тұр. Жауапкершілігі қылкөпірден қырыңмен өткендей болды расы керек. Темекі шекпесем де, сол Тұрдықылыш ағамыздың музасын іздегендегі кейіпке ендім десем, артық емес. Ұзақ толғаныстан туған туынды актерлер шеберлігімен қазақ кинолары қатарынан ерекше орын алды. Ал, фильмді көруге жеке бес ұсыныс айтар едім. Ең бірінші, бұл фильм мәдениет тұлғаларының тікелей өмірі хақында түсірілген. Аты алтын әріппен жазылған «Нурикамалдай» әннің тарихы. Екіншіден, махаббат фильмде ерекше суреттелді. Жо-жоқ, бұл біз күнде түрік сериалынан көріп жүрген махаббат емес. Ерекше қазақы тәрбие саясындағы сиқырлы, тәтті әрі ұяң сезім. Ол сезім – дүбәра түйсігі жетпейтін, тілсіз, тек екеудің көзқарасымен ғана түсінісер дүние. Үшіншіден, қазақ мәдениеті мен руханиятына бір табан жақындасуға таптырмас құрал. Себебі, көрерменін танымдық тұрғыда байытар, ой салар фильм. Төртіншіден, киноны көріп отырып, сонау 80-жылдарға сапар шегесіз. Ата-аналарымыздың өмірі, сол кездегі сезім мен тәрбиенің үндестігі. Сөз қадірі мен сезім салмақтылығы. Ал, бесіншіден, біз бүтін бір ұжым – актерлер мен түсірілім алаңындағы қыз-жігіттер өте жауапты іс атқардық. Қазақ тарихын тағы бір мәрте жаңғыртып, қазақы мәдениеттің бір танымын ұсындық деп ойлаймын, – деп бөлісті өзінің Instagram парақшасында режиссер.
Расында, фильмнің алғашқы бөлігінен-ақ сонау өткен шаққа ондағы сөз сөйлеу мәнері, ойды тұспалдап жеткізу, сезімді сөйлеспей көзден ұғу секілді сәттерді аңғарасыз. Қош.
Ханбибі – елге танымал ақын. Заты әйел болғанымен, жүрегі ерге тән қазақ келіншегі мына бір сынға қалайша төзді?! Төзгені былай тұрсын, өз еркімен өмірлік серігін өзгемен бөлісуге қалай барды екен?! Заманауи қыз-келіншектің кез келгені түсінуі қиын шытырман сезім дәл осы жерден басталады.
Бәріне себеп – тау басындағы басқосу. Нурикамал – сүйріктей ақылына көркі сай сұлу қыз. Онымен қоса, ол сонда жаңадан келген мәдениет басшысы. Ханбибі – сол ортаның беткеұстар ақыны, ал, Тұрдықылыш – ел мақтанышы, белгілі композитор. Сол бір шағын басқосуға күйеуін қолқалап алып барған Ханбибі муза таппай шақшадай басы шарадай болып, шығармашылығының шырқы болмай жүрген күйеуіндегі өзгерісті бірден аңғарды. Тіпті, басқосудан соң Ханбибі маңындағы қыз-келіншекті жиып алып, «Бірің қалмай атап өтеміз, бүгін тау басында кіршіксіз сезім дүниеге келді» деген екен. Бұл оқиғаны Ханбибі рөлін сомдаған актриса Гүлбахрам Байбосынова айқын жеткізе алды. Кейіпкердің тап сол шақтағы наласын ақылдылық пен парасаттылыққа алмастырып, тым қысқа келіншектік күндестікті ақын жанына салды. Сол ойдан барып, «Нурикамал» әнінің сөзі туған көрінеді. Бір сөзбен айтқанда ол күйеуінің әнге салмақ болған ішкі сезіміне тіл бітіріп сөйлетті. Актер Олжас Дәлелхан сомдаған Тұрдықылыш – мінезі ауыр, салмақты жан. Ол бар болғаны қарапайым композитор, сүйікті жар, жанашыр әке. Осы тұста «Қыз есі ерекшелігі бар немесе елге ерлігімен, не ерге сай бір мінезімен танылған жігітке кетпеуші ме еді?!» деген сауал тууы орынды. Бірақ, Нурикамалдың қыр соңынан қалмай жүрген Естай сөз салғандағы мына сөзі сол сауалға жауап бергендей. «Сендер сезімді байлықпен, өжеттілікпен, бірбеткейлікпен, еркектік түйсікпен мойындатқыларың келеді. Ал, Тұрдықылыштың бойында оның бірі де жоқ. Оның қалтасы таяз болса да, жүрегі бай» деген екен. Кино көрінісінің бірінде үстел басында Нурикамалдың есімінің мағынасын бұрын тапқан да осы Тұрдықылыш еді. Ондағы «Нури» сөзі кіршіксіз ақ, ал, «камал» кемеліне келген сұлулық дегенді білдіреді екен. Режиссер актерлерді де дөп басып тапқан секілді. Кино басталғаннан көркі көз тоймас сұлуды сомдаған Фариза Ескермес бұл рөлге келісім бермес бұрын он ойланып, алғашында фильм кейіпкерлерін түсіне алмағанын айтады.
– Ойлаңызшы сіздің некелі жарыңыз басқа біреуге ғашық болып қалды. Сіз сол жарыңыз ғашық болған жанға тамсанып, өлең жазасыз. Ақылға сыя ма?! Ал, енді таза ақындық тұрғыда Ханбибі апайымыз екінші бір ойына жүгінген екен. Ол кісі қанша жерден композитор болса да, күйеуінің жүз ән жазып, тек соның бірімен ғана танылатынын, тарихта қалатынын білгендіктен осылай жасаған секілді. Ол жарының шығармашылығы үшін әйелдік принциптен аттады, – деп жазды актриса Фариза Ескермес.
Қазір күйеуі ғашық болмақ түгілі маңайында өзгені көре сап, тұра аттандап ажырасуға апарар жандар қаншама?! Әрине, көпке қарап «Солайсыңдар» деу қате, десек те, ондайлық баршылық қыз-келіншектер арасында.
Режиссердің тағы бір тапқырлығы – әйелдердің Тұрдықылыш пен Нурикамалға сұқтанып, сумаңдаған тілдерін безеуі. Бұдан тұтас қоғамның сылдыр сөзбен атанды алып ұрып, жақсыны жолдан тайдыратындығы жатыр. Қазіргі қазақ қоғамындағы арзан әңгіме, біреудің отбасының ойраны, шаңырағындағы мәселесін ұялмай ортаға салып талқылауы айқын көрініс тапқан. Кезіндегі ақ үйдің айналасында қалар отбасылық әңгіменің алты рулы ағайынға тарап, қала берді заң мен сотты араластырған қоғамның тым тар түйсігін жеткізгісі келген-ау шамасы.
– Киноны қазақы кино деуге толық негіз бар. Отбасы болып, ұл-қызыңмен, келініңді алып барып бірге көрер дүние екен. Нағыз біздің кезіміздегі қазақы тәрбие. Ұяңдық пен тәтті сезімнің алауы. Көбі айтуы мүмкін Ханбибі ақын ол текті ұрпақ деп. Мен оған келіспеймін. Бұл жерде тектіліктің еш қатысы жоқ. Немене күйеуін қызғанған әйелдер тексіз бе?! Мәселе әр адамның санасында, ой-өрісінде, – деп кинодан алған әсерімен бөлісті Тұрсынгүл Серікова.
Ханбибіде екі таңдау болды. Бірінші – Нурикамалға ит қосып қуып, күйеуін қызғанып, қатардағы әйел болу, екінші – сезім алауын көсеп, сезімнен туған туындының себепшісі болу, яғни, бір туындының тууына мүмкіндік жасау. Ол екінші жолды таңдап, ел алдында үш бірдей жанның абыройына сайып шықты. Тіпті, кейін күйеуінің мінез-құлқын көріп Нурикамалға ұсыныс айтқан жері де өте әсерлі еді. Қазақ киножиынтығына көп туындылар енді. Алайда, «Нурикамал» фильмі ол бір төбе туынды деуге келері анық. Көп естігеннен бір көріп, тарих тарауларына сезіммен сапар шегу бар. Қапы қалмаңыздар.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz