«Бір атаның балалары»
Қарағанды қаласы ХХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстандағы неміс халқы тығыз орналасқан аймақтардың біріне айналды. Ал, осы этностың рухани-мәдени өмірін жандандыру мақсатында 1989 жылы «Видергебурт» неміс орталығы қоғамдық бірлестігі құрылды. Былтыр осы орталық 35 жылдығын атап өтті. Бүгінде ол ең белсенді әрі ең үлкен этномәдени орталық өкілдерінің біріне айналған.

Қоғамдық бірлестіктің қатарында 3652 белсенді бар. Ал, орталықтың күнделікті жұмысын үйлестіріп отыратын 70 қызметкер түрлі бағытта жұмыс жасауда. Орталықтың Қарағанды қаласынан бөлек, Шахтинск, Саран, Теміртау қаласы мен Шахан, Ақтас, Новодолинский кентінде филиалдары жұмыс істеп тұр. Татулығы мен ымыра-бірлігі жарасқан ұжымға тәжірибелі маман Александр Гиберт басшылық жасап отыр.
Бірлестіктің жұмысы этникалық немістердің ұлттық болмысын сақтау ғана емес, түрлі этностардың мәдениеті мен дәстүрін дамытуға үлес қосуға бағытталған. Қазіргі таңда аталған орталық өз тілінің, тарихы мен әдет-ғұрпының түпнұсқалық күйінде сақталуына ерекше көңіл бөлуде. Сол себепті, Бүгінгі таңда Қазақстанды туған Отаны ретінде қабылдаған этникалық немістердің бірегей мәдени қауымдастығы қалыптасып отыр.
– «Видергебурт» орталығының қызметі бірнеше бағытты қамтиды. Соның ішінде, әлеуметтік-гуманитарлық қолдау, білім беру жобалары, этномәдени іс-шаралар, жастармен жұмыс және кеңес беру саласы бойынша атқаратын жұмысы орасан. Мәселен, орталық жанындағы тіл курстары мен «Wunderkind» дамыту орталығы балалар мен ересектерге неміс тілін үйретеді. Бұған қоса, балаларға арналған лингвистикалық лагерьлер мен ойын алаңдары да тұрақты өтеді. Ал «Erfolg» оқыту орталығы – мемлекеттік емес білім беру мекемесі ретінде жұмыс істеп тұр. Мұнда балалар Қазақстанның білім стандарттары бойынша оқумен қатар, неміс тілін қосымша пән ретінде меңгереді, – дейді Александр Николаевич.
Этномәдени бағыттағы жұмыстар да қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда «Кездесу орталықтары желісі» жобасы арқылы неміс халқының тарихы, мәдениеті мен дәстүрлерін таныстыратын 30-ға жуық үйірме жұмыс істейді. Мереке күндері түрлі мәдени шара ұйымдастырып, мерекелік концерт қойылады. Мәселен, Сарандағы «Танцующая долина» би ансамблі мен «Musikquelle» вокал тобының атқарып жатқан жұмыстарын айтпасқа болмас. Этномәдени бірлестік құрылғалы бері жұмыс істеп келе жатқан қос ұжымның тарихы тым әріде. Бұл ұжымдарға қала тұрғындарының құрметі де ерек.
– Орталықтың әлеуметтік-гуманитарлық қызметі де маңызды. Бұл бағыт аясында егде жастағы азаматтарға көмек көрсетіледі. Медициналық тексерулер мен оталарға жағдай жасалып, еңбек армиясының ардагерлеріне патронаждық күтім ұйымдастырылады. Сонымен қатар, дәрі-дәрмек шығындарының бір бөлігі өтеліп, азықтүлік себеттері үлестіріледі. 2021 жылдан бері «Мой немецкий город» жобасы іске асырылуда. Жаяу экскурсия форматында өтетін бұл бағдарлама Қарағанды қаласының өсіп-өркендеуіне этникалық немістердің қосқан үлесін көрсетуге негізделген. Экскурсия 8 тарихи нысанды қамтиды, – дейді этномәдени бірлестіктің басшысы.
«Видергебурт» орталығының өкілдері Қарағанды аймағымен шектелмей еліміздің басқа да аймақтары мен шет елдерде өтетін түрлі деңгейдегі іс-шараларға қатысып келеді. Бұдан бөлек, жыл сайын өткізілетін ұлттық-мәдени орталықтар фестивальдарына, шерулер мен концерттерге, қолданбалы өнер көрмесіне, ұлттық тағамдар жәрмеңкесінің де тұрақты қатысушысы.
Ербол ЕРБОЛАТ