Бас тақырып

Білімнің биік белесі

Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын – педагогтер қауымы. Ұстаздар арқылы адами капиталдың қалыптасуы білім беру саласының едәуір дәрежедегі тиімді жұмысына тікелей байланысты. Осы тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартып, беделін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Бұған 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заңның қабылдануын, соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе артқанын көріп, көз жеткіздік.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Білікті ұстаз даярлауға мән берілді

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде қазақстандық 7 925 мектепте 3,9 млн оқушы оқиды. Биыл 377 372 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады, ал 11 сыныпқа 219 мың оқушы көшті. 4 млн-ға жуық балаға 400 мыңға жуық педагог сабақ береді.

«Педагог мәртебесі туралы» Заңның аясында мұғалімдердің еңбек жағдайы жақсарып келеді. Міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрін алып тастау шаралары қабылданғалы бүгінде мұғалімдер тек екі құжат толтырады. Олар – электрондық журнал және оқу жоспары. Сонымен қатар, барлық облыста педагогтердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестер ашылып, жалақысы 2 есеге артты. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды.

Қазіргі таңда ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән берілуде. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Әрине, мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап та күшейгені рас. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейгені де көңіл қуантарлық.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 64 педагог «Үздік педагог» атанды. Еліміздің тарихында алғаш рет екі бірдей педагог «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. Оларға сондай-ақ, Алтын жұлдыз ерекше белгісі мен «Отан» ордені табысталды. Педагогтердің мұндай атаққа ие болуы Президенттің олардың еңбегін жоғары бағалауы және ұстаздар қауымына көрсеткен құрметі десек артық айтқандық емес.

Сонымен қатар, Мемлекет бас­шы­сының қолынан 23 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алды. Республикалық байқау қорытындысы бойынша тағы 64 педагог «Үздік педагог» атанды. Барлық 89 педагогке 3,6 миллион теңге көлемінде мемлекеттік сыйақы тағайындалды.

Педагогке көрсетілген лайықты құрметті ескере кететін жайт, білім беру сапасына тікелей ықпал ететін факторлардың бірі – педагогтердің кәсібилігі екенін атап өту. Облыстың білім басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, бүгінде өңірдің білім беру ұйымдарында 24 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. 16 374 педагогтің (67,2%) жаңа жүйе бойынша біліктілік санаты бар. 9 мыңнан астам мұғалім (8 760 адам) біліктілікті арттыру курстарынан өтіпті.

Түлектерге гранттар бөлінді

Десек те, аймақта педагогтерге тапшылық азайған жоқ. Әлі де облыстағы білім ошақтарына 127 маман қажет. Бұл мәселе негізінен жас мамандар есебінен шешілуде. Жыл сайын білім беру ұйымдарына 600-дей жас педагог келетінін ескерсек, олардың басым көпшілігі облыстық бюджет есебінен оқытылған түлектер. Соңғы 3 жылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен 100 адам педагогикалық мамандық бойынша оқып шықты. Олардың бәрі білім беру ұйымдарына жұмысқа орналасты.

Биылғы оқу жылында педагогикалық мамандықтарға 20 грант бөлінді. Сондай-ақ, өткен жылдан бері «Мамандыққа жанамалай кіру» жаңа білім беру жобасы жүзеге асырыла бастады. Жобаға жоғары педагогикалық емес білімі бар 33 адам қатысып, осы жылы қайта даярлықтан өткеннен кейін мектептерде жұмыс істеуде.

Биыл 9 сыныптардың 15 мыңнан астам және 11 сыныптардың 7 мыңнан астам оқушылары мектеп бітірді. Сонымен қатар, «Алтын белгіге» 11-сыныптың 144 түлегі үміткер болды. Сондай-ақ, 16 мыңнан астам оқушы бірінші сыныптарға барды.

Кезекті тестілеу 16 мамырда басталып, 5 маусымға дейін жалғасты. Тестілеу­ге 5 992 түлек қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға артық.

ҰБТ электрондық форматта, заманауи прокторинг және бейнебақылау жүйесі арқылы өткізілді. Тестілеу «U-FUTURE» ЖШС-нің 2 өңірлік тестілеу орталығының базасында ұйымдастырылды.

ҰБТ-ға тапсырылатын пәндердің саны өзгеріссіз қалғаны түлектер үшін үлкен олжа болды. Пәндердің үшеуі – міндетті, екеуі таңдау бойынша. Дегенмен «Оқу сауаттылығы» және «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндері бойынша тапсыр­малар саны 5 сұраққа қысқарды.

Сондай-ақ, биыл орта білім беруде басты жаңалық 5-8 және 10 сынып оқушыларының «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері бойынша тест тапсыруымен ерекшеленді. Білім ошақтарындағы жаңашылдықтар оқушылардың білім сапасының деңгейін жақсартуға негізделді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button