Баспасөз мәслихаты

Білім сапасын арттыру – болашақ кепілі

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВАНЫҢ қатысуымен «Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының шеңберінде білім беру сапасын арттыру» тақырыбында баспасөз мәслихаты онлайн режимде өтті. Онда облыс бойынша ауыл мектептерін жаңғырту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту және инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жөнінде айтылды. Сондай-ақ, мектеп пен жатақхана салу мәселесі де қамтылды.

– Өңірде 10 білім беру нысаны салынуда, оның ішінде ауылдық жерлерде үш мектеп, төрт қосымша құрылыс, екі балабақша және Сәтбаев қаласындағы оқушылар сарайы бар. Облыс орталығында 11 «А» шағынауданда мектеп құрылысы аяқталып, «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» жобалар аясында «Таугүл» шағын ауданында мектеп салуға құжаттар пакеті дайындалуда, – деді Гүлсім Шабданқызы.

Сонымен қатар, басқарма басшысы 2025 жылға дейін ауыл мектебін жаңғырту мәселелеріне тоқталды:

– Ауыл мектептерін жаңғырту бағдарламасы аясында 57 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін 61 мектеп кітапханасы мен 9 асхана, 26 мектеп пәндік кабинеттермен жабдықталып, 12 оқу орнында жиһаз жаңартылады. Nur Otan партиясының «2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін тағы 299 ауыл мектебін жаңғырту жоспарланған, – деді Гүлсім Шабданқызы.

Өңірдегі оқу орындарын үш ауысымдықтан арылту үшін 2025 жылға дейін 17 мектеп салу жоспарлануда, оның үшеуі «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» жоба есебінен және біреуі жеке меншік. Балалардың қауіпсіздігі мәселесі де назардан тыс қалмады. «2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы аясында өңірде 245 нысанға турникет орнатылды. 282 нысанға мамандандырылған күзет қойылды. Жақын арада 31 нысанға турникеттер орнатылатыны туралы айтылды. Яғни, бұл барлық қауіпсіздік жұмыстарын қамтудың 87%-ын құрайды. Барлық білім беру ұйымдарында дабыл түймелері, құлақтандыру және бейнебақылау жүйелері орнатылған. Алдағы уақытта олардың санын арттыру, VPN-байланыс арнасын орнату және өңірлердің кезекші бөліміне бейнесигналды шығару бойынша жұмыстардың атқарылып жатқаны айтылды.

– Аутистік спектрдегі аурулары бар балалардың ата-аналары тарапынан келіп түскен өтініштерді ескере отырып, Қарағанды қаласында орталық ашу туралы шешім қабылданды. Оған ауданы 700 шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат пен қажетті қаражат бөлінді. Бұл Орталық келесі жылы «Асыл Мирас» қоғамдық қорының қолдауымен ашылады деп жоспарлап отырмыз, – деді спикер.

Облыс бойынша мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 82,4%-ға дейін арттыру жоспарлануда.

– Техникалық және кәсіптік білім беру саласында да оң өзгерістер бар. Студенттерге арналған жатақханалар саны артып келеді. Биыл Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжінің оқушылары үшін 100 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Шахтинск технологиялық колледжі өз оқу ғимараттарының бірін жатақхана ретінде жөндеу жұмыстарын жүргізуде. 80 орыны бар жаңа жатақхана осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс, – деп, спикер жағымды жаңалықтармен бөлісті.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button