Білім саласындағы бірегей мүмкіндік
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында еліміздің білім беру саласын күтіп тұрған оң өзгерістерге назар аудару қажеттігіне аса мән беріп өтті.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев орта білім саласын «табысты ұлт болудың маңызды шарты» деп бағалайды. ХХІ ғасыр – білім мен біліктілік сынға түсетін тарихи уақыт. Сол себепті, өскелең ұрпақтың білім алуына толыққанды жағдай жасалғанда ғана халқымыз табысты ұлт деңгейіне көтеріле алмақ. Осы орайда, Жолдауда көтерілген «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының қолға алынуы құптарлық жайт. 2025 жылға дейін 800 мың бала заманауи мектептермен қамтылады. Бұл дегеніміз – білім саласындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыратын маңызды фактор.
2026 жылдан бастап мектептерде «Білімнің мазмұндық өзегі» деген жаңа ұғым пайда болады. Бұл – ұлттық құндылықтарды білім арқылы дәріптеуді мақсат етеді. «Тәрбие сағаты» сияқты қосымшалар бұдан былай бекітілген пәндерге енгізіледі, яғни, өзегі болады.
Қазақстан Республикасының білім беру саласы жыл сайын дамып, халықаралық стандарттарға сай болуға ұмтылып келеді. Бұл үрдіс әлемдік білім беру жүйесіндегі өзгерістермен және Қазақстанның ішкі әлеуетін нығайтумен тығыз байланысты. Жаңа межелер мен реформалар білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде көрініс табуда – мектепке дейінгі білімнен бастап, ғылым саласына дейін!
Қазіргі таңда Қазақстан білім беру саласындағы ең басты бағыттардың бірі – цифрландыру. Қашықтан оқыту және онлайн платформада білім алу 2020 жылғы пандемия кезінде аса өзекті болды. Бұл тәжірибе Қазақстанның білім беру жүйесінде жаңа бетбұрыстарға жол ашты. Бүгінгі күні көптеген мектептер мен университеттер жаңа технологияларды енгізіп, электронды оқулықтар, виртуалды зертханалар және цифрлық ресурстар арқылы оқыту үрдісін жетілдіруде.
Қазақстанның жаңа межелерінің бірі – білім сапасын арттыру. Оқушылардың халықаралық рейтингтерде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуі маңызды мәселе болып табылады. Бұл мақсатқа жету үшін оқу бағдарламалары жаңартылып, жаңа әдіс-тәсілдер енгізілуде. Мысалы, PISA, TIMSS секілді халықаралық зерттеулерге қатысу арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығы бағаланады. Оқу жоспарлары тек білім беру ғана емес, сонымен қатар, шәкірттердің шығармашылық қабілеттерін, сыни ойлау және проблемаларды шешу дағдыларын дамытуға бағытталған.
Қазақстанның білім беру саласындағы маңызды межелерінің бірі – үш тілді білім беру жүйесін енгізу. Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін нығайту, орыс тілін меңгеру және ағылшын тілін білу арқылы жаһандық ақпараттық кеңістікке қол жеткізу маңызды міндеттердің қатарында. Үш тілді оқыту білім алушылардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттырады және олардың болашақтағы мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Сонымен қатар, Қазақстан инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше назар аударып отыр. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім беру қолжетімді болуы үшін мектептер мен балабақшаларда арнайы бағдарламалар мен ресурстар қарастырылуда. Бұл бағытта ұстаздардың біліктілігін арттыру және инклюзивті орта қалыптастыру маңызды.
– Біздер бүгінде әлемдік бәсекелестікке бағдар алдық. Сондықтан, кез келген үдеріс ғаламдық көзқарас тұрғысынан бағаланып тұрады. Шексіз мүмкіндіктер ғасырына тап келіп осындай глобальді мәселелерге мән бере аларлық мүмкіндік жаралып жатқанына өз басым әрі таңмын, әрі бек қуаныштымын. Әл-әзір Мемлекет басшысы берген бағдар бізді жаңа көкжиекке көз жүгіртуге итермелейді. Осы бір даңғыл жолда жігеріміз мұқалмай, атымыз сүрінбесе екен деген ниетіміз бар. Ұстаздық ұлы жолда ұлағат жоғалмасын деген ақжарма көңілқостық білдіреміз, – деді «KAZPROM AVTOMATIKA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры Дмитрий Лепехов.
Қазақстанның білім беру саласындағы жаңа межелері білім беру сапасын арттыру, халықаралық стандарттарға сай болу және болашақ ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін дамытуға бағытталған. Мемлекет бұл салаға айрықша мән беріп, ұзақ мерзімді даму стратегиясын жүзеге асыруда. Алдағы уақытта жаңа технологиялар, инновациялық әдістер мен білім берудің жаһандық трендтері Қазақстанның білім беру саласының одан әрі дамуына негіз болмақ.
Бұл орайда, Қарағанды облысы ондаған жылдар бойы отандық білім берудің дамуына баға жетпес үлес қосып, елдің зияткерлік күші мен мәдени алуан түрлілігінің қайнар көзіне айналды. Тарихи тұрғыда қалыптасқан аймақ көрнекті ғалымдар, педагогтар мен новаторлардың киелі ошағына айналды. Қарағанды және облыстың өзге қалалары білім беру орталықтарымен, жергілікті мектептерімен әлемге әйгілі.
Өнеркәсіптік рух пен мәдени әртүрліліктің үйлесімінен бой көтерген өңір білім берудің ерекше ортасын қалыптастырды. Әр қарағандылық төзім мен ерен еңбектің иесіне бола тұрып, білім беру жүйесіне табандылық пен кемелдікке ұмтылу рухын сыйлап келеді. Облыстың жағрапиялық жағдайы, оның мәдени және әлеуметтік күш-тынысы Қарағанды облысын білім алмасу ғана емес, сонымен қатар, жергілікті ерекшелікті терең түсінуге негізделген оқытудың жаңа тәсілдерін қалыптастыратын ерекше білім беру алаңына айналдырады.
Бұл өңір Өнеркәсіптік және мәдени дамудың жүрегі бола отырып, Қазақстанды өркендеу мен инновацияға жетелейтін жоғары білікті кадрларды даярлауда жетекші рөл атқаруды сәтті жалғастыруда.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz