Білім ордасындағы байыпты бастамалар
Әлихан Бөкейханды атағанда көз алдыңа ұлан ғайыр қазақ жері, дархан көңілді қазақ елі, қазақтың мемлекеттігі мен елдігінің бастамасы болған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі келеді. ХХ ғасырда қазақтың азаматтық тарихында ең ұлы идея – Алаш идеясы болса, бүгінгі тәуелсіздігіміздің түп қазығы осы идеядан басталған.
Қарағанды қаласындағы №76 мектептің тарихы Әлихан есімімен байланысты қарашаңырақ. Еліміз тәуелсіздігін алып, ақ түйенің қарны жарылған тұста, 1992 жылы орысша оқытып келген осынау білім ордасы қазақ тілінде білім беретін мектеп болып өзгертілгенде қазақпын деген әрбір азамат бөркін аспанға атып қуанған болатын. Бұл аяғын қаз-қаз басқан тәуелсіз елдің алғашқы жылдарындағы үлкен жетістіктердің бірі еді. Ал, сол жылдың желтоқсан айында мектепке Әлихан Бөкейхан есімі берілгенде шаңырағын енді көтерген білім ордасының мәртебесі көкке көтеріліп, абыройы тіпті асқақтай түсті.
Алаштың ардақтысы, қазақтың маңдайға біткен өр тұлғасы Әлихан Бөкейхан есімін алғаннан кейін мектебіміздің алдында айқын мақсаттар мен міндеттер тұрды. Олардың бастысы – ұлы тұлғаның ұлағатты ісі мен қызметін насихаттау еді. Содан бергі жылдарда мектепте атқарылған жұмыстар келер ұрпақты Әлихан Бөкейханның өмірімен таныстыруға, ұлы тұлғаның өнегелі ісін насихаттауға және жас жеткіншектерді елін, жерін сүюге тәрбиелеуге бағытталып келеді.
Әрине, 25 жыл ішінде мектеп жүздеген түлек ұшырды. Олар қазір еліміздің түпкір-түпкірінде сан-алуан салада қызмет жасап жүр. Олардың әрқайсы қазақ елі үшін еңбек етіп, Отанымыз үшін адал қызмет жасап келеді деп сеніммен айта аламын, өйткені, шәкірттеріміз Әлихан сынды алып тұлға рухымен тәрбиеленіп, тәуелсіз елде білім алып өсті. Жас ұрпақты тәрбиелеуде мектебіміздегі игілікті істерді ерекше атап өткім келеді. Әлихан Бөкейханның дара тұлғасын танытуда мектебімізде қолға алынған жұмыстардың ішіндегі ерекше атап өтетіндердің бірі, 5-сыныптан бастап оқытылатын – «Әлихантану» курсы. Курс аясында шәкірттеріміз Әлиханның өмірімен танысып қана қоймай, ұлы бабамыздың халқына жасаған қызметі мен қоғамдық саяси өміріне зерттеулер жүргізіп, шығармашылық жұмыстармен айналысады. Нәтижесінде оқушыларымыз түрлі білім сайыстары мен ғылыми жобаларда өз білімдерін көрсетіп, бақтарын сынап жүр. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз де баршылық.
Мектебіміз ашылған алғашқы жылдары оның тарихы мен өлке тарихын зерттеуге бағытталған мектеп мұражайы құрылған болатын. Аталмыш мұражайдың атаулы бөлігі алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханға арналған. Өткен жылы сәл саябырлап қалған мұражай жұмысы қайта қолға алынып, мұражайымыз жаңа материалдармен толықтырылды. Мектеп ұстаздары мен шәкірттерінің жасаған еңбегі арқасында мұражайда ұлы баба өмірінің түрлі кезеңінен мағлұмат беретін құнды құжаттар мен материалдар жинақталған. Әлихан Бөкейханның туған жерінен бастау алып, білім алып, қызмет етіп жүріп өткен жолын бейнелейтін картадан бастау алған жәдігерлер біртіндеп ұлы баба өмірінің түрлі кезеңінен сыр шерткендей. Әлиханның шыққан тегі туралы білгіңіз келсе, мұражайдағы шежіреге назар аударуыңызға болады. Қоғамдық-саяси қызметі бөлімінде Әлихан Бөкейханның түрлі салада жасаған еңбегі туралы құнды деректер жинақталған. Мұражайда мектеп оқушылары және жас әлихантанушылар дара тұлғаның өмірінің түрлі кезеңдерімен, шығармаларымен, еңбегімен танысып қана қоймай, шәкірттеріміз Әлиханның халқы үшін жасаған өлшеусіз еңбегін насихаттап келеді.
Бабамыздың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында мектебімізде жас ұрпақ санасында Әлихан Бөкейхан бейнесін танытуда қала мектептерінің педагогтары мен оқушылары арасында «Алаш көсемі – Әлихан» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Конференцияға ұсынылған әрбір материал, ұлы баба өмірі мен қызметін насихаттауға бағытталған түрлі мақалалар жинаққа енгізілді.
Сондай-ақ, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Әлихан бабамыздың 150 жылдық мерейтойы аясында мектебімізде түрлі шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі Қарағанды облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Алаш мұраты және Тәуелсіз Қазақстан» аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияға мектеп мұғалімдері қатысып, өз зерттеулерін ұсынса, әлихантанушы ғалымдар – Сұлтанхан Аққұлы, Қайырбек Кемеңгер мектебімізде қонақта болып, мектеп мұражайымен танысуы біз үшін үлкен мәртебе. Кездесудің екінші бөлімі мектебіміздің жиын залында жалғасын тауып, Әлиханды зерттеп жүрген жас зерттеушілер көкейде жүрген сұрақтарын ортаға салып, ғалым ағаларының пікірі мен бағыт-бағдарын тыңдады.
Білім ордасында өтетін «Әлихан – тәуелсіздік жаршысы» атты жас ақындардың қалалық жыр мүшәйрасы игі бастамалардың бірі. Мүшәйраға қала мектептері оқушыларының Әлихан мен Тәуелсіздік тақырыбындағы жалынды жырлары енгізілді.
Ел қамы үшiн басын бәйгеге тігіп, соңына өлмейтін өнеге қалдырған, тұлғасы өзгеше ұлт перзенті Әлихан Бөкейханның қазақ тарихындағы орны бөлек екені сөзсіз. Ол ұлт мүддесін өз ұстанымынан жоғары қойған ұлт-азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, Алашорда өкіметінің негізін қалаушылардың бірі. Әлихан Алаштың шын көсемі және болашақ ұлт көсемдерінің тұлғалық, кісілік бейнесіне үлгі болып, қазақпен бірге жасай бермек.
«Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп өткен алаш ардагері Әлихан Бөкейханның еңбегін зерттеп, насихаттау барлығымыздың міндетіміз деп есептеймін. Сондықтан, бұл үлкен істерге бастау болар алғашқы қадамдарымыз өз жалғасын таба бермек.
Жайран РАКИШЕВА,
Ә.Бөкейхан атындағы №76 орта мектептің тарих пәні мұғалімі.