Білім миграциясының мәнісі
Бір кездері «Шетелде білім алып келді» деген сөз сирек айтылатын. Қазіргі уақытта шекара асып, білімін жетілдірген жастардың саны едәуір. Білімнің өмірдегі маңызын терең түсінген жастар мен ата-аналар жоғары білім алудың ең тиімді жолдарын іздеуге ұмтылады. Сол ең тиімді жолдың бірі – шетелде оқу деп санайды. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарының филиалдарын ашуға қатысты тиісті орындарға тапсырма бергені де мәлім. Бүгінде мемлекет қол қусырып отырған жоқ. Бұған қадамдар жасалуда. Бірақ, білім іздеп, шекара асқан жастар легі әлі де қалың.

Неге? Бұл таңдауға әсер ететін негізгі фактордың бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі. Қазіргі таңда ҰБТ көптеген талапкерлер үшін үлкен жауапкершілік пен психологиялық қысым тудыратын кезеңге айналды. Бір ғана тестілеудің нәтижесі грантқа түсу, не түспеу мәселесін шешетіндіктен, кейбір жастар өз мүмкіндігін толық көрсете алмай жатады.
Мысалы, 2024 жылы тестке шамамен 186 мың мектеп бітіруші тіркелген. ҰБТ аяқталған кезде шамамен 181 мыңнан астам талапкер тест тапсырған. 2024 жылғы ҰБТ-дан шекті баллды шамамен 71-76% талапкер жинаған. Орташа балл – шамамен 64-68. Ең жоғары балл 136 балдан жоғары шыққан. Біреудің бағы жанып, аз балмен жоғары оқу орнына түсіп кетті. Кейбір түлектер қанша балл алса да, түсе алмады.
Енді олар не істейді? Әрине, ақылы бөлімге түседі, оның өзінде оқу ақысы қымбат. Көп университеттерде оқу ақысы жыл сайын өсе береді. Бұған біреудің жағдайы жеткенмен, кейбірінің жағдайы келмейді. Мемлекет жыл сайын мыңдаған білім гранттарын бөлсе де, бұл жеткіліксіз. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, алдағы үш жылда ұлттық университеттерде бір студентті оқытуға бөлінетін орташа қаржы – 1,04 млн теңге болады. Бұрын бұл көрсеткіш 920 мың теңге болған.
Осыған байланысты талапкерлер баламалы жол ретінде шетелдік жоғары оқу орындарын қарастырады. Онда оқу орнына қабылдау кезінде мектептегі үлгерім, тіл білу деңгейі, жеке қабілеттер ескеріліп, талапкерге өзін жан-жақты танытуға мүмкіндік беріледі. Оқу ақысы да біздің елмен салыстырғанда арзан, тіпті, ҰБТ-сыз грантқа түсуге мүмкіндіктері бар.
Білім сапасы да әлдеқайда жақсы. Көптеген дамыған елдердегі жоғары оқу орындары халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді. Ондағы оқу бағдарламалары заман талабына сай, тәжірибеге негізделген және студенттің өздігінен ойлау қабілетін дамытуға бағытталған. Шетелдік университеттерде студенттер тек теориямен шектелмей, зертханалық жұмыстарға, ғылыми жобаларға, тәжірибелік сабақтарға белсенді қатысады. Бұл болашақ маманның өз саласын терең меңгеруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқытушылардың кәсіби деңгейі, академиялық еркіндік пен әділ бағалау жүйесі де жастарды қызықтырады.
Шетелде оқуға түсу мүмкіндігің молдығын сонда оқып, қызмет етіп жүрген отандастарымыз да растайды. Мәселен, Аpply.kz компаниясының негізін салушы Досымжан Ғабдығалым шетелде тек ауқатты отбасының балалары ғана білім ала алады деген пікірге келіспейтінін, шетелдік оқу орындарында оқуға әркімнің мүмкіндігі барын атайды.
– Шетелге кез келген талапкер түсе алады. Шетелге оқуға түсу үшін ҰБТ нәтижесі керек те емес. Менің ойымша, оқуға түсу сұранысы жоғары елдер – қазақстандықтар үшін оңай немесе өмір сүру арзан елдер, мысалы Қытай, Словакия. Магистратураға Италия, Германия көп грант бөледі. Бакалавр бойынша Словакияны атап айта аламын. Сондықтан, білім алғысы келетін адамға еш кедергі жоқ. Сонымен қатар, шетелде тек ауқатты отбасының балалары ғана білім ала алады дегенге келіспеймін. Гранттар өте көп шетелде. Көптеген ата-ананың жіберетін қателігі – баламен ақылдаспай, ұнамайтын елге немесе мамандыққа шетелге жіберу. Ол мүлдем дұрыс емес, кейін баланың ынтасы кетіп, оқуға көңіл бөлмей, шыдамай елге қайтады. Сонда былай қарап тұрсаңыз, баланың қанша уақыты босқа кетеді.
«Егер қорапқа алмаз салсаң, бағалы, әдемі қорап болады, егер қорапқа қоқыс салсаң, қоқыс жәшігі болады» деген сөз бар. Адамның миы да сондай. Біз талапкерлерге дәл Словакияға оқуға түсуге көмектесеміз. Бұл елде шетелдіктер үшін словакия тілінде тегін білім алу мүмкіндігі бар. Біз құжат жинаудың алғашқы кезеңінен бастап, Словакияда үш жылға дейін уақытша тұруға толық қолдау көрсетеміз, – дейді Досымжан Бахытжанұлы.
Шет мемлекетте оқу – мүлде басқа ортада өмір сүру деген сөз. Әртүрлі мәдениет, салт-дәстүр, өмір салтымен танысу жастардың ой-өрісін кеңейтеді. Олар өзге елдің құндылықтарын көріп, салыстыра отырып, өз ұлттық болмысын тереңірек түсіне бастайды. Көпұлтты ортада білім алу жастарды төзімділікке, өзге пікірді құрметтеуге, ашық ойлауға тәрбиелейді. Бұл қасиеттер қазіргі қоғамда қажет-ақ. Себебі, бүгінгі еңбек нарығында тек білімді емес, сонымен қатар, коммуникацияға қабілетті, икемді, әлемдік деңгейде ойлай алатын мамандар қажет.
Динара ҒАБДЫҒАЛЫМ



