Жаңалықтар

Білім мен ғылым ордасы

Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев білім алған Қарағанды политехникалық институты, бүгінде ҚарМТУ ХХІ ғасырдың заманауи жоғары оқу орындарының қатарында. Қазір Елбасы ұстанған индустриалды-инновациялық саясатының және мемлекеттік бағдарламаларының, жолдаулары мен бес әлеуметтік бастамасының шеңберінде Университет ұжым болып қабылдаған Кешенді бағдарлама бойынша қарқынды жұмыстар жүргізуде. «Туған жер» бағдарламасына сәйкес 2017 жылдың көктемінде «Профессорлар аллеясы» ашылды, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізі, қайнар көзі – қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық Қарағандыда ең алғаш ҚарМТУ кітапханасына жеткізіліп, студенттер мен профессорлық-оқытушы құрамының игілігіне айналды.

Мақтанышымызға айналған Білім мен ғылым ордасында білім алып, түрлі қызметтер атқарған кездерімде оның ректоры тау-кен ісінің атағы әлемге әйгілі ғалымы, жоғары білім беру саласының дарынды ұйымдастырушысы, отандық тау-кен өнеркәсібінің дамуына зор үлес қосқан кәсіпқой маман академик Әбілқас Сағынов еді.
Ректор Ә.Сағынов кадр мәселесіне ерекше мән берді. Оқытушылардың біліктілігі өте жоғары, оқыту үрдісі сапалы түрде жүргізіліп, білім алушыларға қатаң талаптар қойылды. ЖОО-ның жоғары нәтижелерге жетуін өзінің ғылыми мектебін құрған заңғар ғалымдардан жасақталған кафедралар, оларды басқарған меңгерушілер қамтамасыз етті. Осындай көреген саясаттың арқасында атақты «политех» сағат механизмі тәрізді тоқтаусыз, табысты жұмыстарымен ерекшеленді, үнемі даму үстінде болды.
Әбілқас Сағынұлы әріптестеріне жас-кәрісіне, біліктілігіне, тәжірибесіне қарамастан, әрқашан ерекше кішіпейілділікпен көмектесуге дайын тұратын. Академиктің төрағалығымен жүргізілетін ғылыми, диссертациялық және басқа да кеңестер әрдайым шығармашылық атмосферада өтетін. Жиналысқа қатысушылардың күн тәртібіндегі мәселелерді талқыға салып, өзара кеңесіп, ақылдасуының арқасында әрдайым тиімді шешімдер қабылданатын, институт ұжымының алдында өзекті мәселелер қойылатын. Бірінші басшы ретінде жергілікті биліктің, ірі өндірістік кәсіпорындар мен ұйымдардың бірінші басшыларымен тікелей тығыз байланыста болды және сол арқылы оқу орнының проблемаларын нәтижелі түрде шешіп отырды.
Студенттерге, әсіресе, олардың өзін-өзі басқару мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Олар жатақханалармен толықтай қамтамасыз етілді. Заманға сай жабдықталған оқу зертханалары, кітапханалар мен оқу залдары білікті мамандар дайындауға қажетті талаптарды толықтай қамтамасыз етті. Студенттер білім алумен қатар еңбек тәрбиесіне де кеңінен тартылып, жергілікті ЖОО арасында студенттердің ең ірі құрылыс отрядтары осы жерде жасақталды, Ресейдің, өңірдің ірі құрылыс нысандарында өндірістік тәжірибелер ұйымдастырылып, студенттер жазғы маусымда өздерінің тәжірибелік дайындығын шыңдауды материалдық табыс табумен ұштастырды
Ұлттық кадрлар дайындау саясаты да ректордың ерекше назарында болды. Біз сияқты шалғай ауылда өскен, орыс тіліне шорқақ қазақ студенттеріне әкелік қамқорлық жасағанына өзім тікелей куә болдым. Осындай дер кезінде қолданылған ақылды шараның нәтижесінде қаншама қазақ мамандары дайындалды.
Айта кету керек, Қарағанды политехникалық институтының Балқаштағы жалпытехникалық факультеті қаладағы жалғыз кешкі жоғары оқу орны ретінде өңірдегі металлургия, құрылыс және көлік салаларындағы өнеркәсіптік мекемелер үшін инженер мамандар дайындаудың негізгі көзі болды. Өйткені, кешкі факультетті бітірушілердің көпшілігі ЖОО-ның теориялық тұрғыдан ең қиын дайындық кезеңінен өткеннен кейін, аяқталмаған жоғары білімді мамандар ретінде қалған оқу мерзімін жергілікті өндірістен қол үзбей, Қарағанды политехінде жалғастырды. Сонымен қатар, Балқаштың жалпытехникалық факультеті білім ордасында сырттай оқитын қала тұрғындарына кеңес беруге және өңірдегі өндірістің түрлі салаларындағы мамандардың біліктілігін арттыруға арналған орталық ретінде Қарағанды ғалымдары мен оқытушыларын шақырту арқылы қосымша қызмет атқарды.
Балқаштағы Қарағанды политехінің жалпытехникалық факультетінің осындай табыстарына жетуіне жетекші болған белсенділердің қатарында партия ұйымының хатшысы, аға оқытушы Н.Антощенко, деканның орынбасары, доцент Т.Даникина, кафедра меңгерушілері Г.Цой, Е.Фех, іс жүргізуші, аға оқытушы Л.Сверкунова, кітапхана меңгерушісі И.Цыганкова болды.
М.Горбачевтің қайта құру саясатына сәйкес, жоғары білім беру саласында Одақ көлемінде реформалар жүріп жатты. Көп ұзамай Балқаш факультетінің жабылғаны туралы Министрдің бұйрығы жетіп, мен «туған» политехыма қайтып оралдым.
1996 жылы Қарағанды политехникалық институты университет дәрежесін алды. Бүгінгі күнде іргетасын академик Ә.Сағынов қалаған Орталық Қазақстандағы ең ірі оқу орны – ҚарМТУ-ды өзінің түлегі, техника ғылымдарының докторы, профессор, облыстық мәслихаттың депутаты, ректор Марат Кеңесұлы Ибатовтың басшылығында. Ректордың бастамасымен 2017 жылдың ақпанында Цифрландырылған университет департаменті ашылып, ғылыми-әдістемелік, іс жүргізу, кітапхана қызметін, ақпараттандыру жүйесін, оқыту үрдістерін орындау жұмыстары электрондық форматқа көшірілуде, яғни, автоматтандырылуда.
Тарихтан тағылым алу бізге парыз. Қарағанды политехінің 65 жылдық мерейтойы қарсаңында оның негізін салушы ұлы ұстазымыз академик Ә.Сағыновтың жарқын бейнесін, ізгілікті істерін және өскелең ұрпақ үшін қалдырған бай мұрасын үлкен құрметпен және сағынышпен еске аламыз, сондай-ақ, ол кісінің жақсылық асыл қасиеттері егеменді Қазақстанның азаматтарына Отанының мүддесі үшін аянбай қызмет жасаудың үлгісі бола беретініне сенімдіміз.

Есен УТЕНОВ,
ҚарМТУ-дың профессоры,
техника ғылымдарының докторы,
ҚР ЖОО-ның үздік оқытушысы,
Қазақстанның құрметті құрылысшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button