Білім бастауындағы ұстаз

     Биыл ұстаз, білікті маман «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», халықаралық шығармашылық бірлестігінің «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері Ғазиза Ғабдоллақызы СМАҒҰЛОВАНЫҢ Қарағанды облыстық мұғалімдер біліктілігін арттыру институтында табан аудармай қызмет етіп келе жатқанына – жиырма бес жыл. Азаматтық болмысы айқын ұстаздарды ұлт тәрбиешісі деуіміз керек. Көптің мүддесіне арналған әр ісі ел игілігіне жараған ағартушы жанды жұртқа жан-жақты насихаттау бізге парыз. Ертеңге – өнеге.

     Бергісі мектептен, арғысы ата-ананың асыл мінезі, ақ сүтімен келген жүйелі білім біздің кейіпкер Ғазиза Ғабдоллақызын ерекше зерек ұстаз болып қалыптасуына көп септігін тигізеді. Еңбек жолын 1976 жылы Қарқаралы ауданына қарайтын Арқалық ауылында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастап, кейін аудандық білім бөлімінің әдіскері қызметіне кіріседі. Осы жылдар ішінде оқушыларға таным белсенділігін арттыруға арналған оқу құралын жазып, Қазақ ССР оқу министрлігі арқылы 1987 жылы бүкіл республика мектептеріне таратылады.

    Бойдағы намыс пен жігердің, ар мен ұяттың, қажыр мен қайраттың нәтижесі білім мен білікке келіп ұштасқан уақытта адамның қоғамдағы қызметі мен ортадағы орны жоғары сатыға санамалап емес, самғай өрлейтіні белгілі. Ғазиза ұстаз да 1991 жылы облыстық білім басқармасының шақыртуымен жоғарыда айтып өткен Қарағанды облыстық мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтына қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі болып тағайындалады. Институтқа келген күннен тәуелсіз Қазақстанның жаңа білім беру стандартын жүзеге асыруда, әсіресе, оқу орыс тілінде жүретін білім ұйымдарындағы мемлекеттік тілді оқытуды сапалық деңгейге көтеруге бағытталған жұмыстарды дереу қолға алады. Өзі осы саланың білгір маманы ретінде қазақ тілінің өрісін кеңейту үшін, әсіресе ана тілін жетік білетін кадрларды даярлауда аса қажетті жаңа оқу курстарын ашып, оқу бағдарламаларының құралдарын жасап, оқулықтар шығарады. Ғылыми мақалалар жариялайды. Мәселен, «Ресурстық орталық жағдайында бейіндік оқыту» әдістемелік құралы, «10 сыныпта «Қазақ әдебиетін» оқытуға арналған силлабус», «Қазақ тілін деңгейлеп оқытуға арналған оқу-әдістемелік кешендер» сынды еңбектері жалпы білім беретін мектептердің оқу-тәрбие үрдісінде қолданылып келеді. Сәйкесінше, 2014 жылы «Қазақ әдебиетін 5 сыныпта» «Блум» таксономиясы бойынша оқыту» әдістемелік құралы республикалық конкурста І орын иеленуі, 2015 жылғы «Критериалды бағалау технологиясы» бойынша, сол жылы «PISA» оқу сауаттылығы бойынша сертификаттардың иегері атануы аталған еңбектің еленгені болып саналады.

    Жалпы қырық жылғы еңбек өтілінің 2006-2013 жылдары аралығында аталмыш институттың қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы кафедра меңгерушісі болып жұмыс жасаған кезеңде де оқу орыс тілінде оқытылатын мектептерде мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту мәселесін көтеріп, осы жобаның облыс мектептерінде жүзеге асуына басшылық жасайды. Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға байланысты 80-нен астам ғылыми мақалалар мен еңбектері халықаралық, республикалық басылымдарда жарияланып тұратын жоғары санатты ұстаз бүгінгі таңда 2013 жылдан бастап «Өрлеу» БАҰО АҚФ Қарағанды облыс бойынша ПК БАИ «Тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы ретінде жұмыс жасап келеді.

    «Білім инемен құдық қазғандай» деп тегін айтылмаған. Ғылымдағы өзінің сара жолын салып, үнемі ізденісте келе жатқан Ғазиза Ғабдоллақызы – осы саладағы бірегей тұлға.

    2011-2014 жылдар аралығында облыстық «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасындағы танымдық-тәрбиелік «Ізгілік сабағының» жүргізушісі болып, ұлттық құндылықтарды насихаттау, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамыту бағытындағы тақырыптарды қаузайды. 2014 жылдан бергі «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі ретіндегі атқарған қыруар еңбектер де осы қоғамдық жұмыстардың бір парасы.

    Жұмыс істеу бар да, сол жұмысты жасампаздық жолға салу бар. Бұл – шәкірттер арқылы жүзеге асатын ұлағатты да шарапатты іс. Осы бағытта да, яғни ұстаздық жолда Ғазиза Смағұлова жемісті еңбек етіп келеді. Атқарған жұмыстарына байланысты 2004 жылдары I, II республикалық педагогикалық оқулардың жеңімпазы, 2006 жылы Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері атағы, 2012 жылы «Абылай ханға 300 жыл» алтын медалі иегері атануы – байыпты да байсалды жанның лайықты бағасы деп білеміз.

    2002 жылдан бастап Қазақстан оқу Ассосациясының тренері, 2013 жылы Қазақстан Республикасы филолог-мұғалімдері І съезінің делегаттығынан басқа, 2000 жылдан бері Абай-Шәкәрім кесенесінде дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан республикалық Абай оқуларын облыста тұнғыш ұйымдастырушылардың бірі, әрі республикалық оқудың қазылар алқасының тұрақты мүшесі ретінде есімі ерекше аталады.

   Ол мемлекеттік тілдің қолдану аясын дамыту үшін ұйымдастырылып жүрген «Жарқын болашақ» республикалық KATEV қазақ тілі олимпиадасының өтуіне үлкен үлес қосуда. Осы енбегі үшін бірнеше рет «KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры президентінің Алғыс хаттарымен және марапатталған.

    Осы жылдар ішінде Ғ.Смағұлова қазақ тілі мен әдебиетін оқытуды дамыту мақсатында білім беру ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Онлайн семинарлар, вебинарлар, шеберлік сағаттары, медиа сабақтар, педогикалық шеберхана сияқты жұмыс түрлерін кеңінен жүргізіп келеді.

    Ағымдағы жылдың өзінде Ғ.Смағұлованың басшылығымен «Тілдік мақсаттарға жетуге жетістік критеийн қолдану» онлайн семинар, «Үш тілді білім беруде оқу сауаттылығы» тақырыбында вебинар өткізілді. Қазақстан Республикасының Тәуелсідігінің 25 жылдығына арналған жалпы республикалық «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызының мамандарымен бірлесе отыра Балқаш қаласында Ы.Алтынсариннің туғанына 175 жылдығы аясында қазақстандық этнопедагогиканы қалыптастырудағы бірізділік пен тұтастықты қалыптастыруға арналған педагогикалық слетқа қатысты.

    2005-2016 жылдары Қазақстан Респубикасы білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығында қазақ тілі мен әдебиеті бойынша сарапшы болып шақырылып тұрады. 2016 жылы жаңартылған білім мазмұны бойынша жасалған оқулықтардың сарапшысы ретінде нәтижелі жұмыс жасағанын ерекше атап өтеміз.

    Шәкірттері республиканың барлық білім беру салаларында, ЖОО-да табысты еңбек етуде. Тек біктілікті арттыру жүйесінде өзімен бірге қызмет атқарып жүрген шәкірттерді атауға болады. Олар, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ-ның тренерлері Б.Айткенова, М.Сүлейменов, М.Мукушева, Ж.Тойымбекова.

     Қорыта айтқанда өнер кенішінен, білім бұлағынан бастау алған небір дарынды ұлдар мен қыздардың шығармашылығын шыңдап, тек кәсіби білікті маман ғана емес, парасатты да мәдениетті тұлға болып қалыптасуына айырықша көңіл бөліп келе жатқан Ғазиза Ғабдоллақызына халқына жасап келе жатқан қызметі туралы алғыс айта келіп, алдағы істеріне сәттілік жолдас болсын дейміз.

Мирас АСАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.