Біліктілікті арттырған білім бәйгесі
Адам жанына араша мейірбикелер қашанда сұранысқа ие. COVID-19 кезінде білекті сыбанып, өзінен бұрын, науқас өміріне араша түскен дәрігерлер апталап, айлап үй бетін көрмей жұмыс атқарды. Өмірдің бір жарқ еткен сәулесі үшін күресуде ақ халатты батырлар ерлік жасады. Осы ерліктің әдемі үлгісін Қарағандыдағы жоғары медицина интерколледжінің білікті медбикелері де көрсеткен болатын.
Жақында білім ұйымында өткен республикалық олимпиада білікті жастардың басын қосты. Медицина саласында ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан медицина ғылымдарының кандидаты Аманжол Нұрбекұлы өз тәжірибесін жастармен бөліспек үшін Таутан Жарықпасовамен бірлесіп колледж ашқан болатын. «Елімізде медицина саласында мамандар жетіспеушілігі жылдан жылға артып келеді. 1981-2019 жылдар бойы жинақталған тәжірибені ескеріп, болашақ орта буын медицина саласының мамандарын оқытуды қолға алдық. Мейірбике қызметі терең білім мен машықты қажет етеді. Ұйымдастырылған олимпиада еліміздің жоғары оқу орындарындағы үздік жастарды анықтады», – дейді Аманжол Нұрбекұлы.
Республикалық олимпиада «Гигиена және эпидемиология» мамандығының даму мәселелері мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға жалғасты. Конференцияға 15 мақала ұсынылғандықтан, болашақ мамандар даярлаудағы өзекті мәселелер бойынша 6 баяндама тыңдалды. Студенттер нақты нысандар мен жағдайлар бойынша іс жүзінде тәжірибе алды. Дәстүрлі академиялық дайындықпен қатар студенттер коммуникация, ұйымшылдық және көшбасшылық қабілеттерін дамытты. Бұл тәжірибе алдағы уақытта ұжым болып тиімді жұмыс істеуіне, алдын алу шараларын жүргізуге және тұрғындарды гигиена мен эпидемиологияның маңызды аспектілері бойынша оқытуға септігін тигізбек. Республикалық студенттік олимпиадаға «Гигиена және эпидемиология» мамандығы бойынша 6 колледждің студенттері қатысты. Оқушылар жоғары білім мен біліктіліктерін көрсетті. Қатысушылар мен олардың тәлімгерлері олимпиадаға және конференцияға қатысқаны үшін сертификаттар алды. Талдықорған жоғары медициналық колледжінің үздік студенті Эльвира Амандосова 1 дәрежелі дипломмен, Көкшетау жоғары медициналық колледжінен келген Илез Яндиев ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Қарағанды жоғары медбикелер колледжінің студенті Қызғалдақ Ыбырай ІІІ дәрежелі диплом иеленді.
– Мейіргерлер науқастарға отадан кейінгі алғашқы қадамдарды жасауға, ауруларды емдеуге көмектеседі. Көбіне медициналық мекемелердегі барлық жұмыстардың 80%-дан астамы мейіргерлер істейді. Таңғыштарды ауыстырып, қысымды өлшеп, температурасы мен жалпы жағдайын бақылайды. Олардың мейірімді жүрегі науқасқа өз күшіне сенуге көмектеседі. Маған мейіргерлік мамандық ұнайды, бұл науқасты емдеу кезіндегі кез келген жағдайда оңай шешім қабылдауға көмектеседі. Тәжірибе жинайтын үлкен мектептің бастауы, – дейді олимпиада жүлдегері Қызғалдақ Ыбырай.
Интерколледж оқытушылары 2016 жылы ашылған оқу орны небәрі 5 жыл ішінде өз мәртебесін лайықты қалыптастырғанын айтты. 60-қа жуық оқытушылар құрамы студенттерге мейіргер ісі, емдеу ісі, фармация мамандықтарын игертуде. Колледждің материалдық-техникалық базасы нығайған, педагогикалық кадрлар әлеуеті жоғары, іргелі де бірегей оқу орнына айналды.
Колледжаралық білім беру нарығының бәсекеге қабілеттілігі үшін Чехия Республикасы, Свердловск медициналық колледжімен, «Республикалық медициналық колледж» мемлекеттік білім беру мекемесімен, Душанбе қаласының «Медициналық-әлеуметтік колледжі» ЖШС-мен тығыз байланыста. Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей елдерімен серіктестікке отырып, алдағы уақытта дуалды білім беру жүйесін енгізбек.
– Бүгінгі танда 1500-ге жуық студент білім алатын Қарағанды жоғары медициналық интерколледжі мамандықтарды даярлауда жемісті еңбек етіп, 400-ге жуық түлектерді оқытып шығарды. Білім мен медицина саласын қатар ұштастырып келе жатқан колледж 2020 жылы Халықаралық институционалды және мамандандырылған аккредитациядан өтіп, Денсаулық сақтау министрлігінің шешімі бойынша «жоғары» статусқа ие болды. Іргелі білім ордасы мейіргер ісі, емдік акушер, фармация, лабораториялық диагностика ісі, акушер, ортопедиялық стоматология, гигиена және эпидемиология, стоматология бойынша маман дайындайды. Студенттерге қосымша білім беруде «Жас кәсіпкерлер» орталығы Лондон қаласымен Capitai city college group бағыты бойынша жұмыс жасайды. Биылғы оқу жылынан бастап «Тігін техникасы» қосымша мамандық ретінде оқытылуда, – дейді колледж директоры Аманжол Нұрбекұлы.
Студенттердің бос уақытын ынталандыруда колледжде «Жігер» жастар ұйымы жұмыс жасап тұр. Талапты студенттердің басын қосқан ұйым шығармашыл жастар ортасына айналған. Жастар республикалық «Үздік фармацевт» байқауының бірнеше мәрте жеңімпазы атанған.
Білім мен медицина саласын қатар ұштастырып келе жатқан колледж жастардың келешегіне жол сілтеп, болашаққа нық сеніммен аттандыруда. «Үздіксіз білім беру» орталығында оқуын тәмамдаған студент жоғары білім алып, біліктілігін арттырып, толық қалыптасқан бәсекеге қабілетті маман иесі болып шығады.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz