Билік пен кәсіпкер – диалог алаңында
Жергілікті билік пен кәсіпкерлердің диалог алаңында кәсіпкерлердің түйінді проблемалары біртін-біртін шешіліп келеді. Қарағанды облысы әкімдігінің жанындағы кәсіпкерлік жөніндегі комиссия – ашық әңгімеге арқау. Осы аз уақыт ішінде бизнестің басындағы ахуал біршама түзеліпті. Тариф қалыптастыру, жер телімдерін алу, жолаушылар тасымалы сынды өзекті проблемалардың томардай түйіні тарқатылыпты.
Әдеттегідей, облыс әкімі Ерлан Қошанов бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалысын сұраудан бастады отырысты. Мәселелердің сол айтылған жерінде қалып қоймай, шешімін табуын жіті назарда ұстау үшін бұл тиімді. Сондықтан, күн тәртібіне шығарылған бес мәселенің алғашқысы – осы тапсырмалардың тыңғылықты орындалысы. Ол туралы облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров мәлімдеді.
Сонымен, бизнес қауымдастықпен бірге қарастырылған жер учаскелеріне қатысты аукционды өткізу және базалық ставкалар туралы мәселеге қатысты облыс әкімінің орынбасары С.Шайдаровқа тапсырма берілген.
Бүгінде Қарағанды қаласында 43 жер теліміне 2 аукцион өткізіліпті. Жыл соңына дейін 70 жер телімі бойынша 3 аукцион жоспарлануда. Сонымен қатар, Жер кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты аукционға орай жер учаскесін берілмеген жағдайда әкімдіктер аталған учаскеге сол күннен бастап, тоғыз күн ішінде аукцион өткізуі тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, аукционды өткізу мерзімін бұзғандығы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
Базалық ставкаларға келетін болсақ, Шахтинск қаласында елді мекендер арасындағы жер учаскелерінің шекараларын анықтау үшін конкурс өткен. Одан соң жер телімінің базалық ставкалары дайындалып, жер қатынастары басқармасы және мәслихатқа келісімге берілетін болады.
Тарифті қалыптастыру комиссияның ұдайы назарында. Алайда, нақты шешім әлі қабылданбаған көрінеді. Жолаушы тасымалына және тарифке қатысты комиссия құрамына кәсіпкерлерді енгізу туралы мәселе бойынша жоба дайындалып, қол қою үдерісінде екен. Қарағанды қаласында жолаушыларды электронды билетпен қамту жөнінде қала әкіміне электронды билет жобасын енгізуді қарастыру тапсырылған. Алмас Айдарұлының айтуынша, бұл тапсырманы іске асыруда екі нұсқа – «SmartCard (СмартКард)» алматылық компаниясы және «Смарт Сити» бағдарламасы аясында «Смарт ЖКХ» бойынша ұсынылуда. Электронды билеттің қанатқақты жобасының жүйесін енгізуді 2018 жылдың 1 қаңтарынан қолға алу жоспарлануда. Ал, заңсыз жолаушы тасымалында шілде-тамыз айларында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген 65 заңсыз жолаушы тасымалы анықталған. Нәтижесінде олардан 2 млн.теңгеге жуық салық өндірілген. Сондай-ақ, мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту, бос ғимараттарды анықтап, инженерлік-коммуникация желісіне қосу, бос жер телімдерінің картасын жасау туралы тапсырмалардың орындалысы хақында баяндалды.
Екінші мәселе – Қарағанды қаласындағы жобаларды егжей-тегжейлі жоспарлаудың проблемалары. Бұған жеке кәсіпкер Мұрат Байысбай тоқталды. Оның хабарлауынша, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасы бірнеше рет жоспарлауға қатысты өтініш білдірген. Алайда, нәтиже жоқ. Өйткені, кәсіпкерлер палатасына бүгіне дейін бизнес өкілдері шағымдануын қойған жоқ дейді кәсіпкер. Кәсіпкердің сөзіне үңілсек, өз иеліктеріндегі жер телімдерін кәсіпкерлер қауымы мақсатты пайдалана алмай жүр. Бас прокуратура тексеріс кезінде мемлекеттік органдарға жоспарлауға енбеген 71 жер теліміне қатысты заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқау берген. Кәсіпкер мұндай жағдайлар сыбайлас жемқорлықтың орын алатынын, бизнес климатқа кері ықпал ететінін айтады. Бұл арада құзырлы орындардың әрекеттеріне де кәсіпкер риза емес. Сол себепті кәсіпкер комиссия отырысында егжей-тегжейлі жоспарлауға түзетулер енгізу үшін бюджеттен келер жылға қаражат қарастыруды өтінді.
Бұдан соң техникалық қызметтерді ұсыну шараларын жетілдіру, электрэнергиясына дифференцияланған тариф жөніндегі ұсыныстар, ішкі істер органдары мен қоғамның денсаулығын сақтайтын ұйымдардың әрекеттеріне шағымдар да талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселелердің әрқайсысына қатысты тапсырмалар берілді. Келесі отырыста олардың шешімі, орындалысы да назардан тыс қалмақ емес.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.