«БИЛ – озат өрендер ордасы»

Қарағандыдағы №1 «Білім-инновация» лицейінің білім беру жүйесі – заманауи талапқа сай дегенді жиі естиміз. Өйткені, білім ошағынан шет ел тілдерін меңгеріп шыққан оқушылар әлемнің үздік оқу орындарынан білім алуда. Жылда осы уақытта 500-ден астам оқушы лицей түлегі атануға ұмтылып, іріктеу конкурсына қатысады. Іліккендер лицейдің 7-сыныбына қабылданады. Ата-аналардың сұранысы бойынша лицейдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында аталмыш оқу ордасының директоры Қанат ЕГЕНБЕРДИЕВТІ әңгімеге тартқанды жөн көрдік.

Қанат Әлімжанұлы, «БИЛ» дегеніңіз кезіндегі «ҚТЛ» ғой? Нақтылап жіберсеңіз…

– Иә. 1992 жылдан бастап «Қазақ-түрік лицейлері» (ҚТЛ) деген атпен Алматы, Астана қалаларында, барлық облыс орталықтарында, кейбір жеке қалаларда ашылғанын білесіздер, бүгінде олардың саны 30-дан асады. Кейіннен «Білім-инновация» лицейлері болып өзгерді. Қазіргі «Білім-инновация» лицейлері – Қазақстандағы ең алғашқы мамандандырылған, ағылшын тілінде білім беретін білім беру ұйымдары. Аталған білім ошақтарында 2004 жылдан қызмет атқарып келемін. Қарағандыдағы ер балаларға арналған лицейде 2018 жылдан бері басшылық қызметтемін.

Өзге өңірден келген Сізге қарағандылық оқушылар несімен ерекшеленді?

– Қарағандылықтар басқа өңірдегі мектеп оқушыларынан білімді игеруі әрі жедел меңгеруімен ерекшеленді. Өйткені, лицейдің білім беру жүйесі – ерекше. Себебі, 7-9 сыныптарда ағылшын тілі Кембридж бағдарламасымен тереңдетіп оқытылады. Сондай-ақ, оқушылар көбінесе физика, химия, биология, география пәндерін таңдайтындықтан, пәндерді тереңдетіп, ағылшынша оқиды. Сол себепті, жыл сайын облыс төңірегіндегі жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқуға қабілетті балаларды іздестіреміз. Оқушыларымыз да басқа мектеп оқушыларынан бірнеше тілді (қазақ, ағылшын, орыс, түрік, кейіннен – неміс) меңгеруімен ерекшеленеді.

Лицей үштілділікке ерекше мән береді дейсіз ғой..

– Дәл солай. «Үш тұғырлы тіл» қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар қойып жарыстыру емес. Керісінше, бұл әр тілді қажетіне қарай лайықты пайдалану деген сөз. Мектеп бітірушілер бірнеше тілді білу арқылы әлемнің кез келген университетіне түсе алады, басқа ел мәдениетін сол елдің тілінде біледі, өзгермелі ортада өмір сүру дағдыларын игереді. Сол себепті, лицей ашылған күннен бастап ана тілін білу, ғылым тілі – ағылшынды меңгеру, орыс тілін құрметтеу, одан басқа түрік, неміс тілдерін өз қалауы бойынша үйрену мүмкіндіктерін қарастырады. Жаратылыстану-математика бағытындағы 5 пән бойынша 8 мұғалім ағылшын тілінде сабақ береді.

Мұғалімдердің оқушыға қояр басты талабы қандай?

– Талап соншалықты күрделі емес. Ұлдарымыз үйрене жүріп, үйретуге құмар. Лицей Жарғысының талаптарына бойұсына жүріп мектеп формасын сақтайды. Ішкі тәртіп ережелеріне бағынуы – міндетті. Ай сайынғы құндылықтарға сәйкес өзін-өзі тәртіпке келтіре отырып, ағалық-інілік ізгілік қатынастарға бейімделеді.

Ағалық-інілік қатынастар демекші, Сіздерде басқа мектептерде кездеспейтін «Әкелер кеңесі» бар екенін білдік. Тиімді тұсын атап өтсеңіз…

– «Әкелер кеңесі» лицейде тәрбиеленуші оқушылардың әкелерінен құрылып, педагогикалық ұжыммен бірлесе жұмыс істейтін алқалы орган. «Әке мен бала достығы – ең қымбат құндылық» ұстанымына негізделген. Бала тәрбиесінде әкенің алар орны ерекше екенін білесіздер. Сол себепті, әкенің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру және мектеппен байланысты нығайту мақсатында құрылды. Лицей жұмысындағы ынтымақтастықты арттыруға үлкен үлес қосып отыр.

«Бил »-да оқығысы келетін немесе баласын Сіздердің лицейге оқуға бергісі келетін ата-аналар нені ескергені жөн? Оқушыны лицейге қабылдау қалай жүреді?

«Білім-инновация» лицейлеріне (БИЛ) 6-сыныпты бітірген оқушылар конкурстық негізде қабылданады. Конкурс екі кезеңнен тұрады. І кезең 60 сұрақтан тұратын тестілеу сынағы (математика – 20, қазақ тілі – 10, Қазақстан тарихы – 10, логика – 20). 100 минут уақыт беріледі. ІІ кезең 75 сұрақтан тұратын тестілеу сынағынан (математика – 35, қазақ тілі – 10, Қазақстан тарихы – 10, логика – 20) тұрады. Оған берілетін уақыт – 120 минут. Сынақтың басты ережесі: 4 қате жауап 1 дұрыс жауапты жояды. Ал, конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттар қатарында оқушының туу туралы куәлігінің көшірмесі, ЖСН, 3х4 фотосы бар.

Қазіргі таңда конкурсқа қатысушыларды тіркеу (01.03 – 20.04.2021ж) онлайн түрінде bilemtihan.kz сайтында жүргізілуде. Қабылдау емтихандары: облыстың аудандары мен қалаларында 17-ші сәуірде, Қарағанды, Жезқазған қалаларында – 24-25-ші сәуірде өткізіледі.

Конкурс талаптарына сай оқушыға белгілі шектеу қойыла ма? Ауыл балаларының үлесі қанша?

– Шектеу жоқ. Жыл сайын конкурсқа (І кезең) шамамен 600-700-дей оқушы қатысады. І кезеңде ең жоғары нәтиже көрсеткен алғашқы 150 оқушы ІІ кезеңге өтеді. Бұл кезеңде 150 оқушыдан ең үздік 52 бала іріктеліп, лицейдің 7 сыныбына қабылданады. Себебі, жыл сайын екі 7-сынып комплектісі қарастырылады. Ал, ауыл балаларының үлесі – 25-30 пайыз. Ауылдан келген балаларға жеңілдік қарастырылмаған.

Жалпы, оқушыларға қай жағынан жағдай жасалған?

– Лицей жанында 250 орындық интернат жұмыс істейді. 2018 жылы күрделі жөндеуден өтті. Барлық оқушылар (100%) жатақханамен қамтылған. Тәрбиеленушілерге (245 ұл бала) күн сайын 3 мезгіл ыстық тамақ, 2 жеңіл ас беріледі. Интернатта балалар үшін демалыс, оқу, шай ішу бөлмелері, теннис, шахмат залдары бар. Спортпен айналысу үшін спортзал, үлкен футбол алаңы, күрес, теннис залдары бар. 20-дан астам түрлі үйірме, секциялар, клубтар мен студиялар жұмыс істейді. Пән кабинеттеріне басқа, олимпиадаға, ғылыми жобаға дайындық бөлмелері оқушыларға арналып жабдықталған. Лицейіміз соңғы 15 жыл бойы «Облыстың ең үздік олимпиада командасы» атағын иеленіп келеді.

Облыстың «ең үздік олимпиада командасын» даярлайтын лицей мұғалімдері оқушыларға Түркия, Малайзия, Америкадан келіп сабақ беретіні қаншалықты рас?

– Бұл жоба 1993 жылдан жүзеге асып келеді. 2010-2016 жылдар арасында ағылшын тілін дамыту мақсатында Америкадан, Филиппин мемлекеттерінен ұстаздар келіп жұмыс істегені рас. Қазіргі таңда оқушыларымызды шет елден білім алып келген түлектеріміз оқытуда. Сондықтан, біздің лицей – озат өрендердің ордасы.

Оқушыларыңыздың инновациялық бағдарламаларды игеруге ден қойғанынан хабардармыз. Озық технологияның қай түрін қолданасыздар?

– Иә, озық білім беру технологияларын сабақтарда қолдану мұғалімдеріміздің дәстүріне айналған. Соңғы жылдары оқушылардың өзін-өзі оқыту қабілетін жетілдіруі әрі жоғары сыныптарда халықаралық SAT емтиханына дайындық үшін мұғалімдер сабақта және сабақтан тыс уақытта Khanacademy.org, CodeHS, ReadTheory, edX сайттарын пайдаланып жүр.

Оқушылар «INTELLECTUMMind Games», «TEDxBIL», «How to learn», Cisco «Internet of everything», «IT essentials» қосымша курстарына қатысады. 7-8 сынып оқушылары Khanacademy.org сайтында «7th Grade Math» және «8th Grade Math» курстарын, CodeHS сайтында информатикадан «Introduction to Python» курсын меңгеріп, сертификатталды, 9-10 сынып оқушылары математикадан «High School Math» курсын, информатикадан «Intro to JavaScript» курстарын аяқтады. «Cisco» бағдарламасы бойынша 10-11 сынып оқушылары «Internet of everything», «IT essentials» курстарынан өтіп, ағылшын тілінде бірнеше пәнді (математика, информатика,физика) қатар меңгеруге, жоғары оқу орнын, болашақ білім саласын таңдауға мүмкіндік алды.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ.