Ресми

Биік мақсат, маңызды меже

Кезекті аппарат жиынында сөз алған аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев ағымдағы аптаның күн тәртібіндегі мәселелерді бірден алға тартты. Яғни, Астана және Домбыра күндерін мерекелеуге қатысты жан-жақты дайындық барысы әрі егіс нау­қанын қорытындылау, ауыл шаруашылығын дамыту сұрақтары қаузалды.

Инфографика жасаған Е.Кеңесбек

Астана күні – ел мерекесі

Елорда мерейін елдік деңгейде асқақтату мақсатында облыстық шеңбердегі кешенді жоспар әзірленіп бекітілген. Онда 100-ден астам түрлі шара көзделді. Соның аясында мерекелік концерттер легі мен бұқаралық спорттық іс-шаралар, қайырымдылық және экологиялық акциялар, челлендждер, фес­тивальдер мен тақырыптық көрмелерді атап өтуге болады. Атаулы мереке қарсаңында өңірлерде көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған әлеуметтік топ өкілдеріне, жалғызбасты зейнеткерлерге қайырымдылық науқандары шеңберінде азық-түлік себеттері үлестірілмек. Материалдық көмек те төленеді. Мұнымен бірге, аз қамтылған отбасы балалары Астана мен Қарқаралы шаһарларына саяхат жасайды. Атаулы мерейлі күнде бірқатар жаңа нысандардың ашылу салтанаты да жоспарда тұр. Мысалы, 5 шілдеде Шахтинск қаласы Шахан мен Долинка кенттерінде екі хоккей корты мен балалар ойын алаңдарының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

– Облыс көлемінде 3 шілдеге дейін мерекелік безендіру амалдары толығымен аяқталады. Мәселен, 110 тақырыптық баннер, 3000-ға жуық ту конструкциясы орнатылады. Әлбетте, ақпарат кеңістігінде де арнаулы тақырыптық айдарлар аясында жарияланымдар жарық көреді. Облыс телеарналарында Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен құттықтау бейнероликтері ғаламтор желісіне жол тартпақ, – деп хабарлады облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.

Мерекелік шараларды өткізуге облыс орталығы тастүйін даяр. Бұл арада жастар арасында «Тақия фест» сынды ұлттық киім фестивалі ұйымдастырылып, орталық пен Майқұдық саябақтарында Әлихан Бөкейхан ауданының қос мәдениет үйінің алаңдарында мерекелік концерт ұйымдастырылады. Қала орталығында Art-алаңдары безендіріледі. Әр нүктеде сәндік қолданбалы өнер тұрғысындағы шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.

– Ұлттық спорт тоғызқұмалақ пен асық атудан байқау ұйымдастырылады. Суретшілеріміз бейбіт өмірімізді қылқаламына арқау етеді. Қолөнершілеріміз шақар туындыларын әлеумет көзіне көрсетеді. Кітапхана қызметкерлері «Оқырман ұлт» жобасы бойынша кезекті көрмесін іске асырмақ. Зоо­бақта жас қонақтарымыз үшін ойын-сауық бағдарламасы ұсынылмақ. Театрландырған қойылымдар мен айтулы әншілеріміздің қатысуымен өтетін мерекелік концерттер өз дәрежесінде өтеді, – деді қала әкімі Мейрам Кожухов.

Атаулы күндерден құрыш қала Теміртау да қағаберіс қалмайды. Яғни, шаһар орталығы мен Ақтау кентінде 20-дан астам іс-шара өткізу көзделді. 5 шілдеде қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Еңселі Елордам» атты мерекелік концерті өтеді. Баяндамашыларды мұқият тыңдап шыққан Ермағанбет Бөлекпаев барлық салалық басқарма басшыларына, қалалар мен аудандар әкімдеріне мерекелік шаралардың мәнді де, сәнді өтуін қадағалауды тапсырды.

Домбыра күні – ұлттың үні

Елімізде шілде айының алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні тойланады. Биыл бұл мәні бөлек мейрам 7 шілдеге келіп тұр. Сонымен, 5 шілдеде Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында атаулы күн аясында «Ортеке» республикалық этно-фестивалі өткізілмек. Мақсат – қазақ халқының төл шығармашылығын кеңінен насихаттау. Өнер фестиваліне Қытай, Моңғолия елдерінен, Астана, Алматы қалалары мен Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының атынан 19 қатысушы ат басын тірейді деп күтілуде. Бағдарлама шеңберінде Қарағанды экономикалық университетінің конференц-залында ЮНЕСКО өкілдерінің қатысуымен материалдық емес мәдени мұраға қатыс­ты республикалық семинар өтеді. Мереке күнінде орталық мәдениет және демалыс саябағында облыстың музыка мектептерінің оқушылары мен мәдениет үйлерінің өкілдері, ауылдық клубтар жанындағы домбыра үйірмелерінің қатысушылары, фольклорлық ансамбльдер мен оркестрлер музыканттары, домбыра сыныбының мұғалімдері, көркем­өнерпаздар ұжымдары өкілдерінің қатысуымен «Бабалардың аманаты – домбыра» атты мәдени іс-шара өтеді. Онда Тәттімбеттің «Сарыжайлау», Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай» және Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйлері шертіледі. Тәттімбет атындағы академиялық оркестрдің «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблінің және Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің дәстүрлі ән орындаушыларының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

– Сол уақыт аралығында «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі Майқұдық саябағында өнер көрсетеді. Кеншілер мәдениет сарайының алаңында бұқара жұртшылықпен ұлттық аспаптың қадір-қасиеті турасындағы блиц-сауалнама жүргізіледі. Облыс мұражайларында 10-ға тарта іс-шара жоспарланған. Оның ішінде, «Домбыра-дастан» театрландырылған қойылымы, «Домбыра – асыл мұра» атты тақырыптық көрмелері мен танымдық сағаттар, бейнешолулар өтеді. Сарыжайлау кинозалында «Домбыра – қазақтың жаны» атты интерактивті алаңы ұйымдастырылады. Мәдениет және өнер ұйымдарында 30 мыңдай адамды қамтитын 325 іс-шара қамтылмақ, – дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.

Ауа райы кедергі емес

Биыл толассыз жауын-шашыннан туындаған әрқилы жағдайларға қарамастан, көктемгі егіс жұмыстары сәтімен тәмамдалды. Дер шағында ауыл шаруашылығы техникасын даярлау, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдаумен уақыты іске асырылған серпінді істер оң ықпал еткен болатын. Ендігіде мал азығын дайындау, жер өңдеу, зиянкестерге қарсы күрес, егін орағына даярлық, астық сақтау қорымдарын дайындау науқандары кезек күтеді. Бұл шаралардың жүйелі де дұрыс ұйымдастырылуы өңірдегі азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин атқарылып жатқан жұмысына тоқталып өтті.

– Иә, табиғаттың тосын мінезі ептеп әбігерге салғанымен, егіс жұмысын аяқтау мерзімі 10 маусымға дейін созылған. Нәтижесінде егіс алқаптарының құрылымы да өзгертілді. Атап айтқанда, биыл көктемгі егіс алқабы былтырғы көрсеткішпен салыс­тырғанда 15 200 гектарға ұлғайды. Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 908 700 гектар жерге егіліп, майлы дақылдар 26 000 гектарға себілді. Шаруашылық құрылымдарымен 11 994 гектарға, көкөніс 994 гектарға егілді, – деп хабарлады аппарат кеңесінде спикер.

Биыл минералды тыңайтқыштарды қолдану аясы айтарлықтай өсті. Тұқымның әртүрлілігін жаңартуға көп көңіл бөлінеді. Осы мақсатта шаруаларға қосымша субсидиялар бөлінді. Егіс жұмыстары үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арзандатылған дизель отынын алды. Басқарма басшысының айтуынша, дәнді дақылдардың 98%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Шілде айында синоптиктердің болжамы бойынша жаңбыр толастамайды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев табиғат зиянкестерімен күресуге тиісті көңіл бөлуді тапсырды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жем-шөптің уақытылы дайындалуын бақылау қажет. Қазірдің өзінде егін жинау науқанына техниканы дайындаумен айналысу керек, астық, картоп және жиналатын көкөністерді қабылдау үшін қоймаларды қамтамасыз ету керектігі айтылды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button