Руханият

Би – мәдениет мектебі, білім бесігі

“Әлді жықпақ,

бай жеңбек әуел бастан”

Абай.

Өмір отын мүлдем өшірердей өршеленген өзімшілдіктің топан суы әлі де асып-тасып тұрғанда әділдік пен адалдық мәселесінің түбегейлі шешілер жері біреу ғана. Ол: надандық тудырған менмендікті жеңер жер – мәдениет.

DSC_8433

Мәдениеттер теңдігі әлемде әділдікке қол жеткізудің бірден-бір құралы, оны адамзаттың қанды трагедияға толы тарихы растайды. Қазақтың «тең адам анда, текті ауыл құда» атты мақалы батыстың бұрынғы құқықтық мәдениетіндегі «Rhomines sui iuris» – «люди своего права» «тең құқылы адамдар» атты ойлармен астасып жатуы әділдік принципінің өзі теңдік ұғымымен әріден бергі мәдениеттердің өзара тең байланыстығының белгісі.

А.Байтұрсынов мәдениет теңдігі турасында: «Табиғатта таза әділдік жоқ. Әділдік адам қоғамының туындысы.Табиғатта тек қана күш қожалық етеді, оның өктемдігін біршама баса алатын күш – мәдениет күші. Адам баласы әділдікті тек мәдениет теңдігінен таба алады. Әділдікті сатып та ала алмайсың, сыйға да берілмейді. Оны тек өз ерік-жігеріңмен табасың. Өмір қайыр-садақа бермейді және өмір артта қалғандарды жинап-теріп те жүрмейді, және кешіккенді күтіп те тұрмайды» деген екен.

Әділдікке қол жеткізу жолы Абай ойында айқын көрініс береді: «Адам баласына ғадалат ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын».

Абай айтқан, әділдік әлеміне жеткізер құқықтық тетік – ғылым қазақта әуел бастан болды ма, болса оның іргелі,бірегей жүйесінің атауы не, бастауы қайдан, қашан шыққан деген заңды сұраққа біз ол ескі қазақ жолы: «Би жолы» демекпіз. «Би» белгісінің мәні – ғалами ғылым. «Жол» – ұғымының дәні – «заң». Ойымыз баршаға ұғымды болуы үшін Абайдың жол хақындағы мына бір ойына жүгінейік: «Алла тағала бұл ғаламды кәмәлатты бір жолға салып жасады». Абай сөзінде «жол»- жаратылыс заңының нормалар жиынтығы, жаратушының жарғысы. Кемел келісім кодексі. Абайдың «адами ғылым ғалами ғылымға ерсін, бағынсын, құлшылық етсін» дегені жаратушының жарғысына сай жүру. Жаратылыс заңын ұғу, соған бағыну. Құлшылық етудің өзі – таза тану, ұғу. Көне қытай жазбасында «Жо» – мән-мағынасы «ұқсас» ұғымы: сәйкес, бейнелес, іспеттес. Адам да тіршілік туындысы, сондықтан да, оның өз бойында адамның ерік-жігерінен тыс жаратылыс заңының әмірі жүріп жатады. Адам жасалып қойған заңға сәйкес іс-қимыл жасап, бар ойын соған ұқсас жүйелеуге мәжбүр. «Қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп сөз шығар». Абай шебер суретші. «Қуатты ой» – жаратылыс заңы. «Сөз»- адам. «Бас құрап» – рет, ереже. «Еркеленіп шығу» – жаралу. Аккад тілінде «moledeth» – туу, жаралу процесі, молқы. Ойдың айтпағына тән мәнге сәйкес әуенге бөленген ұғымның сыртқа жету барысы. Қырғызда «жосын» сөзі «рет, ереже». Қазақ хандарының атасы Шыңғыс ханның тұңғыш ұлының есімі Жошы, мәні тәңірге тартқан, ұқсас. Ойшыл. Қырғызда эпос пен оқиғаның атауы бір: «жомық». Олай болса, «Жол» ұғымы – ұқсастық, ұқсауға ұмтылған ынталы жүрек ісі. Қазақта сөз бар: «Мал иесіне ұқсамаса, арам өледі» деген, осындағы «мал» терминінің «адам» деген ұмытылған мағынасы барлығын еске алсақ, ойланарлық затқа айналмақ. Абайдың тағы бір сөзін алға тартайық: «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп». Бізге сезу, көру, білу бұйырған. Жаратылыс заңының билігі бар адамзатқа бірдей жүретіндіктен бізге ой да ортақ, дыбыс та ортақ, өмір мәңгі жасамақ. Ғалами ойдың мәңгілік ғұмыры туралы ғалым С.Зимановтың «Қыпшақтардың ұлы даласының ерте құлдырауы қазақ даласындағы құқықтық мәдениеттің құлдырауына соқтырған жоқ» деп жақсы айтқан. Қазақтың құқықтық мәдениетінің құлдырамауының бір себебі, қазақ ортасында бойларын адам аулаушылардан, адам алдаушылардан аулақ ұстаған, өз пиғылдарын Би жолына ұқсатуға шарт қылып ақиқат пен расты адаспай тура іздеген хакімдер болғандығы. Оларсыз қазақтың құқықтық мәдени дүниесі ойран болып, бүгінгі күнге бүтін күйінде жетпес еді.

Алла тағала дарытқан, сан майданда ақылымен дамытқан, тәңір хиқметін жүрегімен сезген, ұрпағына болашаққа жол ашқан, адам атын ұмытпаған, дала баласына танымдық тәлім-тәрбие ордасы, құқықтық мәдени мектебі, білім бесігі, тәртіп тезі қызметін атқарған ғылыми ой ортасы болғаны сипатталған сөзге көшелік. Абайдың «Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ» деп елдік бірліктен айырылған кезеңде айтылған осы бір рас сөзі жалғыз ойшылдың күйініш сөзі емес еді. Қазақтың тағы бір асыл ұлы Шоқан өз заманындағы қазақ ұлтты билеушілерге қарата: «олар, билеушілер елді таласа, өздері де басқаға жем болуда» деп баға бере келе, ұлтының мүддесіне кереғар келетін реформаға қарсы тұрып, «қазақтың бұрынғы халықтық билер сотын сақтап қалу керек» деп дәстүрлі би институтына араша түсіп бақты.

Шоқан 1864 жылдың 28 ақпанында Омбы қаласынан жазған «Сот реформасы туралы жазбасында» былай деген: «Қазақта би болмақ адам халық алдында өзінің заң біліміне жетік екендігін, шешендік өнерін меңгергендігін талай рет көрсетуі керек қажет-тін». Шоқан «юридическое знание» деп тура көрсеткен, яғни, Би – заң ғылымын игерген әмбебап маман, заңгер. Сонымен қатар онда, яғни, би болмақ тұлғада соттық әдет-ғұрыптардан (в судебных обычаях) терең танымы болуы қажет еді. Шоқанның би институтына қатысты заң ғылымының екі түрлі саласының ара-жігін ажырата анық айрықша атағанын аңдаймыз. Бірі – материалдық құқықтық нормалары – «юридическое знание»; екіншісі – азаматтық процестік құқықтық нормасы – «судебный обычай».

Шоқан «қазақта заң білімі болды» десе онда, сол көне, қадым заманнан келе жатқан қазақы құқықтық ғылымның өзіндік теориясы, методологиясы, философиясы, мектебі, тари­хы да болуы шарт қой деген ой алдыңды орайды.

Шоқанның қазақта ежелден заң ғылымы бар болғандығы және де міндетті түрде болуға тиістілігі жайлы ойының тереңдігін Абайдың: «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын»», Әз Тәуке ханның Күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ» деген демократиялық көзқарастағы ғылыми сөзімен нақтылай түсуге һақымыз бар.

Академик С.Зимановтың: «Қазақ құқығының пайда болуы тым әріде, тереңде жатыр, ол қазақ халқының этникалық тұтастануынан бұрын қалыптасқан» деген ғылыми тұжырымы Шоқан мен Абайдың сөзіне қосылып қазаққа тән құқықтық ғылымның бастауын тарихи танымның ең тереңіне тартады.

Тіршілікте адам өзінің түпкі мақсат-мүддесі ретінде бірлікті көздемек, қауымдасу күйін қаламақ. Тіршілік ету үшін жаратылып, жасалып қойған әлеммен, қоршаған ортамен теңесу қажеттілігін түсінді, ұқты. Теңесу үшін ұқсауға келісу қажет-тін. Келісім ұқсау жолына түсуді талап етіп, мәжбүр қылып салыстыру санасын тудырды. Салыстыру үшін ойлау, саралау, сынау, зерттеу талабы жан мен ақыл иесі адам баласы ой еңбегіне қарай бас бұрып, бар ынта-жігерімен сұрау салушы, ақиқат іздеуші, анықтаушы, өзіне-өзі сот, һәм қорғаушы бола аларлық құқық пен міндет біріккен толық тұлға болып жетілу жолына әкелді. Бұл жолда ең алдымен адам баласының үзілмес нәсілінің алдында өсіп- өну міндеті тұрды, бұл табиғи түр ретінде сақталып қалудың бұлжымас, бұзылмас, ешкім ешқашан бұза алмас заң нормасы еді және де ол бүкіл атаулардың ата- тегінде, ғылыми терминдердің тұла бойында көрініс табуы тиіс-ті. «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер» деп Абай айтқандай тіршілік көзі бірте-бірте өзгеріске ұшырады, өнімді өндіріс туды, еңбек бөлінісі күрделенді, алды-артын танырлық ілім-ғылымға ие болды, орталарынан Алланың хиқметін анығырақ сезер тұлғалар – Шоқан бейнелеген билер шықты.

Құқықтық ғылымға қатысты ауыз әдебиетінің айырықша бір ерекшелігін Аристотель атап өткенін ғалымдар еске салады: «Адам заңды ұмытпас үшін, әнге салып айтқан». Сөзді әнмен билеткен. Қазақ заңының, құқықтық ғылымның сабақтарының таза, саф күйінде бұзылмай сақталуы, болашаққа жетуі ауыз әдебиетінің, ән мен күйдің, бидің еңбегі. Заң нормасы көңіл нотасы, нәпсі-ноқтасы. Қисынымен қызықтырған қызыл тіл – қып-қызыл есепке құрылған. Өне бойы математика мен музыка. Айтыс-тартыс. Білім таласы. Бас қосылса арысқа, кім шабады намысқа? Билік айтысы. Намыс айтысы. Билер айтысы. Тұтастай тұнып тұрған тіршілік таңбасы.

Индоқытай халықтарында көктемде көрші өзара некелесу міндеті бар ауылдардың жастары алаңқайда кездесіп, отбасылық одақ құрар алдында қалыңдық пен жігіттің жар таңдау мерекесінде ән салып, би билеп, айтысу дәстүрін сөз қылсақ мысал ретінде. Бұл мереке «Ай астындағы би» аталған, қазақтың «Айгөлек» биінің шығу тарихы да – «Қызғалдақ мейрамы» аталған некелесу мерекесімен байланыстылығын жоққа шығара алмайсың. Негізі ілкіде «Би» өнері қоғамдық институт ретінде танылғанын мына бір қазақ сөзі де дәледейді: «Бипыл, бипыл-ай, тартшы құрбым, бір күйді-ай.»

Аристотельдің заңды өлеңмен сөйлету туралы ойына Абайдың өлең туралы бағасы дәлме-дәл келеді: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы, Тілге жеңіл, жүрекке жеңіл тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы». Қазақтың дәстүрлі қара өлеңі әуенмен өрілген соң Абай жазып отырған деңгейге жеткен. Ән де, сөз де ретімен, жөнімен жұмсалған. Шеберлік пен білім қатар тұрған. «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол- ақынның білімсіз бишарасы».

Абай өзіне дейінгі қараөлең айту дәстүрін жоғары бағалап: «Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған, Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара». Қазақта мұра мағынасын білдіретін «бида» термині барлығы сөз бүкіл халықтың еңбегі екенін растайды. Сөз мұрасы бір ғана әлеуметтік топтікі емес. Әлеуметтік топ уақыт өте келе оны тудырған орта жоғалған соң, сахнадан түседі. Ал, сөз, мұра, мақал, мәтел, тақпақ тарих тақтасында қалады. Көне жоғарғы неміс тілінде «Mahal, Mahalon» сотта сөйлеу, деу, уәде беру. Қазіргі неміс тілінде: «vermahlen; vermehelen, gimahlen, gimahalo, gimahala». «Gemahl»- заңды некелесу арқылы қосылу. Құқықтық терминнің қазақи пішіні, қалыбы барлығын дат тіліндегі «құқық», «сот төрелігі», «сот» ұғымдарын қамтитын «rеd, ret» терминдері дәлелдейді. Қазақта «рет» сөзі бар. Ісің оң болсын десең ретін таны, жолын тап. Ретін тану – құқықтық мүмкіншілік, жөн-жоба. «rid, ret» терминдерінің түбірі «ре» қазақтың «жөнере» сөзінде жүр. Жөнере – жөн-жоба, әдет-ғұрып. Жолын табу-заң нормасын таңдау. Дат тіліндегі келесі тіркес: «ret og skjel» еңбегіне, қызмет-қылығына сай құрметтеу яки жазалау. Сауап болды. Шапағаты тиді. Игілікті іс.Сот, құқық және құрметтеу мен жазалау синоним сөздерге айналған.

Абайдың билер мұрасына қатысты атаған билік сөз жанрлары – «тақпақ, мақал, мәтел» – бұрынғы заң нормалары, адамзаттық тарихы бар көп елдерге ортақ мемлекеттік-құқықтық терминдер, оның жүйесін жасаушы, жасақтаушы ойшыл, дана білімді билер-тін.

Мұхтар Әуезов: «Әуел бастағы тағылықтан өте келе өсіп-өнген адам баласының ақылы толыса келе, бүкіл дүние жаралуы туралы көлемді, тұтас ой құрала бастады. Ең әуелгі туған тұтас ой. Бұл ой әлгі дәуірдегі шаруа жағдайынан туды. Қауымда басшылық пен қара күштің еңбегі егіз болды. Басшы көпке нұсқау беріп, бұйрықпен істеді, оның ісі біліммен, еппен істеледі, сондықтан басшылыққа арнаулы білімді кісі керек» деген екен билік институтының пайда болуы жайында.

Бұл жалпы әлемдік үрдіс еді. Көне Ирланд елінде бір әлеуметтік топты «aes dana» деп атаған, тура мәні: «дарын дарығандар», яғни құдай берген билік, ол топқа абыз(друид dru-uid- es: оқымысты, білімдар), ақын, сотты қосыпты.

Ертеде Ресейлік ақ патшаның тұсында XVII-XIX ғасырларда якут халқының құқықтық мәдениетінде «медиаторлық сотқа» әрқашанда көңілі кең, қолы таза бай адамдарды сайлапты, ал кедейлерден тек қана жасы үлкен, ақылы мен әділдігімен аты шыққандарды сайлаған. Медиаторлық сотта барлық жерге қатысты даулар қаралса, төрелік сотына тараптар ара биді – ақиқатты анықтаушыны өздері еркін келісімімен таңдап алатын. Медиаторлық сот өтетін алаңқайды олар «ан дойду ычытә», яғни «әлем есігі» дескен. Алқалы жиын өтетін жер жайында Сарамен айтысындағы Біржанның сөзі де еске түсіп тұр: «Арғынның көз жеткісіз аймағы бар, Дөңгелек жеті рудан ойнағы бар», түпкі, түбір сөз – ой. Арғы оғыз халқында тайпалардың жалпы кеңесінің атауы – «той», бірнеше күнге созылған соң, әрбір кеште жиынға келген жұрттың көңілін арнайы ән-бимен аулаған.

«Би» – музыка ырғағына сай дене қимылымен бейнеленетін өнер түрі болғанымен бірге әлеуметтік қызмет атқарыпты.

Сібір халқы тофалар-қарақастарда ұлық басшысы мен судьяны «суглан» деп аталатын халықтық кеңесте сайлаған. Ұлық басы- шүленгір 3 жылдық мерзімге сайланса, бұл кеңесте аға судья – таршын да сайланады. Көбінесе дәулетті, бай адамдар таңдалған, кедей-кепшікке билік тимеген. Абай айтқандай: «Елді пысық билегені несі? Пысықтың бәрі кедей келетұғыны несі?» Тофаларда «Таршын» – судья. Баршын. Аршын. Алпамыстағы Гүлбаршын. Оғызға билік еткен жеті қыздың бірі Баршын сұлу. Урарту тіліндегі біздің жыл санауымызға дейінгі IX-ғасырлық ұғым-сөз «tarsu anni» – мағынасы «адам». Мансы-вогул тілінде «tar» – тамыр. Қарға тамырлы қазақпыз. Яғни, бағзы заманнан келе жатқан адам баласымыз. «Тамыр» – адам. Сол уақыттарда «адам» атты термин таза бірегей құқықтық мәнге ие болған сыңайлы.

Қазақтың «Сөз тиді» тіркесінің де арғы тарихы да сол жақтан. «Tiui» – сөз. «tiubi»- мен сөз айттым. Мұндағы «bi» – мен, моңғол тіліндегідей. Шумерлік идеограмма «Ті» – өмір, болу. «Шүленгір» термині де қазақта өз кезінде өмір сүріпті. Аталы бай, тұқымы орда таусылған соң пысық анттардың кезеңі туды емес пе. Шүленгір бай мырзаның орнына атқамінерлер шықты алапат азамат соғысында.

Ертедегі Қытайда біздің дәуірімізге дейінгі XIV-XI ғасырлық Шань-Инь дәуірінде ішкі- сыртқы қарым-қатынастың бағыт-бағдарын анық­таушы, бірігіп саясат жүргізетін топты – «байсин» деп атаса керек. Бұлар бұрынғы «хуанда», «яньди» және «и» деген үш тайпа одағына кірген жүз рудың аталарынан тараған тұқым – ақсүйек, төрелер. Төре тақтан тайса, кім көрінген төрге озғаны, ел тозғаны. «Би»- дойбы кестесінде төрге шыққан дойбы тасы. «Дойбы» – сөзінде де ой тұр.Атаудың мәні қызметіне сай, әр дыбыстың арнайы өз қызметі, реті, жолы бар. Басты да, тасты да төрге сүйрер – ой. Төрге шыққан ойшыл қаған – би атағына ие болып, билік құрмақ. Сондай бір аласапыран заманда Білге қаған саяси ептілігімен, Күлтегінің ерлігімен, жеке басының мол байлығымен билікке қол жеткізіп, жарлыларды бай етті. Білге қаған «түгі жоқ кедейлер емес, керісінше байлар билік жүргізеді» деп мәлімдеді. 723 жылғы Күлтегін ескерткішіндегі жазу мәні осылай сөйлейді. Білге қағанның мақсаты өз пайдасы емес-тін, бар түркі халқын бай-қуатты ету еді. Бұл Абай айтқан «құдайдың жолы». Абай: «Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген нысап? Не түрлі болса да, я дүниеден, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол – құданың жолы» дейді бізге. Басқа жолға бұрылу – әділеттің жоқтығы. Абай көреген сезіп айтқан: «Жоқшылық адамды хайуандандырып жіберетіні де болады» деп. Жошылықтан жосыған жұрт дәп бүгін байлығы асқан батысты басып-жаншып тастағаны ойшылдың сөзін растайды.

Білге қағанның бағанағы сөзі мен Абай сөзін салыстырсақ біздің арғы түркі түп аталарымыз ел-жұртына өсіп-өну, өрістеу жолын ұсынып, жетпегеніңді жетілтемін, көпке пайдалы жақсы іс қылсам, зарарым тимесе деп, халқының қамын жеген жетелі, тәрбиелі, ар-ұяты бар қанағатшыл қаһан- билер болғанына қанықтық.

Қиыр Шығыстың көне халқы айндарда туыстық терминдер жүйесінде «sinrit» – ата- баба ұғымын білдіргенмен, тура тіке мағынасы – тамыр, түп-тұқиян. Біздің «қарға тамырлы қазақпыз» дегенмен ұғымдас. Жаңағы екі ұғым «bаysin» мен «sinrit» қазақтың «Жиделі Байсыны» мен қырғыздың «жосын» ұғымына ұқсас, үндес. Асан қайғының да іздегені нақты жер, мекен, жұрт емес, ескі дәуірлердегі әлемде билік құрған ата- анасы, шыққан тегі, ақиқат жолы,рас сөзі.

Швед тіліндегі термин sinn(e) – мән, маңыз, ақыл-парасат. Гот тілінде «sunja» – ақиқат. Адам ақылы шектеулі, болмыс – шексіз, өлшеусіз. Ақылды адам ақиқатты анықтамаққа талпынбақ. Демек, адам баласының іздеген ата тегі, Жиделі Байсыны да болмыс, ақиқат, рас.

«Растың бір аты – хақ, хақтың бір аты- Алла, бұған қарсы қаруласқанша, мұны ұғып, ғадаләтпен тәптіштеуге керек». Міне, Абай нұсқаған би жолы, қазақтың ескі сөзі – ғалами заңды ықыласты ынталы жүрекпен ұғу. «Құлшылық құлу» дегеніңіз – ғалами ғылымды жан-жақты, орнықты түрде сезіну. Және де осы жолда ғадаләтті болу міндет.

Ғалымдардың зерттеуіне қарасаң «Би» терминінің мән-мағынасы алғы арғы, ықлым замандарында ағылшын, герман, қытай, көнегрек, скандинавтар мәдениетінде «адам», «ана», «ауыл» ұғымдарының ғылыми символы, белгісі, жолы ретінде қалыптасыпты. Оның себебін Абайдың келесі сөзінен табамыз:«Құдай табарака уаттағаланың барлығының үлкен дәлелі- неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат құдайға лайықты дегендігі».

Сонымен, Абай ойына сай: Махаббат пен ғаделет – Ғалами ғылым, заң, Тура би. Қазақтың «Тура Би» ұғымы адамға деген достықтан, ата- анаға деген махаббаттан, ауылға деген әділдіктен жаралған. Тура Би – жаратушы, махаббат пен әділдік иесі. Қазақ жер бетіндегі ел билеушілері соған ұқсап бақсын деп: «Тура биде туған жоқ, туған биде иман жоқ» заң енгізген. Абай жаңағы ойын әрі қарай дамыта келе былай депті: «Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғаделетке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезгенімен артылады. Иландым, сендім демек инандырамын, сендіремін деген емес».

Міне, бар мәселе осы «анығырақ» сезуде ғой. Сезім жүрек ісі, ақырын жүріп анық басар. Ғылым мен қайратқа билік қылар, әмір етер жүрек. Анықты, расты іздеу сезімі тәлім- тәрбие, үлгі-өнегемен, бір сөзбен айтсақ мәдениетпен өсіп-өнбек. Әлділікке, байлыққа қол жеткізер дүние ғылымға, білуге ынтықтық. Махаббат жоқ жерде мәдениет жоқ. Әділі де, шыны да сол. Қазақтың қайратын шыңдап ғылымын шыңдап, жүрегін таза сақтаған Би жүйесі – білім бесігі, мәдениет мектебі дейтініміз содан.

М.Азбанбаев,

Қарағанды облыстық сотының

судьясы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button