АймақБас тақырып

Бетеге кетіп, бел қалды

Биыл аймақ жазы жауынсыз өтті. Бір айлық жауын жаз соңында жауып, қала қауымын әбігерге салса да, ауылдағы ағайынды қарық қылмады. Себебі, жауын болмаса, жерге қылтанақ шықпасы хақ. Шабуға шөп таппай, өзге өңірден жаншылған жоңышқа алдыруға мәжбүр жұрттың жағдайы мәз емес. Оңтүстікте орта есеппен бір бума жоңышқа – 1500-1600 теңге. Ал, бір үйдің 40-50 қой-ешкі, 15-20 сиыры мен 7-8 жылқысына кемінде 150-200 бума жоңышқадан есептелсе, 200-300 мың теңгеге шығады. Қалта қағар қаражат. Тумысынан алабота мен боз, қалаберді жусан мен қияқ қана татқан Арқа малына бірінші-екінші орымның көк жоңышқасы майлы болатыны бар. Олар оған үйренгенше сіңіре де алмайды. Сиыр сүтінің дәмі өзгеріп, тіпті, шамадан тыс көп жеген малдың кеудесін алып, ауыруы да ғажап емес. Бұл – Арқаның жылдағы көк қияғы, бозды-бетегесі аралас көк майсасының жоқтығының әсері. Дәнді дақылдардың да барар жері осы. Мәселе – облыс басшылығының назарынан тыс қалды дей алмаймыз. Бұған дейінгі өткен бірқатар жиындарда облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қысқа дайындық, оның ішінде, мал азығының жетіспеушілігін де баса назарға алған болатын.

 

Облыс бойынша биыл 994 мың гектар жерден 940,4 мың тонна көлемінде астық жиналуы керек. Оның 813,4 мың гектары бидай, 160,4 мың гектары арпа, ал, 13,7 мыңға жуық гектары сұлы. Аймақта қыстауға түсер мал басы – 458 мың ірі қара, 696 мың қой-ешкі, 312 мың жылқы екен.
Осынша малды Арқаның ақшұнақ аязынан шашаусыз шығару үшін 1,9 млн. тонна жем-шөп қажеттігі бар.

Егер өнім жоғарыдағы жоспарға сай түссе, онда бұқара ұпайы түгел. Алайда, ауылдағы ағайын алаң-ды. Өйткені ауыл-аймақ биыл қуаңшылықты айқын сезінді.

Мысалы, Қарқаралы ауданында шөп шықпады десек артық емес. Ауылшаруашылық басқармасына берілген тапсырмада сол өңірдің жағдайы толық зерттеліп, мал азығы мен астықтың кемдігі қанша мөлшерде екені анықталуы тиіс еді. Сонымен қатар, сол өңірдің ірілі-ұсақ кәсіпкерлеріне 300 тоннаға тарта сабан дайындау жүктелді. Бұл қысты күнгі малдың негізгі асына сеп болмақ дейді мамандар.

«Желтау» шаруа қожалығының қос егін алқабына да биыл орақ кеш түс­пек. Шамадан тыс аптап пен жауынның жоқтығы жерді қатайтып, қаңсытып тас­таған.

– Шілде айының шіліңгір ыстығы биыл ерте басталды және жылдағыдан ұзақ болды. Оның үстіне жауынның жаумауы, тіпті, егін алқабын күрек батпастай етіп қатайтты. Жауынның көп болмаса да, айына бірді-екілі жауғанының өзі жер ширатуға әжептәуір көмек еді. Егінге енді кеш түсеміз. Бағасы да былтырға қарағанда өседі деп күтілуде. Былтыр арпа мен бидай алқабынан шамамен гектарына 10-12 центнер астық жиналса, биыл болжам бойынша 3-4 центнерге кем түспек. Сондай-ақ, былтыр арпаның келісі – 65 теңгеден, ал, бидайдікі 100-130 теңгеден болса, биыл ол баға да жоғарыламақ, – дейді «Желтау» шаруа қожалығының өкілі Алмас Мұстафин.

Расында, нарықта жем бағасы оның ішінде, арпаның ұсақталған түрінің келісі – 75, бүтіні 73 теңгеден сатылуда. Бидайдың келісі – 80 теңге. Сұлы құны – 85-90 теңге. Бұл – былтырғы жылғы орым. Биылғы астық одан да қымбаттауы бек мүмкін. Сәйкесінше Үкіметтен жәрдем күтілетіні сөзсіз. Жәрдем жасалуда дейді облыс­тың ауылшаруашылық басқарма басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

– Облыс әкімінің қолдауымен облыс бюджеті есебінен 800 млн.теңге қаражат мемлекет қолдауына ие 737 шаруашылық қажетіне бөлінген. Бұл тікелей мал азығын дайындау шығынын арзандатуға берілген көмек. Оған қоса тағы қой өсіретін шаруашылықтарға азық дайындауға 400 млн. теңге қарастырылуда. Сондай-ақ, биылғы жылғы мал азығын жинаудағы жанармайдың құнын арзандатуға да жұмыстар жүргізілген. Осыған орай қазір мемлекет тарапынан қолдауға ие шаруашылықтарға жанармайды Қарағанды қаласынан 250 теңгеге алуға мүмкіндік туды. Бұл дегеніміз, жанармайдың нарықтағы бағасы 295 теңге болса, шаруалар одан төмен бағада алады деген сөз. Биылғы қуаңшылық жалғыз Қарағанды емес, бүкіл Қазақстанды айналып өтпеді. Олқылықтың алдын алу мақсатында аудандарда арнайы штабтар құрылды. Олардың негізгі жұмысы – аймақ шаруаларындағы жем-шөп жетіспеушілігін толықтыру, соларға қолдау көрсету. Тіпті, дәл қазіргі жағдайда мал азығының күрт өсіп кетпеуін де осы құзырлы орын қадағаламақ, – деді Сырым Бейсебайұлы.

Басқарма басшысы орынбасарының сөзіне сүйенсек, аймақтық проблемаға жергілікті билік баяғыда араласқан көрінеді. Өңірдегі біраз орманды алқаптардың шөбі шүйгін жерлерінен де жергілікті шаруаларға шөп шабуға рұқсат берілген.

«Ал, көбінің шаруашылығы жекешеленген. Олар есепте жоқ болған соң ахуалы бізге беймәлім» деп түйді орынбасар.

Қағаздағы көп сан мен проценттер бағанына қарасақ, жағдай жарияға жар салынбас бұрын қолға алынған. Бірақ, мая-мая шөп, қамба толы астықтан масайраған шаруа жоқ.

Десек те, қуаңшылыққа кінәлі адам емес екені анық. «Қазгидромет» АҚ-ы пайымынша, биылғы қуаңшылықтың себебі «оңтүстік циклонының» келуі. Жаз бойы жауар жауын тек жаз соңының бір күнінде жауғаны баршаға мәлім.

– Әр шаруаның қамбасында қор болуы шарт. Мысалы, былтырғы жылдан астық мол түссе, оның төрттен бірі сақталуы керек. Көп жерлерде мал азығы аяққа тапталып, мал тезегіне араласып жатады. Бұл да шығынға әкеп соғады. Былтырғы қор болса, жұт жылдарында, не осындай қуаңшылықта қыстан қысылмауға мүмкіндік береді, – деді Сырым Бейсебайұлы.

Қандай қиын-қыстау кезеңде де Арқаның шаруалары астығын өсіріп, адал ақы малын бағуды біледі. Мамандар пікірінше, шаруаға үрейленуге негіз жоқ. Үкімет құзырындағы көмекті аямай қол ұшын беруде. Ал, оны ұқсату мен ұқыптау қарапайым халықтың қолында көрінеді.

Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button