Бесоба ауылынан 15 шақырым жерде вахталық автобус аударылды
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бесоба ауылынан 15 шақырым жерде вахталық автобус аударылып, ішінде болған 50 адамның бірқатары зардап шекті. Бұл жайлы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар алғашқы медициналық көмек көрсетті. ТЖМ әуе кемесі арқылы зардап шеккен 3 адам Қарағанды қаласындағы медициналық мекемелерге жеткізілді.
Сондай-ақ құтқарушылар, жедел жәрдем және Апаттар медицинасы орталығының мамандары 30 адамды Ботақара ауылындағы ауруханаға жеткізді. Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккендердің жағдайы орташа.
Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ бөлімшелері, «Матақ» ТМҚП, Апаттар медицинасы орталығы, «Қазавиақұтқару» қызметі, жедел жәрдем бригадалары мен полиция қызметкерлері жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта жағдай ТЖМ бақылауында.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



