Жаңалықтар

«Бесеудің бұрышынан» диплом қорғап едім

Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

      Газеттің 85 жылдық асуында «Орталық Қазақстандағы» «Бесеудің бұрышынан» диплом  қорғаған кезім еске түскені. Әуелде «Бесеудің бұрышын» кім білген. Барлығы айтулы ұстаз Қожакеевтің «қолына түсіп қалудан» басталды. ҚазМУ-дің журналистика факультетінде ұзақ жыл декан болып, темірдей тәртіп орнатқан Темірбек Қожакеевтен көпшілік студенттердің сырттап жүретіні белгілі. Соңғы курсқа қарай біреу теледидар саласына, енді бірі очеркке, кейбіреуі сатираға дегендей, мамандануға бөлінуші еді ғой ол кезде.

Тегеуріні қатты Темкеңнің қолына түсіп қалмауға тырысып жүргенімде ғайыптан сатира мен юмор тобындағылардан бір-ақ шықпасым бар ма. Жүрек лүпілдеп сала берді. Өзімде де бар, «сатира — күштілер қаруы, зеңбірекпен торғай атуға болмайды» деп әр сабағы сайын тоқпақтап, сатирада ұсақ-түйекті емес, күрделі мәселені қамту қажеттігін ұғындырудан жалықпайтын ұстазға кезекті бір сессияда аудандық газетте жарияланған фельетонсымағымды көрсетіп қоқырайған едім. Сол есінде қалса керек, аудиториядағыларға тесіле қарап, өзіне тән шалт қимылмен маған мысқылдай жымиып: «әй, көзгелдірікті көген көзім, сен маған жазыласың» демесі бар ма. Шегінетін жер жоқ. Қорқа-қорқа сатира сарбазының айтқанына ұйып, айдағанына жүретін болдық. Айтып-айтпай не керек, сатира мен юморды жілікше шағып, қазақ баспасөзінің теориясын қалыптастыруға айрықша үлесін қосқан ғалымның дәрістері де есте қаларлықтай аса дәмді болушы еді. Осылайша диплом тақырыбын таңдар кезге де жеттік. Қарағанды облысынан екенімді алға тартып, дипломдық жұмыс тақырыбын да өзі меңзеді.
«Орталық Қазақстан» бала күннен көзіміз қанығып өскен, жүрекке ыстық басылым болған соң бұл тақырыпты бір жағы қуана құптаған едім. Алайда, жетекшім Темкеңнің темірдей тәртібі белгілі. Жолдастардың көбі диплом жұмысымен айналысуға берілген төрт айда арқаны кеңге салып, «ауылға барып жазамыз» деп тартып отырса, мен пақырда бұлтаруға шама жоқ. Күн сайын Пушкин кітапханасынан шықпай, жетекшімнің нұсқаған еңбектерін ақтарып көз майымды тауысуға тура келді. Әрбір 4-5 күн сайын Темкеңе келіп не тындырғанымды баяндап, жазғанымды тексертіп тұруым керек. Сын мен сатираға қатысты В.Белинский, Н.Чернышевский тұжырымдарын тірнектеп, енді біттім бе дегенде жарықтық Темкең: «осы жөнінде М.Кольцовтың бір айтқаны бар еді, оның мына кітабын қарап көрші» деп тағы бір жаңа тапсырманың шетін қылтита қояды. Арасында «Советтік Қарағандының»  оншақты жыл ішіндегі тігінділерін ақтарып, «Бесеудің бұрышындағы» дүниелерді сүземін. Қараған сайын өткір сын-сықақтар өзіне тарта түседі. Әсіресе, Бейсенғали Тәйкіманов редактор болған кезеңде газеттің азулы болғаны аңғарылады. «Бесеудің бұрышы» атты сатира топтамалары да осы қырқыншы, елуінші жылдар ішінде дәуірлеп тұрған екен. Газет қызметкерлері 1946 жылдың мамыр айынан бастап Бесеу Біріккенов деген лақап атпен құлаш-құлаш фельетондар жариялаған. Тақырыптары да керемет. «Жабулы қазанды көтергенде» деген фельетонда бір колхоздағы жемқорлардың жасырынып қазан астында жатқандарын әшкерелеп, былықтарын ащы уытпен мысқылдай түйрейді. Ал, «Тілші қылмыс ашады, прокурор етегімен басады» фельетонында прокурордың былық-шылықты бүркемелегенін айдай әлемге аймаңдай етеді. Сол кездегі редактор Бейсенғали Тәйкіманов бастап, Қағаз Сәденов, Қали Садықов, Жылқыбай Нұрбеков, Кәртай Ермекбаев сынды қаламы уытты журналистер кезектесіп жазып «Бесеу Біріккенов» деп қол қойып отырған сыңайлы. Осы үрдіс елуінші жылдарға жалғасып, сын садағын тартуға басқалары да атсалысып отырған. «Жылқыбай өте талантты ақын болған. Сықақ өлең, фельетондарды да көп жазған. Ғұмыры қысқа болды, кейін әдебиет бөліміндегі оның орнына Мақсұт Байсейітов келді. Меніңше Бесеу Біріккенов — міндетті түрде 5 адамның атсалысуы емес болар, бес саусақ біріксе жұдырықтай жұмылатынын білдіреді» дейді қазірде «Орталықтың» тарихын тірнектеп, зерделеу жолында орасан зор еңбек жасап жүрген әріптес ағамыз Аман Жанғожин.
Ол кездерде негізі фельетон, фельетонша дегендер апта құрғатпай шығады екен.
Уақыт өтеді, заман өзгереді. Аға буынның сол бір өткір жазбалары бүгінде газеттің көне шежіресіне айналды.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button