Медицина

Бес кеселге қарсы біріккен күш

Аймақ белсенділері ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші Ұлттық Құрылтай кезінде атаған бес әлеуметтік кеселге қарсы күш біріктіруде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен құрылымдық күштер, мемлекеттік мекемелер мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері меморандумға қол қойды. Оның негізінде нашақорлық мен лудоманияға, вейпке қарсы өзара ақпараттық әріптестікті күшейтпек.

Сурет денсаулық сақтау басқармасынан

Облыстық әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Айжан Қиясованың айтуынша, қоғамда орын алып жатқан осы кеселдер туралы түрлі платформалардан жиі айтылса, олардың алдын алу мүмкіндігі артады.

– Өкінішке қарай, Президент атаған әлеуметтік кеселдер бүгін біздің қоғамда жиі кездеседі. Бұл әлеуметтік мәселелерді одан әрі өршіте түседі. Оларға қатысты мемлекеттің көзқарасы айқын, тыйым салынған. Әсіресе, жастар арасында кеңінен таралып жатқан жаман әдеттер күш біріктіруімізді талап етеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы отбасылармен көбірек жұмыс істегендіктен, бұл мәселені отбасында түсіндіріп, түрлі форматтағы шараларды көбейтіп, ақпараттық насихат жұмысын жандандырамыз, – дейді Айжан Казимирқызы.

Қарағанды облысының полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы басқармасының жедел уәкілі Кирилл Корниенко қазір есірткілердің өсімдіктерден алынатын түрлерін синтетикалық түрлері алмастырғанын айтты. Оларды кез келген жерде жасай береді. Тіпті, арнайы химия­лық білімнің де қажеті жоқ. Қауіптісі де осы болып тұр.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын мұндай зертхананы 11 сынып оқушылары жасамақ болған. Бірақ, біз хабардар болып, қылмыстың алдын алдық, – дейді Кирилл Корниенко. – Жалпы, жастардың барлығы осындай, жаман деп айтуға болмайды. Тек ортасына еліктеп, «бір көргенде тұрған ештеңе жоқ» деген оймен ілесіп кетуі мүмкін. Бір көргеннен кейін тоқтай алмай қалуы әбден ықтимал.

Маман есірткі жасырушыларды үлкен мәселе деп атады. Есірткі заттарының айналымында олар – «шығын материалдары». Жиі ұсталатындарда да солар.

– Есірткі жасырып, сақтағаны үшін ұқсталғандардың көбі – ауқатты отбасынан шыққандар. Ұсталғандардың барлығы мұндай істің соңы не болатынын жақсы біледі, бірақ, соған қарамастан, жасайды. Себебін сұрағанда, ақша керек болғанын айтады. Өзі тапқысы келген. Бірақ, жолын дұрыс таңдамаған. Жыл басынан бері есірткі таратқаны үшін бес кәмелетке толмаған бала ұсталды. Бірі – 11 сынып оқушысы. Ол қазір үкімін күтуде. Ал, қалған төртеуі бас бостандығынан айырылды, – деді Кирилл Корниенко.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, өзекті мәселені үлкендерден гөрі жастардың өзара айтып, талқылап, бір-біріне түсіндіргені жақсырақ. Сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен, жастар бірлестігімен белсенді жұмыс істемек.

– Қазіргі синтетикалық есірткілер сағыз, конфет түрінде кездесуі мүмкін. Оны білмей қолданып, кейін тәуелді болып қалатындар бар. Сондықтан, жастар мен жасөспірімдерге назар аудару керек, – деді денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық қызметінің бас маманы Рамиз Аллабергенов.

«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысындағы жетекшісі Александр Урмашов жастармен кездесулерге сала мамандарының қатысып, ғылыми түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуі маңызды деп санайды.

– Жастар ұйымы ретінде ақпараттық жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Алайда, мамандардың қатысуы оның маңызын арттыра түседі. Сондықтан, бұл келісім біз үшін тиімді болмақ. Жаман әдеттерден арылған жастарды шақырып, кездесулер өткіземіз. Себебі, жастарға өз қатарластарының айтқанын дұрыс қабылдай алады. Біз аймақтың университет пен колледждерінің студенттері арасында сауалнама жүргізгенде әрбір үшінші студент вейпке қатысты «онда тұрған не бар» деген ниетте екенін анықтадық. Бұл – ойландыратын мәселе. Сондықтан, оның зиянын жан-жақтан насихаттауымыз керек, – деді ол.

Дөңгелек үстелде лудомания, суицидтердің алдын алу мәселесі де айтылды. Облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Азамат Ибраев аяқталған суицидтер 18-45 жас аралығында орын алатынын айтты.

– Ер адамдар суицидті жиі жасайды. Олардың үлесі бірінші тоқсанда – 76%. Мұндай әрекетке итермелейтін факторлардың бірі – депрессивті-невротикалық бұзушылық. Бірінші тоқсанда сәл төмендегені анықталады. Аяқталмаған суицидтердің көрсеткіші – 100 мың адамға шаққанда 10,4. Көп жағдайда әлеуметтік және жеке психологиялық себеп болуы мүмкін. Орталық барлық медициналық ұйымдармен тығыз байланыста. Мамандарымыз барлық мекемелерге барып семинар, лекциялар жүргізеді, – деген Азамат Ибраев лудомания бойынша екі жылда 4 адам стационарлық ем алғанын айтты. Ол халықтың бұл мәселемен келмейтінін жеткізді.

Аталған орталықтың писихиатр-нарколог дәрігері Гүлнар Какимова жаңа психотропты заттар туралы баяндады.
Мамандар баланың бойында қандай да бір өзгерістерге мән беруді ескертті. Атап айтқанда, баланың оқу мен отбасы істеріне қызығушылығы жоғалса, ақша қажеттілігі артса, кей кездері тәбеті артып, күдік тудыратын достары пайда болса, әрекет ету қажет. Кез келген нәрсенің алдын алу оның салдарымен күрескеннен әлдеқайда жақсы.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button