Бес боксшымыз – жартылай финалды
Бокстан Ташкенте өтіп жатқан ерлер арасындағы Әлем чемпионатында бес отандасымыз жартылай финалға жолдама алды. Және олардың финалдық жолдаманы сарапқа салатын қарсыластары да белгілі болды. Ал, финал үшін болатын жекпе-жек 12 мамырда өтеді.
48 келі салмақта жұдырықтасқан Санжар Тәшкенбай жапониялық Кадзума Аратакені, 56 келіге дейін салмақтағы Махмұд Сабырхан Гана боксшысы Мохаммед Амадуды, 67 келідегі Дулат Бекбауов мексикалық Мигел Анхел Мартинесті жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. 71 келі салмақта Асланбек Шымбергенов француз Макан Траорені, 80 келідегі боксшымыз Нұрбек Оралбай ширек финалда иорданиялық Хуссейн Эйшайш Ишайшпен жұдырықтасып, жеңіске жетті.
Ал, 75 келіде бақ сынаған Нұрқанат Райыс бразилиялық Вандерлей Перейрадан, 57 келідегі Серік Теміржанов кубалық Сайдел Ортадан айласын асыра алмай, жүлдеге табан қалғанда сүрінді.
Биылғы әлем біріншілігінің жартылай финалында бес қазақ боксшысы сынға түспек. 48 келідегі Санжар Тәшкенбай ресейлік Эдмонд Худоянмен, 54 келідегі Махмұд Сабырхан кубалық Йосвани Ветиямен, 67 келідегі Дулат Бекбауов Грузия боксшысы Лаша Гурулимен финалдық жолдаманы сарапқа салады. Ал, 71 келідегі Асланбек Шымбергенов үндістандық Нишант Девпен, 80 келідегі Нұрбек Оралбай өзбекстандық Имам Хатаевпен жұдырықтасады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz