Бертіс хан және Бертіс бұлағы
Бертіс деген ат бәрімізге таныс, әсіресе, балқаштықтарға. Өйткені, қаланың өзі Бертіс аталатын кішкене шығанақтан орын тепкен. Балқаш 1937 жылы қала мәртебесін алғанымен, өткен ғасырдың 50-ші жылдарына дейін Балқаштан гөрі Бертіс станциясының аты көбірек танымал болғандығын соғысқа қатысқан майдангерлердің аузынан талай рет естіп едік. Соғыстан елге қайтқан уақыттағы жағдайларын әңгімелеген сол ардагерлер пойызға билетті Балқашқа емес, Бертіс стансасына дейін алғанын айтушы еді. Ол кезде Балқашты көпшілік әлі біле қоймайтын. Кейін комбинаттың аты дүрілдеп, атағы әлемге жайылған уақытта ғана Балқаш айтыла бастады дейтін сол ақсақалдар. Балқашқа алғаш теміржол келгенде, станса атауын «Бертіс айлағының» атымен «Бертіс стансасы» деп атап кеткен екен. Алғаш қала құрылысы салына бастағанда теміржол болмағандықтан, жүк су жолы арқылы көл үстімен тасымалданған. Кемелер тоқтайтын айлақ сол уақытта Бертістің атымен аталған.
Осы Бертіс деген ат қайдан шықты? Бертіс бұлағы болған ба және ол қайда? Бүгін сол жөнінде әңгіме етпекпіз. Бұл тақырыпты қозғауымызға себепкер болған қала тұрғыны, еңбек ардагері Рымбек Ілдебаевтың әңгімесі. Сондықтан, Рымбек ағаның пікірі – біз үшін өте маңызды әрі құнды.
– Бертіс жөнінде біраз адамдар жазған еді. Солардың көпшілігі Балқаш көлінің жағалауындағы шығанақтың аты Бертіс ханның есімімен байланысты екенін жазған болатын. Менікі соны айғақтайтын, бұрынғы үлкендерден естіген әңгіме, – деп бастады сөзін Рымбек аға. – Өзім Қаракесектің ішіндегі Шаншар руынан боламын, Бертіс ханның ұрпағымын. Балқаш топырағын басып жүргенім – осы бабамның қолдауы болар. Ұрпақтар шежіресін соңына қарай тарата жатармын, ал қазір шығанақтың қалай Бертіс аталғандығы жайында естіген әңгімемді жеткізейін.
Мен өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басынан сексенінші жылдарының соңына дейін он бес жылдай өзімнің кіндік қаным тамған бұрынғы Егіндібұлақ, қазіргі Қарқаралы ауданында қызмет істедім. Ол жақта көнекөз ақсақалдардың көзін көрген, әңгімелерін естіген үлкендер көп болды. Бұл да солардан естіген әңгіме.
Осыдан төрт-бес ғасырдай бұрын қазақтар Ташкенді өзбекке бермейміз, өзіміз басқарамыз деп, соғыс ашқан екен. Сол соғыста қазақтар қаланы қорғап тұрған қамалды бұзып кіріп, Ташкенді басып алыпты. Ол кезде қаланың ханы «қамалды кім бұзып кіреді екен?» деп мұнарадан қарап отырады екен. Қамалды бұзып, Ташкенді алып, түгел жайлап алғаннан кейін, соғысқа қатысқан батырлар Ташкеннің ханына барып, «Қамалды мен бұздым, мен бұздым» деп бірінен соң бірі айтса керек. Сонда Ташкеннің ханы: «Қайсың хан болсаң, оның бол, сендер жеңсеңдер, мен жеңілдім, бірақ қамалды нағыз бірінші бұзып кірген сендер емессіңдер. Дулығасында қарқарасы бар, астында қара ала аты бар, 25-30 жас мөлшеріндегі қара торы жігіт бірінші болып бұзып кірді», – депті.
Соғысқа қатысқан батырлар көп, содан «ол кім екен?» деп іздейді ғой бәрі. Сөйтсе, жарықтық атын талға байлап, терлігін астына, ерін басына салып, ұйықтап жатыр екен дейді. «Әй, Бертіс, қамалды сен бірінші бұзып кірдің бе?» – деп сұрайды. «Иә, бірінші мен кірдім» – дейді Бертіс.
Бәрі Бертісті киіндіріп Ташкеннің ханына алып барған екен.
– Міне, мына жігіт, осы бұзып кірген, – депті Ташкеннің ханы.
Содан Бертіс ақсақалдардың айтуымен 30 жыл Ташкенде хан болған екен.
Бір жылы 17 ұлы бір-ақ күнде оба індетінен қайтыс болыпты. «Енді хандық менің не теңім, мен еліме қайтайын, мына көк базарды бір аралатыңдаршы» – депті.
Базарға кіріп келе жатса, алдынан бір диуана шығады. Әлгіге атынан секіріп түсіп құшақтап сәлем беріпті де, «сен кімсің өзі, мен сендейлермен амандаспаушы едім» дейді. Сонда диуана:
– Әй, Бертіс, мен сенің құтқарушыңмын, – дейді.
– Сен менің құтқарушым болсаң, 17 ұлымды неге алып қалмадың? – депті. Сонда диуана:
– Еменнің түп тамырына келе жатқан найзағайды бұтағына бұрғаным құтқарғаным емес пе, еменнің түп тамыры аман болса, оған бұтақ шықпаушы ма еді? – депті.
– Айпырым-ау, сен де жай адам емес екенсің, онда сен менімен еріп жүр, – деп, елге алып қайтыпты. Қайтып келе жатқанда, жаз мезгілі болса керек, бір шығанақтың жағасына келіп дем алады. Дем алып біраз күн жатқаннан кейін: «Мынаның суында балығы, қамысында құсы, даласында аңы көп екен, мен жаздай осы арада дем аламын, сендер елге қайтыңдар да, үй-қора сала беріңдер», – деп, осы көлдің жағасына 80 аппақ үй тіккізіпті.
Ол кезде көлдің солтүстік тұсынан сауда жолы өтеді екен. Олай-бұлай өткен саудагерлер «Мұнда кім жатыр?» дегенде, біреу тұрып: «Қарқаралы хан Бертіс жатыр» – дейді. Содан осы шығанақтың жағасын «Бертіс» деп атап кеткен көрінеді.
Күзгесалым хан Бертіс еліне, Қарқаралы жаққа қайтады. Елге барғаннан кейін, бір күні таң сәріде, өзімен қоса еріп келген диуана күзетшілерді екі жаққа итеріп жіберіп, үйіне кіріп келіпті. (Бұл диуана тарихта Бегімысық әулие деген атпен белгілі болған тұлға. Аңыз бойынша, бірде Бегімысық әулиеге, «Сен осы әулиемін, әулиемін дейсің, ана өліп жатқан мысықты тұрғызшы, ал!» – депті жанындағылар. Сонда жаңағы кісі отыра қалып дұға оқығанда, «әлгі өліп жатқан мысық орнынан атып тұрып, қаша жөнелген екен дейді аңызда. Содан жаңағы диуана «Бегімысық әулие» атанып кетіпті).
Елге қайтқан кезде Бертістің жасы 60-тың мұғдарында екен.
– Әй, Бертіс, басыңды көтерші, – депті Бегімысық әулие. – Сен үйленші, үйленсең 3 ұл туады. Үлкеніңнің атын Бектемір деп қой, Бектеміріңнің басынан тепкілесе де, бектігі мен дәулеті кетпес. Кішісінің атын Қызылқұрт деп қой, құрттай көп болады, оны жауға қой. Ортаншыңның атын Әуез деп қой, бұл да ешкімнен кем болмайды, ағасы мен інісіне тірек болады, дәулетті болады, – деп айтыпты.
Жарықтық әулие айтып кеткендей, Бертістің балалары ешкімнен кем болған жоқ. Бертістің өз шешесі – қалмақтың қызы. Біз содан тараймыз. Шаншардың өзі еңсегей бойлы Есімханның батыры әрі кеңесшісі болған. Сол Есімхан Ташкенге Тұрсынхан деген қалмақтың ханын апарып отырғызған. Есімхан бір жорыққа кеткенде, жаңағы Тұрсынхан Есімханның өзінің ауылын шауып кетіпті. «Өзім асыраған күшігім өзімді қапты ғой, мен бұған енді көрсетейін» деп, Есімхан Тұрсынханды жаулап алған. Жаулап алса, Тұрсынханда ұл жоқ, жеті қызы бар екен. Жеті қызының төртеуін жасы үлкен төрт батырға береді де, үш кенже қызын сен аласың деп Шаншарға беріпті. Олар: Айбике, Нұрбике, Қызданбике. Айбикеден Келдібек, одан Қаздауысты Қазыбек бабамыз тарайды. Нұрбикеден Бертіс (негізгі аты Бердібек екен), Тілеуке, Тілеуқабыл. Тілеуқабылдан ұрпақ жоқ. Тілеукеден Жарылғап батыр, Мақпал Жүнісованың бабалары, ал Бертістен атақты Тәттімбет күйші және біз тараймыз.
Бертістен Бектемір туады. Бектемірдің Мөшеке деген ұлынан ұрпақ көп. Мөшекенің 13 ұлы болған. 13 ұлының 11-нен ұрпақ бармыз. Әлі күнге дейін біз бірге туған ағайын болып жүрміз. Көбісі Қарағандыда тұрады. Біз сол Мөшекенің тоғызыншы ұлының ұрпағымыз. Мөшекеден: Құттыбай, Серікбай, осының Серікбайынан Әбіш, Әлі. Әбіштен менің әкем – Нүгриден және Күмісжан. Бірақ мен 1949 жылдан Қабыз әкемнің тәрбиесінде болдым. Мені тәрбиелеп жеткізген Қабыз. Үлкен бабамыз Саманбайдан Жаманбала, одан Ілдебай, Сағындық, Шайқы туады.
Бертіс бабаның жаңағы үш ұлдан басқа тағы үш ұлы болған. Олар Бертіс бабамыз Ташкенге кетпей тұрғанда дүниеге келген балалары – Еспенбет, Қоқан, Өмірзақ. Олардың ұрпақтары қазір де бар, бұрынғы Егіндібұлақ ауданының «Абай» кеңшарында. Өмірзақтың ұрпақтары менің нағашым болып келеді, менің шешемнің төркіндері, өспеген ата. Шешемнің жаңағы үш ағасы «халық жауы» болып ұсталып кеткен, одан кейін немере екі ағасы кеткен. Содан қалған Жанпейістің Серігі деген, жауырыны жерге тимеген палуан болған, ол кісі 1984 жылы 89 жасында қайтыс болды.
Осы «Абай» кеңшарынан шығысқа қарай Мыржық деген жер бар, баяғыда Мыржық ауылдық кеңесі болған, кеңшар кезінде Мыржық бөлімше орталығы болды.
Мыржықта Мөшеке бұлағы деген бастау бар, Тәттімбет Мөшеке бұлағының басында туған. Ол бұлақ таудың ішінен басталады да, Арқалықтың Айрығына қарай кетеді.
Мен де сол Мыржықта туғанмын. Өмірімнің көбісі Ақшатау, Ақжал, Балқаш өңірінде өтті. Ел қатарлы қызмет жасап, өмір сүрдім. Қазір Балқаш қаласында тұрамын. Бұл қаланың мен үшін орны бөлек. Өйткені, осы жерде менің бабам Бертістің ізі қалған, – дейді Рымбек Нүгриденұлы.
Біздің білуімізше, ертеде осы Бертіс шығанағында Бертіс бұлағы да болған екен. Мұны анау бір жылдары батагөй қариямыз Қабылбек Рамазанов айтып отыратын. Қабекеңе Бертіс бұлағын әкесі – Рамазан Әлиманұлы осы қалаға көшіп келген жылдары айтып, көрсеткен екен. Рамазан Әлиманұлы – Әлихан Бөкейхановтың атқосшысы болған адам. Ол кісіге бұл бұлақты Әлихан Бөкейханов көрсетіп кетіпті. Ал, Қабылбек Рамазанұлы 1987 жылға дейін «Ақтоғай» кеңшарында еңбек етті. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Балқаш қаласында тұрды.
Қабылбек ағаның әкесі Рамазан ақсақалды екі рет көргенім бар – 1989 жылы немересі Қазбектің үйлену тойында, одан кейін 1991 жылы қазан айында «Балқаш өңірі» газетінің ұжымымен үйіне амандасуға және 100 жасқа толуымен құттықтауға барған кезде. Ақсақал 1994 жылы жасы 103-ке келіп дүниеден өтті.
Әкесінен естіп, білген және бастауын барып көрген Қабылбек ақсақал Бертіс бұлағын қаламыздың біраз азаматтарына айтып көрсетіп кетті. Ол бастаудың көзі 10-шы шағын аудандағы Қабекеңнің тұрған үйінің жанында болатын.
Біздің естуімізше, өткен ғасырдың 80-90 жылдары Бертіс бұлағының үстіне көп қабатты тұрғын үйлер салмақшы болған, алайда жер астынан су шыға берген соң, бастапқы шешімнен бас тартқан. Мұндай әңгіме ел ішінде айтылып жүрді. Оның шындыққа қаншалықты жанасатынын білмеймін, бірақ бір нәрсе айқын, ол – Бертіс бұлағының болғандығы және ол жерге кейінгі он бес жыл ішінде бірнеше көп қабатты үйлердің тұрғызылғандығы.
Бертіс хан және оның атымен аталатын бұлақ туралы интернеттегі уикипедияға үңіліп көрейік, онда біздің айтқанымызды растайтын нақты мәлімет бар:
«Бертіс би (1633-1707 ж.ж.) орта жүз арғын тайпасының қаракесек (Болатқожа) руынан шыққан. Əкесі Шаншар Бұлбұлұлы Есім хан мен Тұрсын ханның қақтығысы тұсында Есім жағында болып, айрықша шешендігімен де, көсемдігімен де көзге іліккен. Бертіс Шаншарұлы –ХVІІ ғасырда жоңғар-қазақ соғысында ерлік танытып топ бастаған, қиын-қыстау кезеңде тапқырлық көрсеткен тұлға. Ташкентті, Балқаш өңірі мен Қарқаралыны жоңғар басқыншыларынан азат ету шайқасына тікелей қатысқан. Тәуке ханның кеңесшісі болған. Ескіден жеткен аңыз әңгімелерде Бертіс Шаншарұлы биліктен тайған ханның орнына әмір болып, Ташкент өңірін басқарғандықтан, «Қарқаралы хан Бертіс» аталыпты дейді. Бертіс Шаншарұлы сонымен қатар «сегіз қырлы, бір сырлы» майталман шешен, дарынды ақын, дәулескер күйші болған. Өспенбет, Бектемір, Мөшеке, Қазанғап, Қантай, Тонтай тәрізді би-шешендердің, атақты күйші Тәттімбет пен Абайдың анасы Ұлжанның үлкен атасы. Балқаштың жағасындағы шығанақ, теңіз жағалауының солтүстігіндегі бір бұлақ Бертіс бидің есімімен аталады. Ұрпағы Тәттімбет «Бертіс» атты күй шығарған. Бертіс би Шаншарұлы өзінің аманаты бойынша Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген». Уикипедиядағы қысқаша мәлімет осы.
«Бізде Балқаш атауы берілген екі станса бар, екеуін бір-бірінен айырып тұрған «1» және «2» сандары ғана. Осы екі санды көрсетпей-ақ, Балқаш-1 стансасын «Бертіс стансасы» деп өзгертсе дұрыс болар еді», – дейді әңгіме арасында Рымбек Ілдебаев.
Расында, екі стансаның атын бірдей атаумен атамай, 1935 жылдан пайдаланылып келе жатқан ескі вокзалды «Бертіс», ал 1970 жылдардан бастап халыққа қызмет етіп келе жатқан «Балқаш-2» жаңа вокзалын жай ғана «Балқаш» десек, тарихи әділдік қалпына келер еді.
Станса атауын өзгерту мәселесін шешу қиын болатын болса, онда Бертіс бұлағы бастау алатын 10-шағын ауданның атын «Бертіс би шағын ауданы» деп өзгертуге болар еді. Бұл ұсынысты халықтың қолдайтынына сенімдіміз.
Қуандық МАҚСҰТҰЛЫ.