Жаңалықтар

Берлібектің белестері

Осы бір орта бойлы, қарапайым қара баланы жасөспірім күнінен білетін едім. 1970 жылдары Егіндібұлақ селосындағы мектеп-интернатта менің інім Бекенмен бір класта оқыған бұл баланың аты-жөні Берлібек Әбдікәрімов болатын. Сол жігіт 1972 жылы мектепті алтын медальға бітіргенде таң қалғанымыз рас. Ауылдық жерде мұндай үздік бағаға бітіретін балалар бірен-саран еді. 1967 жылы осы Берлібектің ауылдасы, яғни, бұрынғы «Қазақстанның 40 жылдығы» совхозынан Серік Қарабалин деген жігіт мектепті алтынға бітірді. Осылайша бір ауылдың екі баласы айды аспанға шығарды. Содан бері Берлібектің өмір жолын сырттан бақылап, жеткен жетістіктеріне қуанып отырамын. Енді сол аңқылдаған ақкөйлек жігіттің өмірбаянына үңіліп көрейік.

Сурет автордан

Берлібек Бейсенбекұлы Әбдікәрімов 1956 жылы 17 қаңтар күні бұрынғы Қу ауданының Шарықты ауылдық кеңесіне қарасты Ленин колхозының орталығы Шөптікөл ауылында дүниеге келген. 1962 жылы осы ауылдағы бастауыш мектептің бірінші сыныбына оқуға барады. Әкесі Бейсенбек 1950 жылдары агроном мамандығын алып, шаруашылықта еңбек етеді. Бейсекең жас кезінде күреспен айналысып, балуан атанған. 1957 жылы Берлинде өткен бүкіл дүниежүзі жастары мен студенттері фестивалінің құрметіне орай Қарағанды қаласында селолық аудандардың арасында жарыс өткен екен. Сол жарыста қазақша күрестен бақ сынауға Қу өңірінен біраз жігіт қатысыпты. Сол бәсекеде әр салмақ дәрежесі бойынша Балқантаудан барған Бейсенбек Әбдікәрімов, Ыбырай Тергеубеков, Мағау Бекішев жеңімпаздар қатарында болған. Бейсекеңнің әкесі Әбдікәрім де кезінде күрескенін, Егіндібұлақтың басында тұрған Рымтай ақсақалмен жиын-тойда үнемі бәстесіп, күресетінін жұрт аңыз қылып айтады. Яғни, бұл әулетте балуандық тұқымында бар деген сөз. Алайда, әкесі 37 жасында сырқаттанып, 1966 жылы марқұм болып кетті. Анасы Нұрзила алты баласымен бар-жоғы 32 жасында аңырап қала береді. Қолында қартайған ата-енесі болған-ды. Ол уақытта ұлдың үлкені, екінші баласы Берлібек 10-ақ жаста болатын. Кенжесі әлі бірге де толмаған. Сөйтіп, анасының мойнына ауыр жүк ілінді. Жасы келген ата-ененің күтімінен басқа шиеттей 6 баланы асырап, жеткізу міндеті тұрды. Бала-шағасын қатардан қалдырмау үшін анасы бірнеше қара жұмысты қоса атқарды. Мектептің еденін жуды, интернаттың қазандығын жақты. Совхоздың барлық маусымдық жұмыстарына қатысып, қой қырықты, төл алды, сиыр сауды, қысқасы, барлық ауыр жұмыс­тарды атқарды.

Берлібек бала болса да, бастарына қиындық түскенін бірден аңғарып, өзінен кейінгі үш інісі анасына қолдарынан келгенше көмектесуге тырысты. Берлібек ұлдан үйдің үлкені болғандықтан ауырлықтың қамытын ерте киді. Қара жұмысқа араласты. Он екі жасында табыс табайын деп жаз айларында ауылдың жекеменшік малын бақты. Ал, он үш жасынан бастап, мектеп бітіргенше жазғы демалыс кезінде шөп шабатын тракторшыға прицепщик болып жұмыс істеді. Сондай науқандық жұмысқа қатысқан ауылдың адамдары біледі, шөп шабатын машинада отыратын прицепщик деген болады. Ол темір орындыққа күні бойы отырып, көзі шөп машинасының шалғысында болады. Себебі, тас немесе төбешік кездессе, тиісті тетікті аяқпен басып шалғыны көтеріп қалу керек. Әйтпесе, жер немесе тас қапқан шалғы істен шығып қалады. Жұмыс тоқтап қалады, сөгіс естисің, бәрінен бұрын бос тұрғаның үшін жалақы төленбейді. Бір сом болса да, үйге көмек болсын деп жанұшырып жүрген балаға бұл оңай емес. Сондықтан, күннің ыстығында қалғып кетпеуге тырысып, екі көзі сырылдаған шалғыда болады.

Әрине, бұның бәрі айтуға ғана жеңіл. Бозторғай шырылдаған таңның атысынан, кеш батқанға шейін, шақырайған күннің астында, аптап ыстықта бұғанасы бекімеген жас балаға шөп шабу деген оңай емес. Мұндай еңбекке ерте араласып, ширап өскен баланы қазақ «тесік өкпе» болып өскен азамат дейді. Осылайша, Берлібек үш жыл қатарынан шаруашылықтың маусымдық жұмысы – қоғамдық малға азық әзірлеуге белсене қатысты. Өзіне және бауырларына мектепке керекті киім-кешек, оқу құралын сатып алуға қаражат тапты. Ең бастысы, совхоздың, үйдің қара жұмысын істей жүріп, оқуды да ұмытқан жоқ. Кітапты көп оқыды. Соның арқасында 1972 жылы 16 жасында Егіндібұлақ мектеп-интернатын алтын медальға бітірді. Оқуда үздік, қоғамдық жұмыста белсенді болды. Сол жылы Целиноград қаласындағы ауыл шаруашылық институтына оқуға түсті. Осы институтты 1977 жылы инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, өзінің туған жері «Қазақстанның қырық жылдығы» совхозына машина-трактор ауласына (МТМ) меңгеруші болып орналасты. Сонымен қоса, шаруашылықтың бастауыш комсомол ұйымының қоғамдық негіздегі хатшысы қызметін қоса атқарды. Ол өзіне тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтын әдеті бойынша комсомол ұйымының жұмысын жандандырып, жастарды ауылдың саяси, мәдени өміріне белсене араласуына қол жеткізді. Осы еңбегі лайықты бағаланып, Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Өзінің негізгі жұмысын да ұмытқан жоқ, МТМ-нің меңгерушісі ретінде барлық техниканың жүріп-тұруына, уақытында жөнделуін қамтамасыз ете білді.

Сол кездегі совхоз директоры Дәурен Қарасартов­тан көп нәрсе үйренді. Себебі, комсомол ұйымының хатшысы ретінде бүкіл жиындарға, лездемелерге қатысып жүріп, қызметтің ретін көңіліне түйіп отырды.
Өзінің инженерлік міндетін мінсіз атқарды. Техникаларды жетілдіру үшін жаңа тетіктер ойлап таба бастады. Мысалы, егін себу кезінде тұқым таситын ГАЗ-51 жүк көліктерінің өнімділігі төмен болып, жұмыс жиі тоқтап қала беретін. Жері құнарлы болғандықтан ол уақытта «Қазақстанның 40 жылдығы» совхозының егіс көлемі көп болатын. Ал, кең алқапқа тұқымды уақытында себу керек. Ол үшін техника өнімді жұмыс істеуі қажет. Жұмыс өнімді болуы үшін ЗИЛ машинасының артқы бортына гидравликаның майымен айналатын тұқым түсіретін шнек орнатып, тұқымды тез жеткізудің жолын тапты. Жұмыс өнімділігі артып, техникалар үздіксіз жұмыс істейтін болды. Содан 1980 жылы сәуір айында Қоянды ауылында егін егу науқанына байланысты өткен семинарға қатысып, осы қондырғыны көрсетті. Оны сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шалабай Қуанышев көріп, оны мақтап, қондырғыны жаппай қолдануға кеңес берді. Аудан басшысының көзіне түскен соң көп ұзамай Абай атындағы совхозға бас инженер болып тағайындалды. Сөйтіп, сол жылы мамыр айында бас инженерлік қызметке кірісті. Бұл шаруашылық 1954 жылы тың игеру кезінде астық өндіру үшін құрылған үлкен совхоз еді. Мұнда 20 мың гектар жерге егін егілетін, 30 мыңнан аса қой өсірілетін. Үлкен шаруашылық болған соң техника өте көп, бірақ механизатор мен малшылар тапшы. Бұл совхозда да тұқым жеткізетін машиналардың мәселесі шешілмей тұр екен. Қызметке мамыр айында кіріскендіктен сол жылы өзі ойлап тапқан шнекті қолдануға үлгермеді. Келесі жылы бес ГАЗ-53 жүк көлігінің артқы бортына гидравликалық шнек орнатып, тұқымды егіс басына жеткізу мәселесін толық шешті.

Берлібек Абай атындағы совхозға бас инженер болып келгенде жөндеу шеберханасының меңгерушісі жоқ екен. Машина-трактор ауласының меңгерушісі зейнет жасына жеткен, көп жылғы жұмыстан шаршаған адам болып шықты. Шеберханада электрмен дәнекерлеуші, автоэлектрик жоқ. Сырттан келетін кадр жоқ. Ауылды жақсы білетін адамдармен ақылдасып, мәселені шешудің жолын іздеді. Бұрын осы салада істеген мамандар түрлі себеппен тракторшы болып кетіпті. Сондай инженер-техниктермен жеке-жеке ұзақ сөйлесудің арқасында оларды шеберхана мен машина ауласы меңгерушісіне қойды. Осындай қолы алтын, баспен ойлап істейтін мамандардың арқасында жұмыс жүріп кетті. Алғашқы нәтижелері көрінді. Атап айтқанда, өмір бойы ашық жатқан машиналар ауласын қоршады. Жөндеу шеберханасының төбесін жөндеп, су ақпайтын дәрежеге жеткізді. Бөлшек саймандар сақтайтын жаңа қойма салып, жанар-жағармай базасына колонкалар орнатылды. Басқадай ұсақ-түйек жұмыстар істеліп, совхоздың техника саласы толық ретке келтірілді. Аудан басшылары оның осындай тиянақты жұмысын жоғары бағалап, 1986 жылы аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылық бөліміне нұсқаушы етіп тағайындады. Осылайша кабинеттік қызметтің де тамырын ұстап көрді. Бір жылдан кейін «Арқалық» совхозының партия ұйымына хатшы болып сайланды. Дәл сол жылдары, яғни, 1987-1992 жылдары осы шаруашылыққа Мұрат Нұрақышев директор болған еді. Берлібек болса-болмаса, партия ұйымын басқарды. Мұрат аға өзін жаңаша ойлайтын басшы ретінде көрсете білді. Ауылда жаңа мәдениет үйі бой көтерді. Көшелер асфальтталып, абаттандырылды. Тері өңдеу, тон тігу цехы іске қосылды. 1990 жылы Тәттімбет Қазанғап­ұлының 175 жылдығы атап өтілген тұста ауылды көркейту жұмысы қыза түсті. Ұлы күйшінің жерленген мәңгілік қонысы қоршалып, ескерткіш орнатылды. Совхозға Тәттімбет күйшінің аты берілді. Осы жұмыстарды ұйымдастыру барысында партия ұйымының хатшысы ретінде Берлібек Әбдікәрімов көп үлес қосты. Іскер басшы болған Мұрат Шәуенұлынан тәрбие алып, ол кісінің тәжірибесін үйренді. Шынында да, бұл жылдар Берлібек үшін жемісті қызметтік дәуір болды. Бір сөзбен айтқанда, жұлдызды сәті еді. Одан кейін осы ауылдың селолық кеңесін басқарды. Тәттімбет атындағы совхоздың директоры болды. Жекешелендіру басталған тұста «Тәттімбет» шаруашылығы серіктестігінің төрағасы қызметін атқарды. Турасын айтқанда, ол басшы ретінде қалыптасып, халықпен жұмыс істеудің өмірлік мектебінен өтті. Ең маңыздысы, жұртпен жұмыс істей білуді үйренді. Кейбір басшылар құсап бақырып-шақырмай-ақ, ақылмен, сабырмен әрекет ете алатын жағдайға жетті. Өзінің тумасынан жайдарлы мінезінен ешқашан тайған емес. Үлкенге ізет, кішіге қамқор болу оның ата-анасынан дарыған қасиет.

Берлібектің бұдан кейінгі өмір жолына үңілсек, 10 жылға жуық Арқалық ауылында басшылық қызметте болғанын айттық қой. Ол 1996-1997 жылдары Қазыбек би ауданының экология және биоресурстар басқармасының бастығы болды. Бұдан кейін ауыл әкімі қызметіне ауысып, осы салада табысты еңбек етті. Атап айтқанда, 1997-2013 жылдары Қарқаралы ауданының Қоянды селолық округінің әкімі болып, осы өңірдің дамуына үлес қосты. Ал, 2013-2020 жылдары осы ауданның Қаракөл селолық округінің әкімі болып жемісті еңбек етті. 2019 жылы жасы жетуіне орай зейнеткер мәртебесін алды. Қандай қызмет болмасын, өзіне қандай міндет жүктелмесін ол әрдайым мінсіз орындап, халықтың алғысына бөленді. Үкімет тарапынан да түрлі медаль, құрмет грамотасымен, төсбелгімен марапатталды. Облыс әкімінің Алғыс хатына және салалық құттықтауларға ие болды. Сонымен қоса, халықтың сенімін арқалап, Қарқаралы аудандық мәслихатының депутаты болып сайланған кездері де болды. Міне, Берлібектің өмір белестері, жүріп өткен жолы осындай. Енді әңгіме ауанын басқа жаққа аударып көрелік.

***
«Тектіден текті туады, ата жолын қуады» деген халқымызда сөз бар. Сол сөздің растығына күмән келтіруге болмайды. Осы мақаланың кейіпкері Берлібек Әбдікәрімовтің де сондай тектінің тұқымы екені анық. Оның ата-тегін таратып, шежірені оқысаңыз, оған көз жеткізесіз. Қалың Қаракесек ішінде шаншарлар деген бар. Олар ХVII ғасырда «Еңсегей бойлы ер Есім» атанған, ордасы Түркістанда болған Есімханның бас уәзірі, Орта жүздің бас биі болған Шаншар абыз Бұлбұлұлының тұқымдары еді. Сол абыздың Нұрбике есімді бір бәйбішесінен Бертіс және Тілеуке атты екі ұл туған болатын. Қазіргі Егіндібұлақ өңірінің үштен бірін алып жатқан Жарылғап деген ру бар, осы Тілеукеден тарайды. Ал, Жарылғаптың бірнеше ұлы болған. Сол ұлдарының бірі Жоламанның бес бәйбішесінен 16 ұл тараған. Сол ұлдарының бірі Көбдік ата, бүгінгі кейіпкеріміз Берлібек осы кісінің ұрпағы. Яғни, Көбдіктен – Дуана, одан Нұржан, одан Әбдікәрім, одан Бейсенбек, Бейсекеңнен Берлібек туған.

Біз жоғарыда әңгімемізді тектен бастадық қой. Сол тектінің тұқымы Әбдікәрім ата (жұрт ол кісіні Қошқар есімімен біледі) болатын. Әбдікәрім Нұржанұлы 1895 жылы Қу болысының №2 ауылында туыпты. Әлихан Бөкейхановтың жазбасына сәйкес, осы №2 ауылда Көбдіктен тараған 40 үй болған. Бұл қазіргі Шөптікөлдің маңы болса керек. Ал, өлкетанушы Ю.Поповтың кітабында Шөптікөлге жақын Желтауда Заводской деген орыс поселкесі болғаны айтылады. Сондағы мыс қорыту заводы 1908-1915 жылдары Екібастұз өндірістік бірлестігінің филиалы ретінде жұмыс жасаған. Заводтың иесі кен өндіруші К.Л.Вахтер деген неміс болыпты. Поселкеде негізінен орыстар тұрған. Бірақ, жақын маңдағы ауылдардан жергілікті тұрғындар да жұмыс істеген. Мыс рудасын № 2,3 ауылдардың қазақтары Көктастан (қазір алтын шығып жатқан жер) арбамен, қыста шанамен тасыған. Жасөспірім кезінде Әбдікәрім сол заводқа барып жұмыс істеп, балташы мамандығын игерген. Сонда хат танып, орыс тілін меңгерген. Тумасынан алымды, жасынан қара жұмыс істеген Әбдікәрім кейін бүкіл ауданға белгілі балташы болған. Қу ауданы құрылған кезде атқарылған жұмыстарға белсене араласқан. 1928 жылы Қу ауданы құрылған кезде аудан орталығы Егіндібұлақ ауылы сол кездегі ҚазақАССР-нің үкімет басшысы Нығымет Нұрмақовтың тікелей нұсқауымен екі қабатты 3 ғимарат, бір қабатты 3 ғимарат тұрғызылған. Негізінен, ағаштан салынған осы құрылыстарға шебер балташылар Рымтай Мақышев, Әбдікәрім Нұржанов, Кенжебек Келдібеков, Берлібек Бәкіжанов көп еңбек сіңірген екен. Мысалы, жуан бөренелерді екі метрлік биік трапқа салып қойып, жаңағы балташылар Әбдікәрім мен Берлібек бірі үстінде, бірі астында тұрып, арамен тақтай тіледі екен. Реті келгенде айтып қалайық. Әбдікәрім ата ұлдан тұңғыш немересінің атын өзінің қанды көйлек жолдасы Берлібек Бәкіжановтың құрметіне Берлібек қойған ғой. Достыққа берік бұрынғының адамдары сондай болады. Басқа біреу болса, Марат, Мұрат деп жаңаша есімді бере салар еді.

Мақаланың басында Әбдікәрім (Қошқар ата) ақсақалдың басында балуан болғанын айтып едік. Осы қолы қарулы, әрі шебер балташы бұрынғы Қу өңірінде салынған ірі ғимараттарды тұрғызуға қатысқан. Мысалы, 1936 жылы салынған Арқалық ауылдық кеңесінің Ақтастыдағы орта мектептің құрылысына қатысыпты. Шебер балташы ретінде Майқайың алтын заводының, Теміртаудың түбіндегі Самарқанд су қоймасының құрылысына өз үлесін қосқан екен. Жалпы, Әбдікәрім ата ән-күйден хабардар, көзі ашық, көкірегі ояу адам болған ғой. Бір кездері Қоянды жәрмеңкесінде жиі ұшырасып, дос болған қазақтың белгілі актері, режиссері Жұмат Шаниннің құрметіне екінші шөбересінің атын Жұмат қойған екен. Себебі, Жұмат Шанин туған Шана қыстағы кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Шөптікөл бөлімшесіне қараған. Қоянды жәрмеңкесінен қол созым жерде болған. Кейін Баянауыл ауданына қараған «Южный» совхозы қазір Жұмат Шанин ауылы деп аталады.

Мұнымен қоса, Әбдікәрім ата Қазақстанның халық артисі Қали Байжановпен де кезінде жақсы араласқан. Қали әнші Баянауыл ауданының тумасы болып есептелгенімен, оның туған Нағайбыл қыстағы қазіргі Айыр ауылынан алыс емес. Қалекең жасырақ кезінде Желтау мыс заводында тас қалаушы болып жұмыс істепті. Таныстық осы жерден басталған. Кейін Қали әнші Қоянды жәрмеңкесінде жиі өнер көрсетіп, осы өңірде қалып қойған. Бертінде Қарағанды қалалық радиосының хорында әнші болған ғой.
– 1972 жылы Целиноград қаласына институтқа түсуге бара жатқанда Қарағандыдағы 45-ші кварталдағы Қали Байжановтың шаңырағына, яғни, үйіне атам мені алып келіп, қонып кеттік. Ол кезде Қалекең жоқ, бәйбішесі мен балалары бар еді. Әбдікәрім ата мені оқуға апара жатып, менің жолым ашылсын деп ырымдап, Қали әншінің үйіне әдейі қондырған еді. Сонда атам 82 жаста, бірақ, жалғыз өзі автобусқа мініп қайдан болса да, кете беретін. Жүріс-тұрысы ширақ, ең бастысы, тіл білетін. Қай тілде болсын жөн сұрап жүре беретін, – дейді бізбен әңгімесінде Берлібек Бейсенбекұлы.

***
– Қашан да халқыма ризамын. Әрдайым алақанға салды. Тіпті, осыдан 49 жыл бұрынғы үйлену тойымызды бүкіл ауыл болып атқарды. «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін», – деген сөз осыдан қалған шығар. Атамның абыройы, әкемнің жайсаңдығы, анамның көпшілдігі мен бауырмалдығы, міне, жетпіске келгенше азығым болды. Халықтың батасы, елдің тілегі шығар, қазір үлкен әулеттің атасы болып отырмын. Бәйбішем Гүлнар екеуміз алты бала өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немерелердің қызығына бөленіп, ақар-шақар ел болдық, – дейді бүгін 70 жасқа толып отырған Берлібек ата.
Туған күн құтты болсын, Беке!

Серік СЕКСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
«Құрмет» орденінің иегері

Басқа материалдар

Back to top button