Берел қорғандары: бабалардан – бағалы мұра
Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданы аумағындағы Берел қорымында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесі біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтың орта кезеңі мен екінші жартысындағы көшпенді қауымға тән мәдени-тарихи әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерден мейлінше мол мағлұмат беруімен ерекшеленді. Бұл жер осында жерленген сол кезеңдегі беделді адамдар мен олармен бірге жер қойнынан табылған Сақ-Сібір үлгісіндегі аңдар бейнесінде жоғары көркемдікпен жасалған асыл бұйымдары арқылы ғаламдық танымалдылықты иеленді. 1999 жылғы қазба жұмыстарының нәтижесіне әлем ғалымдары «ХХ ғасырдың ғажайып археологиялық жаңалығы» деген анықтама берді.
Бағзы замандағы көшпенді бабаларымыз осынау аумақты өздерінің көсемдері мен есімдері елге мәлім азаматтарының мәңгілік тыныстайтын мекені ретінде бекерден бекер таңдап алмаған. Қорғандар орналасқан алқап алыстан көзге түседі және табиғи түрде барлық тұсынан биік таулармен қоршалған. Көне дәуірдегі адамдар сол таулардың басында Құдайлардың тұратынына, ал өмірден баз кешкен бабаларының рухы зеңгір көкке көтеріліп кететініне сенімді болған. Ал, осы алқап пен ондағы қорғандар Тәңірге мінәжат ету орны саналған.
Берел археологиялық кешенінде түрлі көлемдегі жүзден аса жерлеу-құлшылық ету құрылымдары бар. Сол кезеңдегі адамдар өздерін басқару тізгінін ұстаған тұлғаларға еңселі молалар орнатқан, оған қойылған марқұмдардың мүрделері ұзақ уақыт бұзылмай сақталған. Себебі, бабаларымыз бақиға көшкендердің денелерін бальзамдау құпиясын меңгерген, ал құрылыс салу машығы қорғандардағы көр лақаттарын тоңазыған қалыпта ұстауға мүмкіндік берген. Салқын ауа жағда- йындағы молаларда сақтардың көшпенді қоғамының үстем тап өкілдерінің мүрдесімен қоса жерленген өзгеше болмыстағы дүниелер – киім-кешек, ат әбзелдері, ағаштан жасалған бұйымдар мен ыдыс-аяқтар, тері мен киізден тігілген заттардың бастапқы қалпы бұзылмай сақталған. Ескі күндерден жеткен ескерткіштердің елең еткізер ғажайыбы – дәл осы ерекшелігінде.
Мұндағы ең ірі қорғанға патшалық құрған ер адам мен әйелдің денелері қойылған. Олардың мүрделері лақат қимасы ішіндегі сағызқарағайдан ойылған астауға жатқызылған, іргесінде 13 сәйгүліктің сүйегі жатыр. Аттар жүгенделіп, ер-тоқым салынған, ал олардың тауешкінің ағаштан қиылған мүйізі орнатылған маска кигізілген. Әбзелдері де ағаштан әзірленіп, ою бедерлері салынған және қалайымен, сондай-ақ алтын қақтамасымен қапталған. Жылқылардың әлгі әбзел- дерінде жануарлар мен хайуанаттардың, яғни, мысықтұқымдас жыртқыштардың, тауешкілер мен қойлардың, бұғылардың, жыртқыш құстар мен ертегі-аңыздар кейіпкерлерінің бейнелері көрініс тапқан. Әсіресе, жүннен ширатылған жіпті қолдана отырып әзірленген, мүйізді маска киген қанатты аттың мүсін-бейнесі өзінің тартымдылығымен ерекшеленеді.
Ондағы технологияның жоғары деңгейі, сүйкімді бейненің айрықша ықыласпен жасалуы және бояу түстерінің асқан шеберлікпен таңдап алынуы кімді де болсын, таң қалдырып, тамсандырады.
Қазіргі таңда бұл – бағзы замандағы сәулетшілер мен қолөнер шеберлерінің еңбегінің арқасында пайда болған, қорғанысты табиғи тоңазытқышы ойластырылған Қазақстандағы бірден-бір ескерткіш. Бабалардан қалған бағалы мұра. Бар ғаламға көшпенділер мәдениетінің бағзы күндердегі көркем қалпын паш еткен бірегей дүние. Еркіндік пен кеңдікті сүйетін Ұлы Дала Елі азаматтарының ат құлағында ойнаған, қару-жарағын жетілдіре білген, ұрыс тактикасын жетік меңгерген жауынгер ғана емес, шеберлігі өрісті халық өкілдері екендігінің дау тудырмас айғағы.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.