Бас тақырып

Берекелі белесті бағындырған аймақ

Облыс экономикасының тұрақты өсуі мен өнеркәсіптік дамудың оң динамикасы осы жылы да жоспарлы жалғасын тапты. Өңдеу өнеркәсібіндегі жарқын жетістіктер, жаңа өндіріс нысандарының іске қосылуы, инвестиция игілігінің артуы және шағын және орта бизнестің өркендеуі секілді жағымды жайттар аймақтың экономикалық әлеуетін айтарлықтай арттырды.

Сурет novoetv.kz

Табыс – 3,6 трлн. теңге

Енді дерек пен дәйекке жүгінелік. Осы жылы облыстың өнеркәсіптік өндірісі 12,1%-ға өсті. Табыс – 3,6 трлн теңгеге. Өңдеу өнеркәсібі саласында 2,7 трлн теңге шамасында өнім шығарылып, негізгі үлесті қамтамасыз етілді. Негізінен өсім көрсеткіші сап басындағы салалардың барлығында аңдалған. Атап өтерлігі, машина жасау, резеңке және пластмасса бұйымдары, фармацевтика, металлургия кешендері. Тұрақты өндіріс пен жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы арқасында нәтиже көз қуантарлық. Облысқа 1,1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, іргелі жобалар жүзеге асырылу үстінде. Сәйкесінше, индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарда жаңа өндіріс нысандары ашылып, мыңдаған жұмыс орны құрылған.

Тағы бір мысал. Машина жасау бағытындағы өндіріс көлемі 21,6%-ға өсті. Бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тұрақты қызметі мен жаңадан іске қосылған зауыттардың өндіріс қарқынын арттыру нәтижесінде мүмкін болған. «Qaztehna» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі автобустар мен арнайы техника шығаратын зауыт жыл басынан бері 1180 бірлік техника, оның ішінде, 1062 автобус өндірді. Сонымен қатар, тұрмыстық техника шығаратын «Silk Road Electronics» зауыты 118 мың бірлік техника шығаруға қол жеткізді.

Резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде 27,5%-дық өсім тіркелді. Бұған «Tengri Tyres» ЖШС-нің шиналар шығаратын зауытының іске қосылуы айтарлықтай септігін тигізген. Осы уақытқа дейін зауыт «Attar» маркалы 140 мың шина өндірді.

Ал, фармацевтика өнеркәсібінде 34,6% өсімге «Қарағанды фармацевтикалық зауытының» тұрақты жұмысы әсер етті. Металлургия саласында да оң динамика байқалды. Қара металлургия өндірісінің көлемі 13,8%-ға өсті. Бұл – «Qarmet» АҚ мен «Қазақмыс корпорациясы» сынды облыстың жүйе құраушы кәсіпорындарының тұрақты қызметінің нәтижесі. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша «Qarmet» кәсіпорнының болат өндірісі 14%-ға артқан. Түсті металлургияда «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мыс өндіру көлемін 16,4%-ға ұлғайту нәтижесінде жалпы өсім 7,5%-ды құрады.

11 инвестжоба – 2 мың жұмыс орны

Инвестиция тарту саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Облысқа 1,1 трлн теңгеден астам қаражат «өз аяғымен келген». Ағымдағы жылы 195 млрд теңге сомасына 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланды. Бұл өз кезегінде 2 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға тың мүмкіндік ұсынады. Ірі жобалар қатарына Шет ауданындағы «Kyzyl Aray Copper» серіктестігінің жылына катодты мыс өндіруге арналған «Алмалы-2» тау-кен өңдеу кешенінің құрылысы жатады. Жоба құны – 112,5 млрд теңге. Құрылыс барысында қосымша 780 жұмыс орны құрылмақ. Сонымен қатар, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында «Qaragandy Power Silicon» ЖШС кешенді қорытпалар өндіретін зауытын салу жұмыстары басталды. Жобаның құны – 62,8 млрд теңге. Бұған 1145 жаңа жұмыс орнын қосып қоялық.

Облыстың өнеркәсіптік алаңдарын дамыту жалғасуда. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының аумағында қазіргі уақытта 24 резидент тіркелген, оның ішінде, ағымдағы жылы 4 жаңа қатысушы тіркелген. Ерекше жеңілдікті режимнің арқасында арнайы экономикалық аймақ аумағында 10 жоба іске қосылып, 185,6 млрд теңге жұмылдырылды. 1 354 жұмыс орны құрылды. Іске асыру сатысында 14 жоба бар. Мұның ішінде «Power Blast» ЖШС жарылғыш заттарды өндіру жобасын биыл іске асыру көзделді. Ірі өнеркәсіптік алаңдарының бірі – «Саран» индустриялық аймағында да жоталы жобаларды іске асыру белсенді түрде жалғасуда. Қазіргі таңда резиденттер бұл аймаққа 200 млрд теңгеден астам инвестиция құйып, 4 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Аумағында жалпы құны 386,2 млрд теңге болатын 9 жоба жүзеге асырылуда. Жақын арада «Қазақстандық ыстық мырыштау зауыты» ЖШС-нің мырышталған металл бұйымдарын өндіру және «ТАМПО-Қазақстан» ЖШС-нің болат түзу жік құбырларын өндіру бойынша жобалары іске қосылады.

Инфографиканы дайындаған А.Коктаева

Орта және шағын бизнес белдеуі

Сонымен қатар, облыста 3 шағын өнеркәсіп аймағын құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қатысуымен жүзеге асырылуда. Бағдарлама өңдеу өнеркәсібінде шағын және орта бизнес субъектілеріне дайын өндірістік ғимараттар салуды немесе қолданыстағы ғимараттарды қайта жаңартуды қарастырады. Жоба аясында 3% жеңілдікті кредит беру механизмі қоса ұсынылған.

Арқада ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру үдерісі де бәсеңсімейді. 2024 жылы «Qarmet» АҚ мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС сияқты жүйе құраушы кәсіпорындар 77 жергілікті кәсіпорынды жалпы сомасы 119,6 млрд теңгеге тапсырыстармен қамтамасыз етті. Ағымдағы жылдың басынан бастап 7,1 млрд теңге көлемінде 12 офтейк-келісімшарт жасалып, олар сәтті жүзеге асырылуда. Бұл келісімдер ШОБ субъектілерінің тұрақты дамуына және аймақтық өнеркәсіптің өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал етуде.

Көшбасшы мәртебесінде

Қол жеткізілген нәтижелер облыстың ұзақ мерзімді даму стратегиясының тиімділігін көрсетеді. Бұл, өз кезегінде, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруына және тұрғындардың әл-ауқатының артуына ықпал етуде. Алдағы уақытта қолға алынған жобалар мен бағдарламалар облыстың өндірістік және инвестициялық мүмкіндіктерін одан әрі нығайтып, Қазақстанның өнеркәсіптік көшбасшыларының бірі ретінде мәртебесін сақтап қалуға негіз болмақ.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button