Басты тақырып

Береке дастарқаны

    Сенбі күні биылғы күздегі соңғы облыстық жәрмеңкенің сөресі жайылды. Дорба-қапшығын арқалаған қалалықтар таң бозынан Олимпийская көшесінің бойынан табылды.

Қарағандылықтардың күн қылтия жәрмеңкені жағалар жөні бар. Себебі, мұнда сол күні қырдағы ағайын астатөк ырзық жеткізді. Және әкелген өнімін базар бағасынан 15-20 пайызға төмен бағада саудалады. Бұл бағаның құбылмауын жергілікті билік өкілдері қатаң бақылауында ұстады.

Жәрмеңкеге облыстағы Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандардағы шаруа қожалықтары қатысты. Жеке кәсіпкерлер мен кәсіпорындар да өздері өндірген тауарларын осында тұтынушы талғамына ұсынды.

Көше бойына 70 шатыр тігілді. Мұның арасында, 20 шатыр Қарағанды қаласындағы тамақ кәсіпорындарына бөлінді. Әр аудан өздеріне арналған аумақтардан орын алды.

Шараға ұйытқы болған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жалпы, жәрмеңке барысында 352,7 тонна азық-түлік саудаға шығарылды. Оның ішінде, 75 тонна ет, 9 тонна балық, 70,7 тонна көкөніс, 161 тонна картоп, 17 тонна сүт өнімдері, 200 мың тауық жұмыртқасы және 20 тонна өзге де ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өнімдері бар.

Баға да базардағы және кейбір сауда үйлеріндегі азық-түлік құнынан анағұрлым төмен. Мәселен, жәрмеңкеде картоп – 70 теңгеден, сәбіз бен қызылша – 60 теңгеден, қой еті – 1100 теңгеден саудаланды. Соғым қарсаңында сиыр етіне де сұраныс мол болды. Сәйкесінше, ірі қараның 1 келі еті – 1200 теңге мұғдарында сатылды.

Самат СӘТЖАНОВ, Осакаров ауданының тұрғыны:

– Облыстық жәрмеңкеге жыл сайын қатысуға тырысамын. Бұл жолы екі сиыр етін әкелдім. Лезде өтіп кетті. Қазір соғым уақыты ғой. Енді, сол ақшаға қыс бойы жейтін картоп-көкөнісімді сатып алып, ауылға қайтамын.

Қала тұрғындары да жергілікті биліктің жәрмеңкені дәстүрге айналдырғанына дән риза.

Раушан БӨЛЕКОВА, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Өткен екі облыстық жәрмеңкеге де келгенмін. Бүгін картоп алу үшін арнайы келіп тұрмын. Себебі, арзан. Қаладағы бағасы төмен деген супермаркеттердің өзінде картоптың келісі – 120 теңге. Жәрмеңкеде келісі 70 теңгеден екі қап сатып алдым. Туған-туыстарға да телефон шалып, осы жерден алуға кеңес бердім. Олар да отбасыларымен келді. Көкөніс қарап жүр.

Бұл жәрмеңке күзгі облыстық жәрмеңкелерге қойылған нүкте болды. Қазан айында екі мәрте ұйымдастырылған-ды.

Басқарманың мәліметінше, үш жәрмеңкеде 1238,4 тонна азық-түлік қалалықтар дастарқанына жол тартыпты. Жіктеп айтар болсақ, 203,4 тонна ет, 927,7 тонна картоп пен көкөніс, 39,2 тонна сүт өнімдері, 24,1 тонна балық, 850 мың тауық жұмыртқасы, 44 тонна өңдеу кәсіпорындарының өнімі сатылған. Сөйтіп, тұрғындардың жылдық азық-түлік қажеттілігінің 2,5 пайызы қанағаттандырылған.

Атына заты сай жәрмеңкенің қос тарапқа тиімділігі баршылық. Бастысы – қалалықтардың қалтасына үнем. Ауылдағы ағайын да маңдай терін төгіп өсірген малын алыпсатарға алданбай, көңілге қонымды бағаға өткізгеніне разы.

Нұрқанат ҚАНАФИН

 

Суреттерді түсірген Л.ГАЛИМОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button