Ресми

Белсенді бизнес берекеге бастайды

Жұмыр басты пенденің өмір бойына таңдап аларлық бір жұмысы болады. Оны бір ауыз сөзбен «кәсіп» деп жатамыз. Тіріде тірнек таусылған ба?! Уақыт беталысы әркімге бұрнағыдай жұмыс берушіге «байланып» күн көруді жақтырмайтындай осы күнде. Мүмкін болса, ешкімге мұқтаж болмағанға не жетсін?! Қазақстанның экономикалық картасының қақ ортасында төбе көрсетіп тұрған қазыналы өңір кәсіпкерлігінің қазаны қыз-қыз қайнап келеді. Көпшілік бұл һақындағы толымды мәліметтерге зәру.

Сурет: ҚР Президентінің баспасөз қызметінен

Облыста кәсіпкерлікті дамытудың негізгі аспектілерінің бірі – экономиканы әртараптандыру процесі. Көмір өнеркәсібі сияқты дәстүрлі салаларға тәуелділіктен ауық-ауық қара үзе отырып, жаңа технология туризм, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлер сияқты секторларда жаңа мүмкіндіктерді белсенді түрде іздеген жас кәсіпкерлер шоғыры қалыптасты. Оның үстіне инвестиция тарту, цифрлық трансформацияға бағытталған инновациялық стартаптар билік пен инвесторлардан қолдау алып жатқан мысалдар жеткілікті.

Мәселен, Осакаров ауданында Сарыопан кен орнында жаңа зауыт іске қосылғанын бұдан бұрынырақ сүйіншілеген едік. Мұнда заманауи технология бойынша бірінші сортты әк шығарыла бастады. Бұл жоба «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы және 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша өрістегені көп жайдан ақпар берерліктей.

Өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бастамалар да кәсіпкерліктің тұрақты дамуына сеп. Бизнес үшін қолайлы орта бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша рейтингте өңір екінші орынға тіреді. «Qaragandy Business 2023» форумының қатысушылары бизнес-климатты жақсартудың жаңа нүктелері һақында сөз қозғады.

Бұл жолда білім беру бағдарламалары мен бизнесті қолдау орталықтары белсенді дамып келеді. Кәсіпкерлік дағдыларды оқыту, сарапшылардан кеңес алу әрі тиімді ресурстарға қол жеткізу кәсіптік өсуге және бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Мәселен, InDrive халықаралық IT-компаниясының Вeginit әлеуметтік-білім беру жобасы Қарағандыда қатысушыларды іріктеу амалын қолға алды. Бағдарламаның мақсаты – дарынды балаларды анықтап, оларға жаңа технологиялар саласындағы дағдыларды үйрету және әлеуметтік кәсіпкерлікке байланысты мамандықтарға қызығушылық тудыру. Жобаға қатысу тегін

Beginit көшбасшылық бағдарламасы жалпы білім беретін мектептердің оныншы сынып оқушыларына арналған. Биыл ауылдық жерлерден ғана емес, өңірлерден де балалар қатыса алады. Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Тараз, Орал және оған іргелес облыстар қатысатындығын растады. Өңірлік кездесулер Astana Hub қолдауымен өтеді. Осы ынтымақтастықтың арқасында барлық қатысушылар өңірлік хабтардың инфрақұрылымын тегін пайдалана алады.

Қарағанды облысы кәсіпкерлікті дамыту оның жаңа экономикалық келбетін де белсенді қалыптастыруда. Инновация, шағын бизнесті қолдау болашақта әл-ауқат пен өркендеуді уәде ететін тұрақты және серпінді экономикалық ортаны құруға ықпал етеді. Өңірде шағын және орта бизнестің 1266 жобасы қаржылай қолдау алды. Кәсіпкерлік негіздеріне төрт мыңнан астам бизнесін жаңа бастаған кәсіпкерлер оқытылды. Бұл жоспарланғаннан екі есе көп. Соның арқасында Қарағанды облысында жұмыссыздық деңгейі 4,1% құрайды. Бұл – елдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Облыс республикада бірінші болып, бөлшек салық мөлшерлемесін екі есе төмендетті. Осының арқасында өзгерістер енгізілген сәттен бастап, салық төлеушілер саны алты есе өсті. 900-ден астам кәсіпкер бизнесті қолдаудың жаңа шарасын пайдаланды.

Өңірде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді. Жастардың бизнес-идеяларын іске асыру үшін жылдық 2,5% мөлшерлемемен несиелер және 365 кәсіпкерге арналған гранттар мақұлданды. Ұлттық жоба бойынша 212 грант берілді. «Ауыл Аманаты» жобасы бойынша 396 бизнес-жоспар мақұлданды. Жыл соңына қарай барлық бағдарламалар бойынша бизнесті қолдау жобаларының портфелін 5,5 мыңға дейін жеткізу жоспарлануда.

Жыл басынан бері Қарағанды облысында 5 мыңға жуық шағын кәсіпорын ашылды. Бүгінгі таңда кәсіпкерлер үшін онлайн режимде 171 қызмет қолжетімді.

– Бизнес – Президент атап өткен басты тақырыптардың бірі. Қазір халық бизнеспен айналысуға жан-жақты қолдау бар екенін жақсы түсінеді. Рас, әкімшілік кедергілер де кездеседі. Мұндай жағдайларда палата кәсіпкерді қорғауға, оған көмек көрсетуге дайын, – деп қорытты сөзін Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының басшысы Ернар Күлпейісов.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button