Әлеуметтік қолдаудың бақылаусыз берілуі алаяқтыққа жол ашты
«Әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз. Соның салдарынан ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес. Осылайша, біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз», – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында. Ел Президентінің «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында бұл бағыттағы жұмыстар жөнінде келтірілген деректер әлеуметтік саясаттың өзі жүйелі жаңғыртуды қажет ететінін айқын көрсетеді.

Ішкі жауапкершіліктің жойылуы
Мемлекет өз азаматтарының білім алуына, медициналық қызметке қол жеткізуіне, әлеуметтік қорғалуына жауап береді. Бірақ, Мемлекет басшысы атап өткендей, әлеуметтік қолдаудың бақылаусыз берілуі масылдық пен алаяқтыққа жол ашып отыр. Бұл құбылыстың экономикалық әрі қоғамдық санаға қатысты мәселе екенін айтады сала мамандары.
Психолог Думан Шалтаев масылдықты қоғам үшін аса қауіпті психологиялық құбылыс деп бағалайды.
– Масылдық бір күнде пайда болмайды. Ол ұзақ уақыт бойы қалыптасады. Адам әр мәселесін біреу шешіп беруге үйренсе, онда дербестік жойылады. Мұндай адам өзін қоғамға пайдалы тұлға ретінде емес, көмек күтетін объект ретінде сезіне бастайды. Өкінішке қарай, бізде «мемлекет міндетті түрде беруі керек» Кеңес үкіметінен қалған ескі түсінік тамыр жайып кеткен. Өйткені, ол кезде «жұмыстан қалмасаң болды, үкімет асырайды» деген ұран болды, – дейді ол.
Маманның айтуынша, мұндай көзқарас адамды даму мен еңбекке емес, сылтау іздеуге итермелейді.
– «Мен жұмыс істей алмаймын», «жағдайым жоқ», «денсаулығым келмейді» деген уәждер көбейеді. Бірақ, нақты әрекет жоқ. Масылдық – адамның ішкі еркіндігін де тұншықтырады. Ол тәуелді күйде өмір сүруге дағдыландырады, – дейді Думан Шалтаев.
Қала тұрғыны Ақмайра Мәжитқызы масылдықтың кейде жақсылық жасаудан басталатынын да ұмытпау керектігін айтады.
– Туыстарыма көмектесуді ешқашан міндет деп санаған емеспін, оны адамгершілік деп білдім. Біреуінің несиесін жаптым, біреуіне жұмыс тауып бердім, енді біріне ай сайын ақша жіберіп тұрдым. Басында бәрі рахметін айтты. Десе де, уақыт өте келе олар соны заңды талап ретінде қабылдай бастады, – дейді ол.
Ақмайра ханымның айтуынша, көмек тоқтаған сәттен бастап туыстық қарым-қатынас та өзгерген.
– Көмек бере алмай қалғанымда, маған өкпеледі, тіпті, кінәлай бастады. Сол кезде ғана оларды қолдамай, дамуына қолұшын бермей керісінше масылдыққа үйреткенімді түсіндім. Бұл ақыр соңында туыстардың арасына жік салды, – дейді қала тұрғыны.
Шетел тәжірибесі не дейді?
Мемлекет басшысы келтірген деректер қоғамды ойландырмай қоймайды. Кеңес Одағы тарағанына отыз жылдан асса да, «аймақтық қақтығыстарға қатысқан ардагерлердің» саны азаймақ түгілі, жыл сайын көбейіп, тіпті «жасарып» барады.
Дерекке сүйенсек, елімізде 740 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар көрінеді. Еліміздің соғыссыз, бейбіт заманда өмір сүріп жатқанын ескерсек, бұл көрсеткіштің күмән тудыратыны заңды.
Мәселен, Германияда жұмыссыз азамат әлеуметтік жәрдемақы алуы үшін еңбек биржасы ұсынған жұмыстан негізсіз бас тартпауы керек. Бас тартса, жәрдемақы қысқарады немесе мүлде тоқтатылады.
Скандинавия елдерінде әлеуметтік мемлекет ұғымы барынша дамығанымен, масылдыққа мүлде төзім жоқ. Онда «әлеуметтік келісім» принципі бар. Мемлекет көмектеседі, ал, азамат қоғамға үлес қосады.
Ал, Сингапурда әлеуметтік жәрдемақыдан гөрі еңбекке ынталандыру – бірінші орында. Мемлекет кедейлікті жәрдемақымен емес, жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау арқылы жеңеді.
Ал, елімізде әлеуметтік төлемдерді тағайындауда нақтылықтың болмағанын Президент биылғы сұхбатында сынға алып, енді оны реттеп, бұл салаға да цифрландыруды енгізу қажеттігін айрықша атап өтті.
Масылдыққа қарсы алғашқы қорған
Қарағанды қаласындағы №14 қазақ мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Орынгүл Жанұзаққызы масылдықпен күрес тәрбиеден басталуы тиіс екенін айтады.
– Балалар кейде «ата-анасы мен мемлекет бәрін шешіп береді» деп ойлайды. Бұл – өте зиянды әрі қате түсінік. Біз мектепте оқушыларды еңбекке, жауапкершілікке, өз күшіне сенуге тәрбиелеуге тырысамыз. Қоғамда масылдық азаюы үшін алдымен мектеп пен отбасы бір бағытта жұмыс істеуі керек, – дейді ол.
Педагогтың айтуынша, еңбекке баулу өмірлік ұстанымға айналып, пайдалы дағдыларға бастауы тиіс. Тоқтап қалмай үнемі қадағаланса, нәтиже береді.
– Бала өз еңбегімен бір нәрсе тапса, оның қадірін біледі. Дайынға үйренген бала ертең қоғамға талап қоюшыға айналады, – деп жалғастырды өз ойын педагог.
Қала тұрғыны Эльнура Бекмаханова баласын жастайынан еңбекке үйреткенін үлгі ретінде ұсынады.
– Балам ақша сұраса, бере салмадым. Жазда жұмыс істеді, студент кезінде қосымша табыс тапты. Қазір ақшаның қалай келетінін, қалай кететінін біледі. Ең бастысы ешкімге масыл болмауды үйренді, – деп атап өтті ол.
Эльнура ханымның айтуынша, бұл әдіс баланың мінезін де қалыптастырған. Көп сөзден арылып, ісіне мығым болып, көбіне пайдалы дүниеге ұмтылатын болыпты.
– Өз еңбегімен табыс тауып үйренген адам мемлекеттен де, ата-анадан да орынсыз ештеңе талап етпейді. Керісінше, жауапкершілікті сезініп, өзін қамтамасыз етіп, жан-жағындағыларға, тіпті, қажет болса, мемлекетке де көмектеседі, – дейді ол.
Сайып келгенде, масылдық – сананы ояту арқылы жеңуге болатын құбылыс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бұл мәселе қоғамның өз-өзіне қоятын талабының күшеюін қажет етеді.
Әлеуметтік мемлекет – әлсізді асырау емес, әр азаматтың рухын күшейту, бәсекеге қабілетті ету. Ал, рухы күшейіп, өзіне сенімі нық азамат қана әділетті, тәртіпті және өркениетті Қазақстанды құра алады. Жаңғыру жауапкершіліктен басталатынын ұмытпаған жөн.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»


