Бекболат ШӘКІРОВ: Жазасын өтеушілерді жұмысқа жұмылдыру керек
Арнайы мекемелерде жазасын өтеушілердің жұмыспен қамтылуы баяу. Өңірімізде қауіпсіздігі әр түрлі 10 түзеу мекемесі бар. Онда жазасын өтеп жатқандардың 1500-ге жуығы – жұмыссыз. Олар қара жұмыстан қашпайды. Тек, жұмыс жетіспейді. «Еңбек-Қарағанды» республикалық мемлекеттік кәсіпорны түзеу мекемелеріне түрлі кәсіп иелерін тартқанымен, олар сотталғандардың жартысына жұмыс тауып бере алмай отыр. Ал, сот үкімі кесіп берген олардың 6 млрд. 362 млн. теңге төленбеген өтемақысы мен 64 млн. теңге алименті бар. Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі Бекболат Шәкіров сотталғандарды сыртқа шығарып, кәсіпорындарға жұмысқа жұмылдыру керек деген ұсынысын айтты бізге берген сұхбатында.
– Бекболат Еркебайұлы, «Еңбек-Қарағанды» республикалық мемлекеттік кәсіпорны өңіріміздегі бірнеше түзеу мекемелеріне кәсіп иелерін тартып, сол арқылы жазасын өтеушілерге жұмыс беріп отыр. Біз, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, арнайы ұйымдастырылған баспасөз турларында бұған көз жеткіздік. Бірақ алдын ала өзіңіз көрсеткен статистика ойландырып қойды. Сотталушылардың 1500-ге жуығы жұмыссыз екен. Яғни, жартысы. Оның үстіне олардың өтемақысы да өте көп…
– Жасырарымыз жоқ, Қарағанды мен Ұлытау облысындағы түзеу мекемелеріндегі сотталушылардың мойнында 6 млрд. 362 млн. теңге төленбеген өтемақы, 64 млн. теңге өндірілмеген алимент бар. Олар неге төлей алмай отыр? Жұмыс жоқ. Ал, олардың жұмысқа деген құлшынысы жоғары. Еңбекке қабілетті. Темірторда уақытын босқа өткізгенше, еңбек етіп, ақша тауып, қарыздарды қайтарсақ деген ниеттері бар. Бірақ ашығын айтқанымыз жөн, «Еңбек-Қарағанды» республикалық мемлекеттік кәсіпорны өздеріне жүктелген міндетті атқара алмай отыр. Бұл мекеменің құрылғанына он жыл болды. Әлі өзгеріс жоқ. Жұмыс беріп отырған 20-ға жуық кәсіпкер бар. Бірақ, тапсырыс аз болғандықтан, жұмыспен қамтуда іркіліс бар. Егер «Еңбек-Қарағанды» РМК жұмыспен қамтамасыз ете алмаса, онда біз сотталғандарды сыртқа шығарып, жұмыс берейік.
– Бұл қадамға заң қалай қарайды екен?
– Мұны мен ойдан шығарып отырғаным жоқ. Бұл жоба бізде заңды түрде болған. Бірақ, күші жойылған. «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері туралы» 1992 жылғы 23 маусымдағы №1407-ХII Қазақстан Республикасы Заңының 21 бабында (бұрынғы редакциясы) былай деп жазылған: «Ішкі әскерлердің жеке құрамының міндеттерінде» «әскерлер күзететін қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелерінен сотталғандарды айырбастау пункттеріне және кері, сонымен бірге өндіріс объектілеріне және кері айдауылдау. Осы объектілерді онда сотталғандар жұмыс істеген уақытта күзету» деп 4 тармағында көрсетілген. Соған байланысты «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» 2015 жылғы 10 қаңтардағы №274 ҚР Заңына жоғарыда аталған нормаға толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажет деп ойлаймын. Әуелі осылай заңдастырып алу керек. Бұл ұсынысымды Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне жазбаша түрде жолдағанмын. Әлеуметтік әділдік орнату керек. Біздің басты мақсатымыз да – сол. Қылмыскерлер қоғамға моральдық, материалдық залал келтіреді. Оның үстіне сот үкімі кесіп берген өтемақыны төлемейді. Ал одан залал көрген жақындарына қажетін кім төлейді? Сізге айтайын, жақында бір адамды қабылдадым. 21 жастағы жалғыз ұлы кісі қолынан қаза тауыпты. Бірнеше жыл өтсе де, өтемақы алмаған. Бізге келіп, ренжіді. «Маған оның ол жақта текке отырғаны не керек? Жұмыс істеп, өтемақымды төлесін. Жазасын өтеу деген – өкіметтің ақ төсегіне жатып, дайын тамағын ішу ғана ма?», – деді. Үнсіз қалдым. Осы секілді зардап көрген адам қаншама? Сол себепті бірнеше заңға өзгеріс енгізіп, жазасын өтеушілерге жұмыс беру керек. Сыртқа шығарып, зауыт, фабрикаларға жұмысқа тұрғызу арқылы ғана.
– Жазасын өтеушілерді сыртқа шығарсақ, жұмыс істеп жүрген жерінен қашып кетпесіне кім кепіл?
– Әрине, мұныңыз орынды сұрақ. Былтыр біз бірінші болып пилоттық жоба бастадық. Облыстық прокуратура, жергілікті атқарушы органдардың арнайы келісімімен сотталған 40 әйелді сыртқа шығарып, үш ай жұмыс істеттік. Жақын маңдағы шаруаның алқабындағы картопты жинап, сұрыптады. Бейнебақылауды барынша күшейттік. Қарауылдарымыз қырағылық танытты. Түскі астарын апарып беріп отырдық. Жұмыс беруші таңертең автобуспен алып кетеді, кешкілік әкеп тастайды. Тексерістен өткіземіз. Аптасына бес күн жұмыс істеді. Ешкім қашпады. Тіпті, қашуға талпынбады да. Туысқандарына салмақ салмай, өз қаражаттарын тауып, қажеттеріне жұмсады.
Қылмыстық-атқару кодексінің 119-бабы бойынша біз мекеменің сыртына шығара аламыз. Онда «Күзет аумағынан тыс» деп жазылған. Біздің құқығымыз бар. Бірақ, мұнда тағы бір мынадай мәселе бар. Бір сотталушыға үш қарауыл керек. Бұл өте көп. Бұрынғы нормаға өзгеріс енгізу керек деген ұсынысымды да жеткіздім. Қазір заманның дамыған кезі. Арнайы электронды қадағалау браслетін пайдалануға әбден болады. Оны шешсе, я болмаса белгіленген аумақтан асып кетсе, орталыққа бірден дабыл келеді. Оның ай сайынғы төлемі – 25 мың теңге. Оны жұмыс берушілер төлеуге ниетті. Оған сотталушылар да қарсы емес. «Бастысы, жұмыс істесек болды», – дейді.
– Бекболат Еркебайұлы, жұмыс беруші кәсіпорындар бұған қалай қарайды? Дегенмен де, қоғамға қауіп келтірген адамнан секемденетін шығар?
– Жоғарыда айта кеттім ғой. сотталушы 40 әйелді жұмыспен қамтыдық деп. Соны естіп алған бірнеше зауыт, кәсіпорын басшылары маған келді. «Бізге де ер-азаматтарды беріңіздер. Жұмыс берейік. Тіпті, түскі асын, браслетін, бейнебақылау камераларын, басқа да шығындарын өтейік», деп. Сотталған ер-азаматтарды Ұлттық ұланның сарбаздары күзетеді. Біз күзетпейміз. Өйткені олардың Заңынан 2015 жылы алынып тасталған. Қайта өзгеріс енгізуіміз керек. Қаншама сарбаз бар. Күзетті күшейту керек. Сотталғандарға жұмыс берейік. Еңбек етсін. Қоғамға солай пайдасын тигізсін. Біз 1500 сотталушының барлығын сыртқа шығара салмаймыз. Олардың ішінде денсаулығы жарамайтын, психикалық ауытқуы барларға рұқсат бермейміз. Жұмыс берушілер неге келеді бізге? Өйткені қара жұмыстан қашатын адам көп. Жұмысшы қат. Ал сол жұмысты тепсе темір үзетін сотталғандар істесінші, қалай өнеді. Өйткені, жазасын өтеп жүргендердің ішінде мықты мамандар бар. Кез келген техникаңызды да, технологияңызды да игеріп кететін. Жұмыс беретіндер тегін істетеміз деп отырған жоқ. Орта есеппен 150-200 мың теңге айлықтарын төлейді. Оған залалдарын өтейді, отбасына көмектеседі. Оның үстіне жұмысы бар адамның бос уақыты да жоқ. Оқыс оқиғалар азаяр еді. Ондағы уақыттары да жылдам өтеді.
– Сотталғандарды сыртқа шығарып, жұмыспен қамту практикасы әлемнің басқа елдерінде қолданыла ма?
– Әсіресе, мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде кездеседі. Дамыған мемлекеттер күзет қауіпсіздігін оңтайландырып, күшейтіп алған. Сөйтіп, сотталғандардың жұмыс күшін пайдаланады. Тек, пайдаланып қана қоймайды. Оларды бас бостандығынан айырып қана қоймай, еңбек арқылы оңалуына әсер етеді. Біздің де түпкі мақсатымыз – осы. Тағы бір нақтылап айта кететін дүние, сотталғандар сот кесіп берген өтемақысының жартысын төлесе, яғни, бас бостандығынан айырылған мерзімін азайтып, жазасын жеңілдетер еді. Қоғамдық жұмыстарға араластырсақ, олардың да тәрбиесі жақсарар еді деген ой.
– Осы орайда, мынандай да заңды сұрақ туындайды. Сотталушылардың тамағы тоқ, сыртқа шығып істейтін айлығы тәуір жұмысы бар. Түрмені азайтамыз деп, қылмыскерлердің қатарын көбейтіп алмаймыз ба?
– Мұндай ой, әрине, мазаламай қоймайды. Бірақ, қылмыскер ертеңін ойлап, ондай қадамға бармайды деп есептеймін. Рас, түрменің тіршілігіне үйреніп, қайта айналып келетіндер бар. Бірақ, сирек. Олардың жұмысқа деген мүлдем ынтасы да жоқ. Сол себепті, біздің ойлағанымыз – сотталушыларға бар жағдайды жасау емес, еңбекке жұмылдыру есебінен олардың өз-өзіне жағдай жасауын қамтамасыз ету. Соған әсер ету. Ең бастысы, залал келтірген өтемақыларын төлету. 6 млрд. теңге аз қаражат емес. Жақсылап ойлану керек.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Әңгімелескен Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ.