Руханият

Беймәлім сарбаздың сауыты

Биыл – «Арқаның сәукелесі» деп аталып кеткен Қарқаралы қаласының 200 жылдығы. Қаншама тарихи оқиғалар мен ұлы бабалардың ізін құшағына басқан екі ғасырлық тарихы бар шаһар. Табиғатының өзі бір бітпес дастан. Көкірек көзі ашық адамды тылсым мекеннің тарихы да арбап, өзіне шақырып тұрады. 200 жылдықтың қарсаңында біз қала тарихына қарай сапар шегіп көрмекпіз. Біз Қарқаралыдағы бір ғана тарихи-өлкетану музейіндегі құнды экспонаттарға тоқталамыз. Себебі, музейдегі жәдігерлердің өзі-ақ тарих сандығынан бұйырған сарқыт. Айдарымызды темірден тоқылған сауыттан бастайық.

Сурет Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінен

Музей 1870 жылы уездік патшалық кеңсе ретінде салынған. Жергілікті халық «Ақ кеңсе» деп атап кеткен.

Қарқаралы тарихи-өлкетану музейі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1979 жылдың 5 қазанындағы №511 өкімі және Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1979 жылдың 11 қазанындағы №462 бұйрығы негізінде Қарағанды облыстық музейінің филиалы болып ашылды. 1980 жылдан Қарқаралы тарихи-өлкетану музейі болып аталды. Осы ғимаратта көрнекті мемлекет қайраткерлері Н.Нұрмақов пен М.Татимов, А.Асылбеков, У.Жәнібеков қызмет атқарған.

Музей қорында 8800-ге тарта жәдігер бар. Мұнда археология, этнография, қолданбалы қолөнер бұйымдары, нумизматика, сирек кітаптар, картиналар, құжаттар мен фотоматериалдар саласындағы құнды жәдігерлер сақталған.

8800 жәдігердің бірі – 1986 жылы Бұғылы тауындағы Қалмақ қорғанынан табылған сауыт. Қалмақ қорғанынан балалар ойнап жүріп, топырақ астынан тауып алған. «Бұл жәдігерге қатысты бірнеше болжам бар» дейді Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Сәтбек Сламбеков.

– Археологтардың болжамынша, жәдігер XVI-XVII ғасырларға тиесілі. Темір сақиналардан тоқылған. Қазақ, немесе, жоңғар жауынгері киген болуы керек. Топырақ астында 300 жылдай жатып қалған. Ал, Қалмақ қорғанын XVI ғасырда Малайсары әскері жоңғар шапқыншыларынан қорғану үшін салған. Қорғанның биіктігі – 3 метр, ені – 2 метр, ұзындығы – 5 шақырым болған. 1824 жылы қорған тастарын полковник М.Бро­невский бастаған орыс әскері Қарқаралы бекінісін салуға пайдаланған, – деді Сәтбек Сламбеков.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button