Бейіндік магистратура: алғашқы түлектер ұшты
ҚарМТУ-да мемлекеттік индустриялдық-инновациялық дамудың екінші бағдарламасына мамандар даярлау бойынша бейіндік магистратураны бітірген алғашқы 120 түлекке диплом тапсыру рәсімі өтті. Бұл түлектер жаңа тәжірибелік-бағдарлық білім беру бағдарламаларына сәйкес дәріс алған. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлайды.
Жаңа индустрияландыруға әлемдік деңгейдегі мамандарды өзімізден оқытып шығару идеясын Мемлекет басшысы ұсынған. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін ұлттық әл-ауқат қорынан 10 млрд. теңге қарастырылған көрінеді.
2015 жылы МИИДБ-2 басым бағыттары бойынша 11 базалық жоғары оқу орны анықталса, соның бірі – ҚарМТУ.
Соған орай, 2015 жылдық 1 қыркүйегінен бастап университетте «Металлургиядағы нанотехнология» және «Робототехника. Басқару жүйелері» инновациялық білім беру бағдарламалары бойынша бейіндік магистратура аясында мамандарды даярлау жұмысы басталған екен.
Бұл білім беру бағдарламаларын әлемдік рейтингтің ТОП-500 қатарына енетін, еуропалық және ресейлік әріптестермен бірлесе отырып, бітіртуші кафедра профессорлары әзірледі. Магистрлерді даярлау үшін мемлекеттік білім гранттары бөлінді, әрбір мамандыққа – 62 грант. Болашақ мамандарды даярлаудың халықаралық стандарты оқу процесіне жаңа зертханалық жабдықтарды енгізумен қамтамасыз етілді.
Оқу жылы басталмас бұрын Университетте «Металлургиядағы инновациялық технологиялар лабораториясы» және «ҚарМТУ – Schneider Electric» авторландырылған оқыту орталығы жасалды. Олар еуропалық және американдық компаниялардың заманауи оқыту-өндірістік және ғылыми-зерттеу техникалық және бағдарламалық кешендерімен жабдықталған.
«Қазақмыс» Корпорациясы», «АрселорМиттал Темиртау» АҚ, Құю зауыттарының өндірістік одағы, «Қарағанды Жарық», «Казпромавтоматика», «Караганда Энергоцентр» сияқты ірі кәсіпорындардың тапсырысы бойынша жасалған магистрлік жобалар сәтті қорғалды» деп хабарлайды баспасөз қызметі.
ҚарМТУ Ресейдің жетекші техникалық университеттерімен бірге, әлемдегі робототехникалар шығарушы іргелі кәсіпорындардың бірі – «Фесто» (Австрия, Германия) концернінің қолдауымен, халықаралық «Синергия» білім беру жобасын жүзеге асыру ісінен едәуір тәжірибе жинаған. Сол тәжірибенің арқасында өндірістік үдерістерді автоматтандыру кафедрасының базасында бейіндік магистратураның жаңа «Робототехника. Басқару жүйелері» пәнаралық бағдарламасы жасалды.
Сала құраушы кәсіпорындардың тапсырыстары бойынша 64 магистрлік жоба қорғалды. Алғашқы түлектердің бәрі де жұмыспен қамтылған. Олардың төртеуі Ресейдегі маңдайалды жоғары оқу орындарының бірі – «ИТМО» ұлттық зерттеу университетінің (Санкт-Петербург) магистратурасында қос диплом бағдарламасы бойынша оқуларын жалғастырады.
Марат ИБАТОВ, ҚарМТУ ректоры:
– Қазақстанда «Металлургиядағы нанотехнологиялар» және «Робототехника. Басқару жүйелері» инновациялық профильдері бойынша техника және технологиялар магистрі дипломы бірінші беріліп отыр. Президенттің жаңа Жолдауында қойылған Қазақстанды жаңғыртудың үшінші кезеңі бойынша тапсырмаларды орындауға тікелей қатысу құрметіне ие болады түлектер. Біздің экономикамыздың жеделдетілген технологиялық жаңғыруы Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайларында өтеді. Төртінші өнеркәсіптік революция әр күн сайын қарқынды дамуда және өндірісті автоматтандыруға, жұмыс техникаларын дамытуға, нанотехнологияларға, «сандық фабрикаларды» құруға әкеліп соқтырады. Сондықтан, түлектер ғылыми-техникалық дамудың қайнарында болмақ.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА