Рухани жаңғыру

Батырын ұлықтау – ұрпақ парызы

Шежірелі өлке Шет ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында төл тарихымызда айшықты із қалдырған батыр бабаларымыздың, ақын-жырауларының есімдерін жаңғырту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. 

Шет ауданына қарасты Киікті ауылынан 60 шақырым жерде Ақжолтай-Ағыбай батырдың кесенесі орналасқан. Елдің елдігі мен еркіндігі үшін «Ерулі атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» қол бастаған Ақжолтай Ағыбай батыр Қоңырбайұлы 19 ғасырда өмір сүрген. Шұбыртпалы Ағыбай – Кенесары ханның орыс отаршыларына қарсы шықан көтерілісінің қолбасшыларының бірі болған. 1844-1846 жылдар аралығында Кенесары ханның сарбаздары Ресей империясының әскерлеріне дүркін-дүркін шабуыл жасап, бірде сәтсіздікке ұшырап, енді бірде ойсырата жеңіп отырған.  Ағыбай батырдың даңқы зеңбірек, мылтық секілді отты қарумен қаруланған патша әскерлеріне қарсы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қазақ жерін арыстандай арпалысып, жанқиярлықпен қорғаған ерлігімен шықты. Отаршыларға қарсы ұрыс салған Кенесары батырларының даңқы халқымыздың рухын көтерді. Қазақ батырларының басында Ақжолтай атанған Ағыбай батыр Қоңырбайұлы тұрды.

Таяуда Шұбыртпалы Ағыбай батырдың даңқты ұлдары Аманжол мен Аманбай  батырлаpға  арналған ескерткіш тастар қойылды. Тас белгіні Ағыбай батырдың үлкен ұлы Аманжол батырдың шөбересі, Ұлы Отан соғысы жылдары елді кәсіби аңшы ретінде етпен қамтамасыз еткен, қазақ халық фольклорын дамытуға ат салушы, «тірі шежіре»,  Шұбыртпалы руының бас ақсақалы, дала академигі – Тәтиев Тарғын, Бидәулет Өскенбекұлдарының ұрпақтары, «Ағыбай батыр тікелей ұрпағы-Тарғын» жекеше қайырымдылық қорының президенті Тарғын Оразхан Мерекеұлы, Аманбай Ағыбайұлы ұрпақтары қойды. Сондай-ақ, батыр баласы Аманжолдың белгі тасын орнату үшін Өскенбек ұрпақтары Абдулғазиз Тарғынұлы, Бидәулет немересі Айтубай Балтабайұлы, Аманбайдың белгі тасын орнатуға Ахмет, Түсіпбек, Абдрахман, Сейтқамал, Ыбыш ұрпақтары айтарлықтай үлес қосты. Сонымен қатар, тағылымы мол танымдық шараға белгілі жазушы Кәмел Жүністегі, батырдың ұрпақтары мен көрші мемлекет Ресей және Қырғызстан елдерінен де баба ұрпақтары мен қонақтар келіп қатысты.

Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтап, өскелең ұрпақтың бойына батыр бабаларымыздың ерлік рухын сіңіруге  бағытталған игі шараға облыс және жергілікті билік өкілдері де қатысып, аталған шарада сөз сөйледі.

Киікті маңындағы Тайатқан-Шұнақ тауларының ортасында тұрған Ақжолтай Ағыбай батырдың кесенесі ХІХ ғасырдың сәулет өнеріне жататын ескерткіштер қатарына жатады.

Ағыбай батырдың кесенесіне 11 жылдан астам уақыт бойы Хамит Айтжанұлы шырақшы болып, батыр басына тәу етіп, құран бағыштай келген қонақтарды қарсы алып, тарихи естеліктерімен бөлісіп отыр. Ағыбай батырды әулие тұтып, оның рухына тағзым етіп, мазарына баратындардың қарасы да жылдан-жылға арта түсуде.

Рухани өрлеу, бабаларға тағызым етіп, құрмет көрсетуден көрінеді. Өткенді айтып, әрқашан халық жадынан шығармай, құрметпен еске алып отыру – ұрпақ парызы.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button