Батырдың туған жерге басы келді
«Кейкі батырдың басы 15-ші қыркүйек күні туған жер топырағына жерленді».
(Интернет желісінен).
Өрге қарай домалар тасың енді,
Алшы түсер ұлтымның
асығы енді.
…Кәпірдің түсіне еніп шошытатын,
Батырдың туған жерге басы келді.
Зар-заман қашан бізді
қарқ қылды?!
Көрді ғой қырғындарды
халық түрлі.
Аңдығандар «жоспарын»
іске асырып,
Қанқұмарлар сол басты
алып тынды.
Көкжалға қарсы келер бар
еді кім?
Қорқуы қорқаулардың дәлелі-тін.
Аты аңызға айналған түз тағысы,
Жауларының алды әбден
зәре-құтын.
Қызылдың қызыл қанды
сорғыштары,
Осыдан-ақ, байқалар болмыстары.
Басты берсе бастары кесілердей,
90 жыл «алғандарын»
торда ұстады.
Айқара аш , халқым,
есік-терезеңді,
Батыр рухы аралар сезем елді.
…Басынып жүрген бізді бәз
біреулер,
Басы ауған жаққа қарай
безер енді.
Махамбеттей, Кейкідей ер
қайда бар?!
Батырсыз ел боданды
елге айналар.
«Бас-басына би болған
өңкей қиқым»
Бастарын қасып ,бәлкім,
енді ойланар.
…Кейкінің бақида да бар
мұңдасы,
Тарихи тамыры бір тағдырласы.
Кенелтсін елді енді қуанышқа,
Кезекте Кенесары ханның басы!
Мұқаш СейІтқазинов,
Ұлытау ауданының
Құрметті азаматы.