Батырдың туған күні қашан?
Қазақ қыраны Тоқтар ӘУБӘКІРОВТІҢ туған жері, туған күні, жалпы, ресми өмірдерегі туралы жатқа білеміз-ау… Қарқаралыда туған. 1946 жылы 27 шілдеде. Ал, Батырдың өзі не дейді?
Мерейлі 75 жасымен құттықтап, сұхбат алуға өтініш жасағанбыз. Үзілді-кесілді бас тартты.
– Мен 2 қазанда туғанмын. Менің туған күнім – 2 қазан, – деп, шорт кесті. Үнсіз қалдық. Ойланып қалдық.
…Ойыма әпенде Қожанасыр айтты деген бір әңгіме орала кетті. Жат елге сапарлап барған Қожекең тірілердің жағдайымен танысып болған соң, тіршіліктің түйіні саналатын қорымға да ат басын бұрған екен. Зираттарға қойылған құлпытастағы жазуларға көзі түседі. «1865 жылы туған – 1924 жылы қайтыс болған. 13 жыл өмір сүрді» деген дерекке таңданыс білдіреді. Ғасырға жуық уақыт ғұмыр кешкен мына бір ақсақалдың құлпытасында «24 жыл өмір сүрді» деген жазу тұр. Таңданысын жасыра алмай, жанындағылардан себебін сұраса, ел иелері:
– Бізде ештеңеден тарықпай, жағдайлы өмір сүрген кезеңін ғана «ғұмыр кешті» дейді. Мынау «13 жыл, 24 жыл» дегендер – адамның уайым-қайғысыз, алаңсыз кешкен ғұмырының өлшемі, – деп жауап беріпті. Сонда Қожекең жарықтың өзімен бірге жүрген серіктестеріне бұрылып:
– Ертең мен өлгенде, құлпытасыма «Туа салып өлді» деп жазыңдар, – деген екен.
Батыр неге туған күнін өзгертті?
Қамия анамыздың құрсағын жарып, мынау жарық жалғанға келген күні – 27 шілде. Сол күні біз Алаш-Ананың өзі толғатып, дүниеге дүр келгенін білдік пе? Тұтас Түркі жұртының, исі мұсылман әлемінің тұңғыш ғарышкері мынау былғаныш дүниеге тазалықтың нышаны, намыстың наркескені болып келгенін де сезген жоқпыз-ау… Мұқалған рухтың шарболаттай қайралып, қайта туғанын ше? Оны да түйсіне қоймағанбыз…
Иә, үш жарым ғасыр патшалық езгіде жаншылып, 74 жыл қызыл империяның қан түстес туына жалтақтаған Ұлы қазақтың рухы бір бас көтереріне сенімді едік. Сол күнді күттік. Ол күн бізгі тәу етер Тәуелсіздігімізден де бұрын туды. Яғни, Азаттығымыздың жаршысы болған 1991 жылдың 2 қазаны.
Сол күні 30 жыл бойы байтақ даланың Байқоңыры өзге елдің ұлдарына тұғыр болып, өз қырандарымызға қырын қарап келген-ді. Сол күннен бір жылдай уақыт бұрын әлдебір басылымға сұхбат берген Тоқтар ағамыз: «Ғарышқа қазақ ұшады. Қазірдің өзінде Талғат Мұсабаев бауырымыз тастүйін дайын отыр», – деп, өзінің мансаптан да, атаққұмарлықтан да алшақ екенін аңғартқан. Әріптес бауырын бағалаған. Алайда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолқасымен «ТҰҢҒЫШ» болу бағы Тоқаңның өзіне бұйырды.
Дәл сол күні Алаштың айбары қайта қанаттанып, Қазақтың рухы қайта туды! Тура қырық бес жастағы қыран ұлы көкке самғап, Алаш жұртының Азаттығына Алланың мөрін басып оралды жеті қат көктен! Қазақ қайта туды! Ендеше, қаһарман Тоқтар да сол күні туған!
– Мен қазағым үшін қызмет етуге жарап, қазағымның ғасырлар бойы арманы болған Азаттығы жолында басымды бәйгеге тіккен күнімді, жылдар бойы арманы болған ғарыш сапарына елімнің ақ тілеулі батасымен ұшқан күнімді өзімнің туған күнім деп есептеймін! Мен әлі 75-ке келген жоқпын! – дейді Қыран Тоқтар.
«Мың өліп, мың тірілген» дана қазақтың мынау жалған дүниеге екі туып, екі келген Батыр ұлына ұзақ ғұмыр, биік тұғыр тіледік! Есімі Мәңгілік Елдің тарихына алтын әріппен жазылған алтын тұғырлы Қыранның алтын балдағында Қазақтың бағы тұр…
…Қожекең айтпақшы, Алаштың аңызға айналған ақиық ұлы «туа салып, өлетіндердің» қатарынан емес! Ол қазағымен бірге мәңгі жасай береді!
Ерсін МҰСАБЕК.