Жаңалықтар

Батыр рухына тағзым

14 шілде – Кеңес Одағының Батыры Қазыбек Нұржановтың кеңес-герман соғысындағы әскери ерлік жасаған және Беларуссия мемлекетіндегі Волковыск қаласы азат етілген күн (14.07.1944 ж).

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

«Ер елі үшін туады»

Қазақ халқы қашан да өзінің тарихын төл тұтып, санасынан ерлердің ерлік іс-әрекеттерін өшірген емес. Ежелден ата-баба ерлігін жыр-дастан ете келе, ұрпақтар арасында сабақтастық қалыптасып, жас өреннің өткенге деген құрметін өшірмей келеді.

Адамзат тарихында сансыз соғыстар мен қақтығыстар болса, олардың әрқайсысы да толассыз құрбандар мен өшпес қасірет алып келді. Дәл осындай аса үлкен қасіретке толы, мың төрт жүзден астам күнге созылған Екінші дүниежүзілік соғыс әр үйге орны толмас қайғы әкелді. Қазақ халқы тарихындағы, қай замандағы қасіретті соғыс қырғындарын алып қарастырсақ та, ата-бабаларымыз өз Отанын, жерін, елін қорғауда қайсарлық танытты. Тектілігін білдіріп, досына адал, дұшпанына қатал болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Отанын басқыншылардан азат ету жолында асқан батырлық көрсетіп, келер ұрпақ қамы үшін жанын пида еткен батырларымыздың ерлік жолдарын толықтай зерттеп, Қазақстан тарихына қосу қажеттілігі жаңа заман талабы.

1941 жылы Екінші дүние­жүзілік соғысының басталуына байланысты, Қазақ КСР Қорғаныс Халық комиссариатының тізімінде өз еркімен соғыс майданына аттанған 1 196 164 (бір миллион бір жүз тоқсан алты мың жүз алпыс төрт) адам көрсетілген. Бұдан басқа 178 мыңға жуық адам соғыс басталар алдында Кеңес қарулы күштері қатарында қызмет еткен. Қазақстаннан барлы­ғы ­1 374 000 адам жауға қарсы қаруланып, сапқа тұрыпты. Сонымен қатар, Еңбек армиясының құрылыс батальондарымен жұмысшы саптарында тағы 700 мыңға жуық адам аттанған. Ақтоғай ауданынан Екінші дүние­жүзілік соғысқа 2033 адам қатысып, одан ұрыс даласында 1200 адам қаза тапса, 833 адам елге аман-есен оралды.

Майданда ерлікпен қайтыс болғандардың бірі – жерлесіміз Кеңес Одағының батыры Қазыбек Бейсенұлы Нұржанов.

Қазыбек Нұржанов 1939 жылдың 15 қазанында Қызыл Армия қатарына шақырылып, Хабаровск өлкесіндегі Амурдағы Комсомолскіде алғашқы әскери даярлығын сәтті аяқтап, соғыс әдіс-тәсіліне жетік машықтанған. Қазыбек алдыңғылардың бірі болып, өзі сұранып 1942 жылдың сәуір айында Қиыр шығыстан бірден майданға аттанады.

Бастапқыда Брянск фронтында Сталинград, Курск ұрыстарында, одан әрі Батыс майданында 2-ші Беларуссия фронтының 3-ші Армиясының 40-атқыштар корпусының 5-атқыштар дивизиясының 61-жеке танкіге қарсы жойғыш дивизионының, танкіге қарсы қарулар ротасының, танкіге қарсы 45 мм зеңбірегімен атқыштар бөлімшесінде, алдымен 45 мм брон тескіш зеңбірегінің атқышы, нысаншысы болып соғысқа араласады. Аз уақытта Қазыбек сол бөлімшенің қолбасшысы болып тағайындалады.

1943 жылдың жазында Курск соғысы барысында Кеңес әскері қолбасшылығы жаудың соққы топтарын шаршату мақсатындағы қорғаныс операцияларымен қатар, қарсыластардың Орел, Белградтағы топтарын талқандау үшін қарсы шабуылдарды да қарастыр­ды. Сол арқылы әрі қарай маңызды стратегиялық, кең көлемдегі шабуылдар ұйымдастыруға қолайлы жағдайлар жасау көзделді.

Кеңес әскерлерінің Курск түбегіндегі қарсы шабуылдау операция­сы екі зор стратегиялық маңызы бар ірі операцияларды құрады. Біріншісі – Батыс, Брянск, Орталық фронттардың 12 шілде мен 18 тамыз аралығындағы «Орлов операциясы».

Аталған операция кезінде Қазыбек Нұржанов 1943 жылдың 5 тамызы күні Орел қаласын алу барысында взвод командирінің жарақат алып, қатардан шығып қалуына байланысты басқаруды дереу қолына алады. Батыл әрі жылдам шешім қабылдап, жаяу әскер бөлімімен бірлесе отырып соғыс жүргізеді. Сөйтіп, Орел қаласына алғашқылардың қатарында кіреді.

Аталған ерлігі үшін 61 жеке танкіге қарсы жойғыш дивизионының командирі капитан Михеевтің 12.08.1943 жылғы наградаға ұсынуы бойынша, 5-ші Орловтық атқыштар дивизиясы артиллериясы қолбасшысы полковник Шерстяковтың 1943 жылғы 13 тамыздағы №6-н бұйрығына сәйкес, Қазыбек «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Осы ерлігінен кейін Қазыбектің әскери шені – сержант, одан кейін аға сержантқа дейін көтерілді. 61-жеке танкіге қарсы жойғыш дивизионының, 3 батареясының барлаушысы болып тағайындалады.

Ал, 5-атқыштар дивизиясы Орел қаласының азат етілу құрметіне «Орловтық» деген атақ беріледі. «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Яғни, бұдан кейін «5-ші Орловтық Қызыл жұлдызды атқыштар дивизиясы» деп аталады.

Днепр өзенінен кешіп өтудегі ерлігі үшін командирі Михевтің 08.02.1944 жылғы Мемлекеттік наградамен марапаттау туралы ұсынысымен, Қазыбек, 5-ші Қызыл орденді Орловтық атқыштар дивизиясының командирі Кеңес Одағының батыры полковник Михалициннің, 1944 жылғы 05 наурызындағы №41/н бұйрығының негізінде, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.

Жоғарғы ерліктерін бағалап, дивизион басшылығы 1944 жылдың наурыз айында Қазыбекті 5-ші атқыштар дивизиясының 61-жеке танкіге қарсы жойғыш дивизионының, 3 барлаушылар батареясының қолбасшылығына сайлайды.

Қазыбек өзінің майдан жолында Волга түбіндегі ұрыстарға қатысып, одан әрі Днeпp, Дpyт, Бepeзин жәнe Зyша, Дecнa, Coж өзендерінен кесіп өткен.

Украинаның батысында болған ұрыста Қазыбек жеке өзі 45-мм танкіге қарсы атылатын зеңбірегімен дәлдеп атып, немістің танкісін жояды. Оның танкіге қарсы қарулар ротасы бөлімі немістің 3 танкісін жояды.
Басшылық батырдың қайсарлығы мен батылдығын ерекше бағалап, оның барлау взводына ең күрделі тапсырмаларды жүктейді.

Беларуссияны шабуылдау операциясы

Неміс-фашист басқыншыларының «Барбаросса» деп аталған жоспарына сәйкес үш топ – «Солтүстік», «Орталық», «Оңтүстік» болып, кеңес жеріне шабуыл бастаған.

Ең қуаттысы «Орталық» тобының мақсаты – Беларуссиядағы кеңес әскерін қоршап алып, жойып және «Солтүстік» тобымен бірігіп, Смоленскіге шабуыл, одан әрі Москваға шығу болған.

Жау Беларуссия республикасын 1941 жылдың тамыз айының аяғында толықтай жаулап, 1944 жылдың ортасына дейін 3 жыл көлемінде отарулау саясатын жүргізіп келді.

1944 жылдың мамыр айының жиырмасы күні «Беларуссия шабуылдау операциясының бастапқы жоспары» дайындалды. Ол шартты түрде «Багратион» деп аталды. Бұл қарсыластар басып алған 250 шақырым қашықтықтағы жерлерге жоспарланған. 45-50 тәулік аралығына есептелген. Мақсаты – Витебск, Бобуриск, Минск ауданындағы қорғаныстарды жою, Десна, Молодечно, Столбцы, Старобин майдандарына шығу. Нақтыланған және толықтырылған нұсқасы 1944 жылдың 30 мамырында Жоғарғы Бас қолбасшылығымен бекітілді,

Жоспарда алты учаскеде жаудың қорғанысын бір мезгілде бұзу, «Орталық» армия тобын жеңуді аяқтау мақсатында Витебск пен Бобруйск аудандарында оның қапталдағы топтарын қоршау және жою, Каунас Минск және Брест бағыттарындағы шабуылды дамыту және Даугавпилс, Каунас, Белосток, Люблин шептеріне шығу көзделген. Осы межеге жеткеннен кейін Кенигсбергке, Шауляйға, Алленштайнға Варшаваға қарай әртүрлі бағыттар бойынша ілгерілеуді дамыту көзделді.

2-ші Беларусь майданына 3-ші және 1-ші Беларусь майдандарымен өзара әрекеттесіп, Могилев ауданындағы жау тобын жою және Березин өзеніне шығу міндеттері қойылды. 1-2-ші Беларусь майдандарының әрекеттерін үйлестіруді – Кеңес Одағының маршалы Г.Жуков атқарды.

Маусым айының аяғында және шілде айының басында қосымша құрамнан келген әскерлерді қоса санағанда операцияға 2 миллион 500 мыңнан аса жауынгер, 45 мыңнан аса қару, барлық калибрдегі мина атқыштар, 6 мыңнан аса танкі өздігінен жүретін артиллерия­лық қондырғылар, фронттық авиа­циялардан 7 мыңнан аса самолет және 1 мыңнан аса алысқа әрекет етуші самолет жұмылдырылды.

«Багратион» операциясының бірінші кезеңінің мақсаты – жаудың қорғанысын, төрт фронттың қарсы шабуыл жасаған жерінен бұзып өтіп, Беларуссияның астанасы Минскіні азат ету, Шауляй, Каунас, Белосток және Варшава бағыттарындағы шабуылдарды табысты дамыту үшін жағдай жасау болған.

1944 жылдың 22 маусымы күні таңертеңгі ұрыс барлау шабуылдарынан басталып, 23 маусым күні шабуылдау соққысына ұлас­ты. Нәтижесінде жау Солтүстік өзеніне қарай 11 шақырым кері жылжыды.

1944 жылдың 23 маусымынан құрамында Қазыбек Нұржанов болған 2-ші Беларуссия фронты Друть, Березина, Днепр өзендерін кешіп өтіп, «Березина» өзенінің батыс жағында тұрған Плацдарм­ды басып алды. Могилев қаласын азат етіп, Минск бағытында шабуылды өрбітуге сәтті жағдай жасады. Витебск, Орши, Бабруйск қалаларын алды. Минск қаласының шығыс жағын қоршап тұрған жау әскерін талқандады, 3 шілде күні Минск қаласы толықтай жау­дан азат етілді.

«Багратион» операциясының бірінші бөлігінде қарсыластардың 72 мыңнан астам жауынгерінің көзі жойылды. 1,5 мың минаатқыш пен қаруы, 2,4 мың автокөлік жойылды. 35 мыңнан аса неміс солдаттары мен офицерлері тұтқынға түсті, оның ішінде 2 корпус және 3 дивизия командирлері қолға түсті.
Друть, Зуша, Десна, Сож, Березин өзендерін кешіп өтудегі ерліктері

Аталған, «Багратион» операциясы барысында Қ.Нұржановтың қолбасшылығындағы Барлау­шылар взводының негізгі міндеті жаудың шоғырланған Ату бекіністерін, жасырылған танкілері мен бронды техникаларының орналасқан жерін анықтап, уақытылы қолбасшылыққа жеткізіп отыру болатын.
Друть өзенін кесіп өтерде 149,7 белгінің жанында барлау істерін жүргізіп, неміс танктерінің шабуылын тоқтатуға мүмкіндік берген аса маңызды мәліметтерді хабарлайды.
Батырдың бір өзі жау тылында сегіз фашистің көзін жояды. Первомай ауылында неміс әскерінің шегінер жолын жауып, капитанымен бірге тоқсан жеті фашисті взвод жауынгерлері тұтқындайды. Осы жауынгерлік ерлігі үшін Қазыбек III дәрежелі «Даңқ» орденімен де марапатталады.

«Багратион» стратегиялық шабуылдау операциясының аса маңызды екінші бір бөлігі – 1944 жылдың 5 шілдесінен 27 шілде аралығындағы жүргізілген «Белосток операциясы». Оның барысында Кеңес әскері Шаулянск, Вильнюс-Каунас, Белосток және Люблин-Брест шабуылдау операцияларын жүргізді.
Операция барысында Қ.Нұржановтың дивизионы неміс басқыншыларының «Орталық» армиясының 9 А тобын талқандауға қатысады. Жауды 120-125 шақырымға дейін тықсыра шегіндіреді. Көптеген елдімекендерді және Новогрудок қаласын азат етеді. Немань, Сервечь өзендерін кешіп өтіп, Волковыск қаласындағы жаудың негізгі бекінісіне жақындайды.

Волковыск қаласын азат ету жолында

Фашист басқыншыларын түпкілікті талқандау, Беларуссия жерін толықтай азат ету мақсатында жүргізілген «Белосток операциясы» барысында, Волковыск қаласын жаудан азат ету ұрысында 5-ші Орловтық қызыл жұлдызды атқыштар дивизиясына Оңтүстік-Шығыстан соққы беру жоспарланған.

Волковыск қаласы сан тарап темір жолдың және көтерме жолдың тоғысқан жері және Белостокқа қарай кететін негізгі жол болғандығынан, онда жаудың ең маңызды тірек бөлімі мықтап бекінген еді.

Қаланы алу одан кейінгі шабуылдың өрбуіне маңызды роль атқарған, соған сәйкес 1944 жылдың шілде айының 13 күні түнінде басталған Волковыскіні алу үшін болған соғыс 14 шілде күнгі түскі 12-00 ге дейін жалғасты. Қала көшелерінде кескілескен ұрыс жүрген еді.

Бұл ұрысқа аға сержант Қазыбек Нұржанов басқаратын барлаушылар взводы бүйірдегі қамту тобы құрамында қатысады. Топтың батыл қимылынан қатты қорыққан жау әскері барлық қару-жарағын тастап қашады. Батыр жаудың ізіне түсіп, фашистің үш солдатын және бір офицерін тұтқынға түсіреді. Волковыск қаласына бірінші болып кіріп, шегіне қашқан жау солдаттарын өкшелей қуып келе жатқанда, қала шетіндегі теміржол маңында аяқ астына келіп жарылған снаряд жарықшағынан басынан ауыр жараланады.

1944 жылдың 14 шілдесі күні Волковыск каласының жаудан толықтай азат етілуіне орай, аталған ұрыстарда ерекше ерлік көрсеткен жауынгерлерді марапаттауларға ұсыну туралы Жоғарғы қолбасшылықтың тарапынан бұйрық беріледі. Сол күні түнде Мәскеуде қаланы азат етушілер құрметіне 127 артиллерия қаруынан оқ атылып, салют берілді.

Беларуссия фронтының 40 атқыштар корпусы қолбасшысы генерал – майор Кузнецов осы қаланы азат ету туралы мынадай рапорт жасайды, Армия Қолбасшысына:

«40 атқыштар қорпусы құрамы 1944 жылдың 13-14 шілдесінде Волковыск қаласының кіре берісіндегі қарсыластардың үш тізбектелген қорғаныс шебін бұза отырып, сағат 11-15-те 129 Атқыштар дивизиясы (АД) солтүстікте, 169 АД-сы шығыстан және 5 АД оңтүстіктен бір мезгілде шабуыл жасай отырып, Волковыскіні алды.

Волковыск үшін болған ұрыс барысында қарсыластардың, 3000 аса офицерлері мен солдаттары жойылды.
Теміржол бекетінде үлкен трофейі қолға түсті, оның ішінде алдын ала есеп бойынша 3 азықтүлік қоймасы және бірнеше қару-жарақ қоймалары, көптеген автомашиналары, паровоздар мен вагондары бар.
40 атқыштар корпусы қолбасшысы: генерал – майор Кузнецов 14.07.1944 жыл…» делінген.
Аталғандай өте маңызды Багратион, Белосток операцияларының сәтті жүзеге асырылуына жанқиярлықпен қатысып, Волковыск қаласын азат етуде ерлік көрсеткен жауынгердің алған жарақатының өте ауыр болуына байланысты Қазыбекті майдан даласынан 40-50 шақырымдай тылда орналасқан Деречин деревнясындағы №196 Далалық жылжымалы госпитальға жеткізеді.
Онда түсіп жатқан жаралы солдаттардың көптігіне және де Қазыбектің өзімен бірге Қызыл әскер құжатының болмағандығынан, қабылдау журналына тегі Нуржановтың орнына «Муржаков» Казбек болып жазылып кеткен.
1944 жылдың 15 шілдесі күні №196 дала госпиталіне қатты бас сүйегі жарақатымен түскен Қазыбек ажалмен 9 күн арпалысып, 1944 жылдың 24 шілдесі күні қайтыс болады. Деречин селосындағы, Шіркеудің жанына Бауырластар зиратына «Муржаков Қазбек» деп жерленеді.
61 жойғыш танкіге қарсы ди­визионның командирі майор ­В.А.Михеев 1944 жылдың 15 шілдесі күні Қазыбекті Кеңес Одағының батыры атағына ұсынып, награда қағазын толтырып, дивизия басшылығы қарауына жіберген. Яғни, Қазыбек қайтыс болмай тұрып, батыр атағына ұсынылған.
Марапаттау қағазында былай деп жазылған:
«Аға сержант Нуржанов Казбек Бейсенович Волковыск қаласын жаудан азат етуде жылжымалы топтың құрамында болды.
Басып алу қанатына топпен бірге шығып, Волковыск тауының биігіне тезірек орналасуға ұмтылған жауға тойтарыс берді, өзінің шешімді, айлалы іс-тәсілдерімен жау тылына үрей туғызып, соғыс техникасын тастап қашуға мәжбүр етті.
Қашқан дұшпанды өкшелей қуып, фашистермен аз қана айқас үстінде бірнешеуін атты, 3 солдатты және 1 офицерді тұтқынға алды.
Немістерге қарумен өлім себе жүріп, Волковыск қаласына бірінші болып кірді және соңынан біздің шабуылдаушы жаяу әскерді ұрысқа көтерді.
Қала шетінде Нұржанов жолдас басынан ауыр жараланды.
Дивизия қолбасшылығы алдында Қазыбек Нұржанов жолдасқа «Кеңес Одағы Батыры» атағын беру туралы Қолдаухат беремін».
61 жойғыш танкіге қарсы ди­визионның командирі майор Михеев. 15.07.1944 ж.
Кеңестік Социалистік Респуб­ликалар Одағының басшылығының 1945 жылғы 24 наурыздағы шешімі бойынша жасаған ерлігі үшін Қазыбек Бейсенұлы Нұржановқа, қайтыс болғаннан кейін «Ленин» ордені» және «Алтын жұлдызымен» қоса, «Кeңec Oдaғының Бaтыpы» aтaғы бepiлдi.
Киелі қазақ даласында туған Көк бөрілер ұрпағының Беларуссия жеріндегі (Волковыск) Бөрілер қаласын азат етуде асқан ерлік жасап, екі елдің тел батыры атануы қазақ халқы үшін үлкен мақтаныш, Батыр рухына мәңгілік тағзым!

Айдынғалый Адамбай,

заңгер,

Ұлпан Серік,
тарих ғылымдарының магистрі.

Басқа материалдар

Back to top button