ТарихТұлға

Батыр қазақ

… Сынақшы-ұшқыш әдетте ұшақтың әр тетігін өз дене мүшелеріндей айқын сезінуге тиіс. Онсыз қай жерінде кінәрат барын анықтау мүмкін емес қой. Кейде, тіпті, қан тамырлары ұшақтың мың сан түйіршіктерімен жалғасып, бүлкілдеп бірге соғып жатқанға ұқсайды. Өзі меншіктеп алып, баптап жүрген әлгі ұшаққа қалай бауыр басып кеткенін білмей де қалады. Әйтсе де, темірдің аты темір, кейде әлі жетілмеген бір тетігі басқаруға көнбей түпсіз тұңғиыққа қарай сыңғытып ала жөнелетін тәрізді. Көзіне қан құйылған қыран жерге тіп-тіке шаншылып, өзін-өзі тасқа осылай ұрмаушы ма еді?

Тоқтар Әубәкіров

Міне, мынау қаз-қатар тізілген ескерткіш тақталар аллеясының бойында оның жолдастарының да есімі жазулы тұр. Жасы үлкені де, қатар құрбысы да, кішілері де бар. Әлі жақын араласып үлгермеген өрімдей жап-жас жігіттің де бейнесі таныс. Соларды көргенде әрі шіміркеніп, әрі шамырқанып, қыран самғар көк зеңгір аспанға еріксіз көз тігетін тәрізді. Аспан төрі қиялға қанат бітіріп, көңіл түкпіріне мықтап орныққаны орныққан. Ендеше, әуеде де жер басып жүргендей сенімді болу үшін, көк бұрыш қанатты жетілдірген үстіне жетілдіре беру керек.

Кенет, ұшқыр ұшақтың өз салмағын өзі ауырлап, зіл тартқанын сезді. Басқаруға көнбей төменге құлдилай бастады. Мұндайда сынақшы-ұшқыштың бірер секундтың ішінде өз еркімен шешім қабылдауға қақысы бар. Енді сәл кешіксе, қас-қағым сәтте-ақ ұшқыш аман қалу мүміндіктерінен толық айрылады. Ұшақ қираса, көп жылғы творчестволық еңбектің жетістігіне де көлеңке түспек. Оның сыртында конструктор, техник мамандардың да басынан ешкім сипамасы белгілі. Оның қатарындағы ұшқыштар әуелдегі сынақ кезінде сыр беріп алған бір-екі ұшақты жерге тастап үлгерген болатын. Неге екені бегілсіз, ендігі кезек, өзінікі болып көріне бастаған.

Неғылса да, күдігі алдамапты. Ізін баққан қауіп ақыры қапыдан килікті. Ол жерге, жер оған қарсы ғаламат жылдамдықпен зымырады. Орман-тоғай, тау-төбелер иек астынан андыздап қоя берді.

Өміріне қауіп төнгенін сезіп, ажалдан құтқарар тетікке ұмтыла беріп, қолын кейін тартып алды. Қас-қағым сәтте шешім қабылдау оңайға түскен жоқ. Көк құрыштай жап-жаңа ұшақты обалсынды деу де ақылға қонбас. Өмірі қыл үстінде тұрғанда елден ерек ерлік жасауды көксей қоймағаны да ақиқат. Шындығында ол бастан кешірмей ешкім түсінбейтін жәйт болса керек. Шешім қабылдау мүмкіндігінің ақтық секунды соққанда ғана ұшқыр ұшақтың тұмсығын қайқайтып, жоғарыға бұрды. Екінші тынысы ашылғандай, ерен бір күш лықсып сыртқа тепті. Өмір мен өлімнің арасынан жол тауып шыққаны сонда барып санасына жеткен. Арпалыс үстінде ол туралы ойлауға да мұршасы болмапты.

Ал, оның аэродромға аман-есен қонғаннан кейін не жайында ойлағанын білесіз бе?

Сөз жоқ, туған жері, тай-құлындай тебісіп, бірге өскен достары есіне оралды. Әке орнын жоқтатпай құйттайынан бағып-қаққан жездесі Нығмет пен әпкесі Бикенді сағынды.

Біз онымен жылдағыдай туған жерді аңсап келген осы сапарында жүздескенбіз…

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК.

«Қазақ әдебиеті»,

13 қаңтар, 1989 жыл.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button