Жаңалықтар

Батыр анасының батасы

Ерлігімен ел жадында қалған Нұркен Әбдіровке деген құрмет анасы Бағжанға да жасалғанын көп естуші едік. Соны көзбен көріп, куә болғандардың бірі – мен. Іргесі өткен ғасырдың орта белінде қаланған Қарқаралыдағы №5 мектеп-интернаты батырдың анасына құрмет көрсетіп, кездесу өткізгені күні бүгінге дейін көз алдымда.

1964 жылы Қарқаралыда қызыл кірпіштен қаланған үш қабатты мектеп-интернат бой көтерді. Аудандағы малшы-шопандар мен тұрмыстары жұпыны отбасылардың балалары тәлім алған алтын шаңырақ бүгінде – Мәди атындағы №44 орта мектеп.

Осы білім ошағы іргесінің қаланып, іске қосылу жұмыстарының басы-қасында болған, кейін мектеп тізгінін қолға алып, жиырма жылдай мінсіз басқарған алғашқы директоры Смағамбет Дүйсетайұлы еді. Директордың, оның Теңізбай Тұрлыбекұлы мен Қалияш Аманбайқызы сынды сенімді әріптестерінің арқасында мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарының сапалық деңгейі облыс, тіпті, республикада алдыңғы қатардан көрінді.

Осынау қарашаңырақтан қаншама білікті шәкірт түлеп ұшты десеңізші. Әрісін айтпай-ақ қояйын, 1969-1970 жылдардан бергі түлектер қатарында облыстық «Орталық Қазақстан» газетін ұзақ жылдар басқарған Мағауия Сембай, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, алуан тақырыпта қалам тербеп жүрген Рымтай Шөкеева, облыстық «Сарыарқа» телеарнасының басшысы Берік Дүйсетаев, республика деңгейінде жауапты қызметтер атқарған Зейнелғаби Ысқақов бар. Бұл тізімді одан әрі соза беруді мақсат тұтпадым. Себебі, ұстаз үмітін ақтап, мектеп мәртебесін аспандатқан асыл азаматтар есімін түгендеп шығу мүмкін емес.

Білікті мамандардың басын қосып, ұйымшыл ұжым қалыптастыра білген Әубәкір Омарұлы, Үміткер Қаңтарбайқызы, Қасқатай Қаңтарбекұлы, Құсни Қуандыққызы, Биғаш Қалтайқызы сынды марқұм аға-апалардың шәкірт жүрегіне жол тауып, талабын ұштағаны күні бүгінге дейін ұмытылмай келеді.

Білім ұясында шәкірттің Отанға, елге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға бағытталған сан алуан шаралар жиі өткізілуші еді. Оқу-тәрбие жұмыстарында мектептің радио торабы мен қабырға газетінің де маңызды болғанын айта кету ләзім. Осы мектептің түлегі ретінде интернаттың күнделікті тыныс-тіршілігі қызғылықты оқиғаларға, мазмұнды, үлгі-өнеге аларлық кездесулерге толы болғанын айрықша ілтипатпен еске аламын. Соның бірі, Нұркен Әбдіровтей қаһарман ұлды дүниеге әкелген ардақты ана – Бағжан апа мен батырдың ұстазы Г.Якимовпен болған кездесу күні бүгінге дейін жадымда сақталған. Кеш қонақтары ержүрек ұшқыштың біз білмейтін балалық, жастық шағы туралы естен кетпес естеліктерін ортаға салған болатын. Сол жолы батырға арнаған балауса жырымды оқып, Бағжан әженің батасын алған едім.

Міне, биыл алтын ұядан түлеп ұшқанымызға жарты ғасыр толып отыр. Жарты ғасыр өтсе де жадымыздан өшпеген шуағы мол күндер бізді әлі де алға жетелейді. Жүректі жасартып, көңілді көркейтеді. Қалам тербеуге тұрарлық қастерлі естеліктер әлі де жазыла жатар деп сенейік…

Раушан НҰРША,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

СУРЕТТЕ: Н.Әбдіровтың анасы Бағжан апа, ұстазы Г.Якимов және осы мақала авторы;

екінші қатарда – аудандық «Коммунизм таңы» газетінің редакторы Ш.Сатыбалдин.

Басқа материалдар

Back to top button