Батыл бастама, ұтымды ұсыныс керек
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді белгілеген болатын. Өзекті мәселеге негізделген сегіз басымдықты айтқан Мемлекет басшысы кемшіліктерді де атап көрсетті. Бұл ретте экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасының қандай болмағы Үкіметтен бөлек, әкімдердің жұмысына да байланысты екенін ескертті. Демек, дамудың жаңа векторы ретіндегі Президент көрсеткен әр тапсырма сапалы орындалып, тиісті нәтижеге қол жеткізген жағдайда ғана атқарылған істің тиімділігі туралы сөз қозғауға болады. Мемлекет басшысының тапсырмалары бойынша кеңейтілген мәжіліс өткізген аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев бұдан былай жұмыс барысында әркімнен дербестік, бастамашылық пен нәтиже талап етілетінін ескертті. Яғни, жаңа дәуір, жаңа технологиялық кезең құлықсыздықты көтермейді. Ал, мақсат – біреу. Ол – азаматтардың әл-ауқатын арттыру.
Қаражат үнемді жұмсалады
Жалпы, өткен жылы облыс жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенін айту керек. Айтар болсақ, экономика 13,7%-ға өсіп, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,4 трлн теңгені құрады. Одан бөлек, 200 млрд теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылып, 2,5 мың жұмыс орны құрылды.
– Бірақ, әлеуетіміздің бұдан да жоғары екенін білеміз. Экономикаға жеке инвестицияларды тарту – Мемлекет басшысының бірінші орынға қойған басым міндеті. Облысымыз үшін экономикалық өсу нүктелерінің бірі – туризм болуы тиіс. Осы саланы дамытуға жағдайымыз бар. Сондықтан, осы бағытта белсенді жұмыс істеу керек. Оның ішінде қажетті инфрақұрылым салу және жеке инвесторларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар жасау қажет, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Туризмнен бөлек, шетелдік инвесторларды да, отандық кәсіпкерлерді де тарта отырып, ірі жобалардың тізбесін жасау да алдағы міндеттердің бірі. Бұл ретте бірлесе атқарған жұмыс та өзінің нәтижесін беруде.
Облыс әкімінің қаржы-экономикалық мәселелері, шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік сатып алу, өнеркәсіп, индустриализация және инвестиция бойынша орынбасары Ермек Алпысов жалпы ішкі өнімдегі негізгі үлес өнеркәсіпте екенін айтады. Ол өткен жылы 12%-ға өскен.
Инвестиция тартуда да Қарағанды жыл сайын жақсы көрсеткіш көрсетуде. Мәселен, өткен жылы 1,4 трлн теңге инвестиция тартылса, биылғы меже – 1,5 трлн теңге.
Облыс әкімінің орынбасары облыс бойынша базалық объектілермен және коммуналдық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде қала – 91,3% ауыл – 64,6% екенін айтады. Яғни, қала мен ауыл арасында алшақтық бар. Одан бөлек, мектептердің 20%-ы күрделі жөндеуді қажет етеді. Жол және инженерлік инфрақұрылым да әбден тозған, ауылдар ауызсумен толық қамтылмаған.
Мемлекет басшысы тапсырғандай, бұдан былай қаражат үнемді жұмсалып, ең өзекті және әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталады. Бірінші кезекке ауызсу және коммуналдық инфрақұрылым сияқты мәселелер шығады. Бұл қала және аудан әкімдерінің де жауапкершілігіне байланысты.
Инфрақұрылымға салынатын қаржы көлемі артады
Президент Үкімет отырысында энергетика секторы, сапалы тұрғын үйдің, коммуналдық шаруашылықтың қолжетімділігі, тарифтер мен жолдар мәселелерін шешу бойынша міндеттерді белгіледі.
– Энергия тапшылығы мәселесін шешу үшін 2028 жылға дейін облыстың 3 энергия көзі – Қарағанды ЖЭО-3, «Топар ГРЭС» ЖШС, Балқаш ЖЭО-да жаңа 2 қазандық пен 4 турбинаны іске қосу жоспарлануда. Бірақ, инженерлік желілердің тозуы қиындық тудыруда. Жылу желілері – 64,4%, электр желілері – 68,6%, сумен жабдықтау – 46,6%, ал, су бұру желілері – 74,8%-ға тозған, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Осыған байланысты биыл жылумен жабдықтау саласында 8,7 млрд теңгеге – 6 жоба және сумен жабдықтау және су бұру саласында 12,9 млрд теңгеге – 33 жоба жоспарланған. Одан бөлек, 3,2 шақырым жылу желілері, 98,9 шақырым су құбыры және кәріз желілері салынып, жаңартылады.
Облыс әкімінің энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс, көлік және жолдары жөніндегі орынбасары Азамат Тайжанов газ тарату желілеріне қатысты мәлімдеді. Айтуынша, Қарағанды мен Теміртауда салынған газ тарату желілері 9 589 жеке тұрғын үйге тартылған. Бүгінгі таңда 4 854 үй газбен жабдықтауға қосылған. Ал, биыл энергиямен жабдықтау бөлігінде 15 млрд теңгеден астам сомаға 85 шақырымнан астам электр беру желілерін қайта жаңарту, жаңғырту және құрылыс салу жөніндегі іс-шаралар жоспарланған.
– Сумен жабдықтау желілері бойынша 81,1 шақырым желі салу және қайта жаңарту жоспарлануда, оның 53,5 шақырымы – қалалық елдімекендерде, 27,6 шақырымы – ауылдық елдімекендерде. Одан бөлек, ауылдық жерде судың 25 блок модулі орнатылады. Осылайша, биылғы жылдың соңына дейін облыс тұрғындарын 100% орталық сумен қамтамасыз ету қажет, – дейді Азамат Айтбайұлы.
Қарағандыда құрылыс та қарқынды. Атап айтар болсақ, атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі – 117,7% немесе 665 337,6 шаршы метр екенін көрсетеді деректер. Биыл да бұл көрсеткіш төмендемейді. Жалпы, өткен жылдан кем болмауы тиіс.
Азамат Тайжанов «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша қазір 67 ауылдық денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев монополистерге тұтынушылар алдында есеп беру қажеттігін еске салды. Тұрғындар «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасының іске асырылуы туралы хабардар болуы тиіс.
Агроөнеркәсіп саласын қолдау жалғасады
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ауылдық елдімекендерді дамыту және агроөнеркәсіп саласын нығайту мәселесіне жеке тоқталған болатын. Облыс әкімінің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, қоршаған ортаны қорғау, табиғат пайдалануды реттеу және ТЖ мәселелері жөніндегі орынбасары Бауыржан Асанов биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өндіріс көлемі 522,0 млрд теңге деңгейінде жоспарланғанын айтады. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы дақылдары алқабы 43,9 мың гектарға ұлғайып, 1 млн 205 мың гектарды құрамақ.
– Агроөнеркәсіп кешеніне тартылатын инвестиция көлемі 31,7 млрд теңге деңгейінде күтілуде. Жалпы құны 36,4 млрд теңге болатын 24 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 308 жұмыс орнын құру жоспарда бар. Республикалық бюджет есебінен «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 12 ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға 11 млрд теңге қарастырылып, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,0 млрд теңгеге 296 микронесие беріліп, 322 жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз, – дейді Бауыржан Асанов.
Сондай-ақ, ветеринария қызметін материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтау мақсатында, 30 млн теңгеге құрал-жабдық және 120 млн теңгеге 12 автокөлік сатып алынған. Биыл тағы да 602 млн теңге жұмсалып, жоспарлы ветеринариялық профилактикалық іс-шаралар дер кезінде және сапалы жүргізілетін болады.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін басқа өңірлер мен Еуразия экономикалық одағының елдеріне экспансиялау саясатын ойластыру қажет. Ол жаңа нарықтарға жол ашады. Бұл жерде экспорттаушыларды қолдау және біздің фермерлерге көмектесу керек, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Әлеуметтік көмек нақты иесіне жетеді
Облыс әкімінің еңбек қауіпсіздігі, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі орынбасары Ораз Тәуірбеков болса, әлеуметтік саладағы басты міндеттерді мәлімдеді. Айтуынша, 2025 жылы 71 жаңа медицина мекемесі пайдалануға беріледі. Бұл тозығы жеткен ғимараттардың үлесін 39,8%-ға дейін төмендетеді.
Бүгінде облыста дәрігер тапшылығы бар. Атап айтқанда, Шахтинск, Приозерск қалаларында, Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарында барлығы 180 дәрігер жетіспейді.
– Біз жас мамандарды тартуға және медицина қызметкерлерін материалдық қолдауға бағытталған 2024-2026 жылдарға арналған кадрлық стратегияны әзірледік. Өткен жылы 63 маманға 407 млн теңгеге көтерме жәрдемақы төленді, 203 қызметтік пәтер берілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Бұл мақсаттарға 419 млн теңге қарастырылған, – дейді Ораз Қайсаұлы.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» екеніне тоқталып, осыған орай, маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылатынын, еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізілетінін де айтты. Қарағандыда да осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Атап айтқанда, төрт мыңға жуық адам қысқа мерзімді курстарда оқытылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артық.
Мемлекет басшысы айтқан тағы бір мәселе – мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуі. Бұл мақсатта биыл 2,4 млрд теңге жұмсалып, 19,0 мыңнан астам қамтылады.
Адами капитал – басымдықта
«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында үлкен жұмыстар атқарылатынын айттық. Осы бағытта кәсіпорындардың жоғары оқу орындарымен және колледждермен сұранысқа ие мамандар даярлау үшін ынтымақтастығы күшейтіледі. Жалпы, бұл шаралардың барлығы адам әлеуетін дамытуға барынша қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
– Техникалық және кәсіби білім беру жүйесін сапалы реформалау басты назарға алынды. Жаңа кәсіптердің аймақтық атласы жасалды. Ол мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру кезінде ескеріледі. Қосымша техникалық және кәсіптік білім беруде заманауи менеджерлерді даярлау бойынша «Karagandy Technoskills» жобасы іске қосылады, – дейді облыс әкімінің білім, ішкі саясат, тілдерді дамыту, жастар саясаты, дін, мәдениет және спорт істері жөніндегі орынбасары Әлібек Әлденей.
Балаларды мектепке дайындау да басты назарда екенін айтады облыс әкімінің орынбасары.
– Мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне бармаған балалар үшін қосымша «Балақайлар мектебі» атты жоба іске асырылып жатыр. Ал, ата-аналар үшін 176 кеңес беру бекеті ашылды, бұған қоса «SabiDamu» платформасы арқылы онлайн кеңес алу мүмкіндігі бар. Жақында «Білімпаздарға арналған қызықты ғылым» пилоттық жобасы іске қосылады, – дейді Әлібек Үсенұлы.
Баяндамадан белгілі болғандай, биыл «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында тағы 6 мектептің құрылысы жалғасады, 16 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.
Тағы бір қолға алынған мәселе – орта білім беру ұйымдарына білікті, сапалы басшылық құрам дайындау. Осы мақсатта «Karagandy Jana Mektebi» арнайы кадрларды дамыту бағдарламасы іске қосылады.
Жалпы, облыста тұрғындардың өмір сапасын арттыруда да бірқатар жұмыстар қолға алынған. Бұл үшін спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігі артып, мәдени демалыстар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, аймақ басшысы облыс бюджетін қалыптастыру кезінде қаражатты өзекті мәселелерге басым бөлу қажет екенін тапсырды.
– Әріптестер, біздің мақсатымыз – жай ғана жұмысты сипаттау емес, нақты өзгерістерге қол жеткізу. Ол үшін жасалатын жұмыстар ашық, тиімді және бюрократиясыз болуы қажет. Президенттың тапсырмалары барлық бастамаларға Темірқазық. Әрбіріңізден нақты ұсыныстар мен батыл қадамдар күтемін! – деді аймақ басшысы отырыс соңында.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ