РуханиятТұлға

Басылыммен түйдес құрдас Базекең

    Өзінің 86 жылдық ғұмырында  кешегі «Қарағанды пролетариаты – Советтік Қарағанды», бүгінгі «Орталық Қазақстан» газетінің тарихында өшпес із қалдырып кеткен аға буын қаламгерлер баршылық. Солардың ішінен туған күнін  газетіміздің мерейтойымен бірге қос-қабат тойлап жататын Базекең – Базарбай Сырлыбайұлы Мұстафин ағамыздың  орны бөлек.  Ол Қарқаралының көкарай шалғын, көрікті жері, сары қымыз сапырған Сарыобалы елді мекенінде 1931 жылдың 15 қыркүйегінде туыпты. Яғни, облыс айнасы болып отырған, туған күнін тұңғыш саны жарыққа шыққан күн деп есептейтін   «Индустриальная Караганда» (алғашқы нөмірі 1931 жылдың 11 қыркүйегінде шыққан) және «Орталық Қазақстан» (тұңғыш саны сол жылғы 4 қазанда жарық көрген)  газеттерімен түйдей құрдас.

Газет өмірімен, онда еңбек ететін редакция қызметкерлерімен Базекең 1948 жылы Қарқаралының №1 орта мектебін бітіріп, мұғалімдер институтына түскен кезден   етене араласа бастайды. Ол кезде редакцияда Қарқаралының  тумасы Қали Садықов, Құдыш Сүлейменов, Қағазбек Сәденов сынды белді қаламгерлер еңбек ететін. Олар жерлес бауырын  іш тартып, газет жұмысына бейімдей бастайды.  Содан жазуға құштар жас жігіт асқақ арман арқалап, Алматыға барып  ҚазМУ-дің  филология факультетінің журналистика мамандығына оқуға  түседі.Өндірістік тәжірибесін  үнемі Қарағандының облыстық газетінен өтеді. «1952-1954 жылдардағы «Советтік Қарағанды» газетінде  қазақтың ауыл-село мәдениетінің  жазылуы» деп аталатын  дипломдық жұмысы да осы газетке байланысты болады.  Сөйтіп, журналистік дипломы әлі жоқ болса да ол редакция ұжымның бір мүшесіне айналады. Қарап отырсақ, Базекеңнің бүкіл шығармашылық  ғұмыры осы тақырып аясында өткендей болады. Ол туған өлкесінің, қазақ халқының, ауыл өмірінің мәдениетін, білімі мен ғылымын дамыту ісін  шығармашылығына  арқау еткен азамат. Бесаспап журналист болып қалыптасқан Базарбай Сырлыбайұлына журналистиканың барлық салаларын меңгеруге тура келеді. Сондықтан да, қарымды қаламгердің шығармашылық дәуірін шартты түрде үш кезеңге бөлер едік.

Облыстық газетте бес жылдай жұмыс істеп, әжептәуір тәжірибе жинап қалған Базекеңнің өмірінде 1960 жылы жаңа кезең басталады. Елуінші жылдардың соңында  Қарағандыда  бұл өңір үшін журналистиканың жаңа саласы болып табылатын  телестудия ашылып, оған алғыр да ізденгіш азаматтар қажет болады. Таңдау «Советтік Қарағанды»  газетінде жақсы қырынан таныла бастаған жас журналист Базарбай ағамыз­ға  түседі. Осылайша, Базекең  Қарағанды телевизиясын қалыптастырып, дамытудың  арна басында тұрғандардың бірі болды.Телевизияда ол кезде маман кадрлар жоқтың қасы еді. Әсіресе қазақ  мамандары. Белгілі журналист Д.Зинчук  бір мақаласында еске алғандай, Базекеңе телевизияның қыр-сырын   Семен Борисович Брандорф және Лев Иосифович Дикельбойм  сияқты  мүйізі қарағайдай «корифейлерден» үйренуге тура келеді. Алғашқысы тамаша ұйымдастырушы – редактор болса, екіншісі сол кездегі телевизиялық ақпарат жанрының асқан шебері еді. Осындай адамдардан тәлім алған жас жігіт көп ұзамай  қазақ тіліндегі жаңалықтар редакциясын басқару мәртебесіне ие болады. Кейін әдеби-драма  редакциясына ауысады.Базекең шығарған «Шолпан», «Денсаулық» тележурналдары, сан алуан тақырыптағы инсценировкалар  көрермендер тарапынан әрдайым жоғары баға алып отыратын.

60-70-жылдарғы Қарағанды телевизия­сын білетін адамдар  сол  жылдары әдеби-драма редакциясының қандай дәрежеде болғанын жыр қылып айтар еді. Режиссерлер Құтпан Ералин,  Айтуған Салықов, Аманкелді Тәжібаев, журналистер Масғұт Халиоллин, Жәнібек Мұзапаров, Базарбай Мұстафин  және т.б. қойған қойылымдардың көркемдік дәрежесі жоғары болатын. «Жұмысты он екі-он төрт сағат  бас алмай істейтінбіз.Әттең сол кездегі хабарлар мен қойылымдар таспаларда сақталмапты. Ондай мүмкіндік болған жоқ», деп өкінішпен еске алысады  телевизия  ардагерлері.

Дегенмен, телестудияда  еңбек еткен жылдардың ескерткішіндей, Базекеңнің сценариі бойынша түсірілген «Жер жаннаты – Қарқаралы» атты Қарқаралы қаласының іргесі қаланғанына 150 жыл толуына арналған  түрлі-түсті телефильм  1973 жылы  күзде Мәскеуден Орталық телевизия  арқылы көрсетіліп, бүкіл Одақ көрермендеріне паш етілді.  Бұл фильм Қарағанды телевизиясының  алтын қорына қосылған туынды болып табылады.  Шығармашылық  өміріндегі осы бір белес әсер еткен болу керек, сол жылы үкіметтің  жоғары наградасы – «Еңбекте үз­дік шыққаны  үшін» медалімен марпатталады (осындай наградаға ол кейін «Орталықта» жүргенде 1980 жылы да  ие болды).

Базекең өміріндегі елеулі белес 1973 жылы өзін тәрбиелеп өсірген облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне қайтып оралып, басылымның батпан жүгін арқалауға елеулі үлес қосқан кезең дер едік. Мұнда ол әуелі  совет құрылысы, мәдениет және өнер, сонан кейін күрделі партия тұрмысы және ауыл шаруашылығы бөлімдерін  басқарып, зейнеткерлікке шыққанша   жемісті еңбек етті. Жас журналистердің тәлімгері болды. Редакция­ның қоғамдық  жұмыстарына араласып, бір­неше жыл кәсіподақ ұйымын басқарды. Кейін редакция жанындағы ардагерлер ұйымына  да жетекшілік етті.

Газетте жұмыс істеген жылдары біз  Базекеңнің  журналистік шеберлігі мен  іскерлігінің талай  куәсі болдық. Жоғарыда аталғандай, ол редакцияның барлық дерлік іргелі бөлімдерін басқарып, газет тарихында өшпес із қалдырды. Осындайда 1980 жылы жас журналист, қазіргі редактор Мағауия Сембаев және менімен бірге Қазақ КСР-нің алдағы алпыс жылдық мерекесіне орай «Алпыс жылдыққа – алпыс репортаж»  айдарымен сериялық материалдар жазуымыз еске түседі. Мақалалар сериясы  27 маусым күні  осы жолдар авторының «Гапеевтің ізбасарлары» деген репортажымен басталып, 26 тамыз күні аяқталуы тиіс болатын. Сонда нөмір сайын бір репортаж (кейде фоторепортаж), ал  жексенбі күні газет шықпайтындықтан екі-екіден материал жариялауға тиіс болатынбыз. Біз бүкіл облысты шарлап, өнеркәсіп, құрылыс орындарын, ауыл-селоларды аралап шықтық. Үшеуміздің жазған материалдарымыз стилі жағынан үш түрлі болса да идеясы бір еді. Ол Қазақстанның бір пұшпағы болып табылатын қазыналы Қарағанды облысы еңбекшілерінің халық шаруашылығын дамытудағы жетістіктерін, мәдениеті мен тұрмысын жарқырата жазып көрсету болды. Стилі дегеннен шығады: Мағауия еңбек адамдарымен етене араласып, ауыл-село жастарын жарқырата жазса, мен  өнеркәсіп орындарының орта буын инженер-техник қызметкерлерімен  сұқбаттасып, ғылым мен техника жаңалықтарына көбірек көңіл бөлдім, ал Базекең болса кәсіпорындар мен совхоз басшыларымен, партия, совет қызметкерлерімен, тым болмағанда кәсіподақ комитетінің төрағасымен тілдесіп жатады. Мұнысы бір жағынан партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі ретінде өз бөлімінің жұмысын да қамтып қалу екен. Өйткені ол кезде  бөлім басшысы тоқсан сайын обкомға не жазып, не қойғаны туралы есеп беріп отыратын. Базекеңнің бұл «қулығын» кейін өзіміз бөлім басқарғанда түсіндік.

Сонымен менің «Көгілдір шоқылар» деген Қушоқы разрезінен жазылған мақаламмен репортаждар циклы да  аяқталды. Сөйтіп, біз  жаңашыл да алғыр редакторымыз, тарих ғылымдарының кандидаты, талай редакторлардың ұстазы болған Рамазан Сағымбековтің ұшқыр ойынан туындаған осы жобаны (қазіргі тілмен айтқанда) абыроймен орындап шықтық.  Соның лайықты бағасындай. Рахаң өзі ұсынып, бізге Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты деген атақ  алып берді. Өмірде бәріміздің алған талай наградаларымыз бар, бірақ жақсы мақала жазып, марқайғанда осы атағымызбен қол қойғанды мәртебе санаймыз. Марқұм Базекең де осылай істеуші еді.

Қаламгер шығармашылығының үшінші кезеңі  деп осы Р.Сағымбеков 90-жылдардың басында негізін қалап кеткен  тарихи-өлкетану және мәдени-рухани «Қарқаралы» журналын басып шығаруды жалғастыруын айтар едік. Рахаң дүниден өтіп, басылым иесіз қалғанда Базарбай Сырлыбайұлы  демеушілердің көмегімен бірнеше нөмірін шығарды. Алмағайып заманда демеушілер берген өгізше, торпақты  сойып сатып, қаражатына журнал шығарып жүргенінен жақсы хабардармыз. Қазір журнал «Қарқаралы» газетінің қарамағына берілген. Бас редактор ініміз Рымбек Смағұлов бастаған азаматтар жақында Қаздауысты Қазыбек бидің туғанына  350 жыл толуына арнап журналдың  арнайы санын шығарды. Сөйтіп Рахаң бастаған, Базекең қостаған игілікті шаруа жалғасын тауып келеді!

Базекеңнің өмірде, тұрмыста қандай азамат болғаны туралы кезінде журналистер Е.Лұқпанов, С.Алпысов және осы жолдардың авторы да жазған болатын. Қайталау болса да асыл ағамыздың келбетін еске алайық. Өмірлік серігі Рабиға жеңгеміз екеуі  тату-тәтті, бақытты өмір кешті. Төрт бала тәрбиелеп өсірді. Қыздары  Гүлбаршын, Құралай Қарлығаш, ұлы Дәуір бәрі де жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапты. Желкілдеп немере, шөберелер де өсіп келеді. Немерелерінің алды беделді шетелдік оқу орындарына түскен. Өкініші сол, өткен жылы жалғыз ұлдары Дәуір кенеттен  қайтыс болып, шаңырақты шайқалтып кетті.

Базекең ағайын-туыстың балаларына қамқорлық жасап, қолынан келген көмегін аямайтын  азамат еді, деп еске алысады  туыстары. Оның күлімсіреп тұрған жарқын бейнесі  келіні Қорлан  Құттиқызы құрастырып, күйеу баласы Жебе Есенжолұлы  шығарған «Ғибратты ғұмыр» деген жинақтың мұқабасын безендіріп тұр. Жинақта қаламгердің әр жылдары жазған сүбелі мақалаларынан Сеңкібай батыр, Кенже би және замандас әріптестері Ғалымбек Нәдіров, Есімбек Бәйтенов туралы жазған мақалалары,  өзге де шығармалары, «Жер жаннаты – Қарқаралы» атты деректі фильмінің сценариі, арнау өлеңдері, балаларының, туған-туысқандарының, жоғарыда аталған қаламгер інілерінің естелік мақалалары енген. Сондай-ақ, онда Базекең өзі түсірген фотосуреттер де топтап берілген.

Базарбай Мұстафин  ағамыз артынан мол мұра қалдырған қарымды қаламгер болып табылады. Оның  таңдаулы  шығармаларының басын қосып,  кітап етіп шығаруды алдағы жылдардың үлесіне қалдырайық.

 Аман ЖАНҒОЖИН,

«Орталық Қазақстан» газеті

редакциясының ардагерлер

ұйымының  төрағасы. 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button