Қарағанды

Басты мақсат – заңдылықты қадағалау

Біздің басты міндет – балаларға жасалатын зорлық-зомбылық және құқық бұзушылықтың алдын алу. Кәмелеттік жасқа толмағандармен жұмыс істеуде мектеп инспекторларымен қоян қолтық жұмыс жасау алдыңғы орында. Құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың орын алуына түнгі мезгілде ата-аналар тарапынан балаларының жүріс-тұрысына бақылау орнатпауы, көшеде, ойын-сауық орталықтарында жүрулерімен қатар, профилактикалық жұмыстардың әлі де болса жеткіліксіздігі себеп.

Жалпы, ұрпақ тәрбиесінде ең бірінші ата-ананың рөлі, одан кейін ұстаздардың тәлімі, үшіншісі баланың араласатын ортасының ықпалы ерекше.

Біздің прокурорлық қадағалау ісіміз де осы үш факторды байланыстыра жүргізіледі.

Әсіресе, кәмелеттік жасқа толмаған балалар ісін қарауда айыпталушылардың құқығын қорғау мәселелерінің үлкен маңызы бар. Кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушылардың психикасы мен жасын ескеріп, БҰҰ Бас ассамблеясы 1985 жылы «Пекиндік ереже» деген атпен белгілі «Кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты сот төрелігін жүзеге асыруға байланысты БҰҰ минималды стандартты Ережелерін» бекітті. Ол әрбір елдің заңдарында ескерілуі тиіс және осы санаттағы істерді тергеу және сот талқылауы барысында қолданылуы керек.

Осы ережелерде мазмұндалған ұсыныстарға байланысты қылмыстық іс жүргізу кодексінде бекітілген кәмелеттік жасқа толмағандардың істері бойынша іс жүргізу тәртібінде мұндай тұлғалардың жас ерекшеліктері мен құқықтық жағдайы ескерілген.

ҚРҚІЖК-нің 11 бөлімінің нормалары кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сотта іс жүргізудің тәрбиелік ықпал етуін қамтамасыз етуге бағытталған. Ережеде кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қосымша кепілдіктер қарастырылған. Сондықтан, іс жүргізу әрекеттерін реттейтін жалпы нормаларды ауыстырмайды, тек толықтырады. Бұл нормалар қылмыс жасаған сәтте 18 жасқа толмаған тұлғалардың істеріне қолданылады.

Кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмыстары туралы істерді қозғаудағы прокурорлық қадағалау, анықтау, алдын ала тергеу органдарының және соттың заңдылықты тура орындауы мен сақтауына кепілдік болып табылады.

Іс материалдарына кәмелеттік жасқа толмағанның жасын растайтын құжат көшірмесі қоса тіркеледі.

Кәмелеттік жасқа толмағанның жасын айқындайтын құжаттар болмаған жағдайда немесе олардың түп нұсқалығына күмән келтірілген жағдайда, жас мөлшерін анықтау үшін ҚІЖК 240 бабының тәртібімен сараптама тағайындалады.

Дегенмен, сот медициналық сараптамасы кәмелеттік жасқа толмағанның жасын тура анықтап бере алмайды.

Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясында қылмыстық заңдарды бұзған немесе оны бұзды деп айыпталған әрбір баланың оның кінәсі заңға сәйкес дәлелденбейінше, кінәсіздік презумпциясы кепілдігіне ие болу керектігі көзделген.

Егер күдікті немесе айыпталушы кәмелеттік жасқа толмаса, онда қандай ауырлықтағы қылмыс жасағандығына қарамастан қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қорғаушының қатысуы міндетті. Егер кәмелеттік жасқа толмаған бала ұсталса немесе қамауға алынса, онда оны бірден қорғаушымен қамтамасыз ету керек.

Кәмелеттік жасқа толмаған ата-анасы немесе заңды өкілдері қорғаушымен қамтамасыз етпесе, ондай мүмкіндік болмаған жағдайда тергеуші, прокурор және сот қорғаушының қатысуын қамтамасыз етулері керек. Кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмыстары туралы істерде қорғаушыдан басқа оның заңды өкілдері, яғни ата-анасы, қамқоршылары, қорғаушылары қатысады.

Жалпы, тәртіп мәселесі бәрінен де қымбат, мемлекет үшін де баға жетпес құндылық. Бұл мәселені Елбасымыз Н.Назарбаев та сан мәрте қайталап айтты.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген. Ендеше көреген Елбасының сарабдал саясаты аясында прокуратура қызметкерлері де ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қоспақ.

Біздің жұмыс заңдылықты қадағалау. Бұл жолда жемісті еңбек етіп, биіктерді бағындырарымыз сөзсіз.

М.Семізбаева,

Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасының бөлім прокуроры.

Қарағанды қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button