Бас тақырып

«Бастаумен» бизнес бастағандар

Елімізде орта және шағын бизнеспен айналысатындар қатары көбейіп келеді. Өйткені, Президенттің бастамасымен кәсіпкерлікке қолдау көбейіп, қолайлы жағдай жасалып отыр. Жеңілдетілген несие, қайтарымсыз грант секілді тиімді тетіктері бар бизнес бағдарламары баршылық. Әсіресе, «Бастау Бизнес» жобасы көптеген кәсіпкерге жол ашты. Бұл бағдарлама арқылы көпбалалы отбасындағылар да, мүмкіндігі шектеулі жандар да, асыраушысынан айырылғандар да грантқа қол жеткізіп, кәсіптерін дөңгелетіп, басқаларға да жұмыс беріп отыр.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Биыл грантқа ие болғандар жетіп артылады. 178 жаңа кәсіпкер қайтарымсыз гранттың қайырымын көріп отыр. Оларға жалпы 262,5 млн қаржы бөлінген. Әр кәсіпкерге ең көбі 1 480 000 теңге қаржы тағайындалған.

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова бұл жолғы гранттың көбін көпбалалы отбасындағылар алды дейді.

– «Бастау Бизнестің» гранты өз кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашып, өндірісін жолға қойып, оны дамытып, сол арқылы өзін тұрақты табыспен, өзгені жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Биылғы гранттың дені көпбалалы отбасындағыларға бұйырды. Нақтылап айтсақ, 106 отбасы грантқа қол жеткізіп, өздерінің түрлі кәсібін жолға қойып отыр. Қалған 44-і – мүмкіндігі шектеулі жанға, 18-і – ерекше балаларды өсіріп отырған ата-анаға, алты грант асыраушысынан айырылғанға, төртеуі атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғандарға үлестірілді, – дейді Әсем Айтжанқызы.

Биылғы грантты иеленгендер жиһаз цехы, этнокиім тігін орталығы, сән салоны, кондитер цехы, ысталған ет, тез тамақтану орыны, автобөлшек дүкені, сабын цехы, мал бордақылау алаңы, металл құрастыру цехы, медицина кабинеті, массаж кабинеті, спорт клубы, аяқ киім шеберханасы, жылыжай, наубайхана, шаштараз, сүт өнімдері, шұжық, ветеринариялық дәріхана, құс шаруашылығы, пластикалық терезе мен есік өндірісі, монша секілді халық сұранысына ие кәсіптерін дөңгелетеді.

Тіпті, кәсібіне кірісіп, нәсібін тапқандар да бар. Мәселен, шағын гранттың шарапатын Бұқар жырау ауданы, Доскей ауылының тұрғыны Данияр Татығұлов көріп отыр. «Бастау Бизнестен» оқыған сертификаты серпін беріп, «2024-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы» шеңберінде мемлекеттік грант алған. Бірден өзі ойластырып жүрген құс фермасын қолға алды. Грант қаражатына шаруасына қажетті сыйымдылығы екі мың жұмыртқа болатын инкубатор, етті ыстап, оны пісіретін пеш, мұздатқыш сатып алған. Кәсіпкер қазір бөдене өсіріп жатыр.

– Әрекет етсеңіз, берекеті болады. Келіншегімізбен ақылдаса келе, еті үнемі өтімді құс фермасын ашайық деп шештік. Мемлекеттің қолдауы ойымыздың жүзеге асуына кәдімгідей сеп болды. Сөйтіп, тәртіп-талабына сай құжаттарды өткізіп, конкурсқа қатысып, 1 476 800 теңге алдық. Біз бөдененің етін тұздап, ыстап, саудалап көреміз. Шағын кәсібіміз дөңгелеп жатса, ауылдағы бір-екі адамға жұмыс береміз. Ауылдағы естіп-білгендер қазірдің өзінде өнімімізді сұрап жатыр. Соған қарағанда кәсібіміз өркен жаяды деп отырмыз, – дейді Данияр Татығұлов.

Суреттер кейіпкерден

Үштөбе ауылындағы үш баланың анасы Әсемгүл Елубаева да грант иегері атанып, ойға алған кәсібін жетілдіріп отыр. Ірімшіктің түр-түрін әзірлеп, өнімін саудалауда.

– Осындай грантқа қол жеткізу мүмкіндігі барын жақынымнан естіп, арнайы курстан білімімді жетілдірдім. 1 грант қаражатына қажет жабдықтарымды сатып алдым. Табиғи өнімге қашанда сұраныс бар. Ауылдың өзінде тез өтіп кетеді. Ірімшікті әзірлеу технологиясын ертеден білемін. Гранттың арқасында кәсібім кеңейіп, тапсырысым көбейді, – дейді грант иегері Әсемгүл.

Тағы бір төрт баланың анасы Гүлнұр Балтабаева – биылғы грант иегері. Ол да грант арқылы өзінің шелкография әдісі және ДТФ принтер көмегімен ұлттық нақышты әзірлейтін бизнес орталығына орасан пайда әкелді. Қолөнерші ДТФ принтерді бағдарламасымен бірге 700 мың теңгеге сатып алған. Онымен қоса, ноутбук, көпфункционалды термопресске де қол жеткізген.

– Бүгін «Асыл мұра» өнер мектебіндегі «Асыл мұра» күйшілер ансамблінің тапсырысын орындау үстіндеміз. Жақында Ташкентке конкурсқа барады. Өнерпаз балалардың киімдеріне қазақы нақыш салып жатырмыз. Тапсырыс күн өткен сайын көбейіп жатыр, – дейді кәсіпкер келіншек.

Кәсібін енді ғана бастаса да, Гүлнұр Әбүйірқызы қайырымдылықпен айналыса бастаған. Республика күніне орай Майқұдықтағы балалар үйіндегі бір топ биші қызға қазақы нақыштағы жейделерді тарту етпекші. Одан кейін өзі бірлесе жұмыс атқарып жүрген «Асыл мұра» өнер мектебімен концерт қоямын деп отыр.

Міне, «Бастау Бизнес» арқылы грант алғандар ел экономикасының еселенуіне осылай үлесін қосып жатыр. Сәйкесінше, жұмыссыздық азайып, бизнестегі сан-салалық кәсіп көбейіп келеді.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button