Облыс әкімі

Баспана құрылысы қарқынды

Кейінгі уақытта облыста тұрғын үй құрылысының қарқын алғаны мәлім. Жылдан-жылға көпқабатты үйдің қатары молайып келеді. Мәселен, алдағы төрт айда аумағы 160 мың шаршы метрден асатын үй тұрғындарға табысталатын болады. Ал, бұл 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 12,7%-ға артық. Аймақ мұнымен тоқтап қалмақ емес. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек аймақтағы баспана құрылысының көлемі ұлғаятынын атады. Кеншілер мекені алдағы үш жылда әр жыл сайын 1 миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызуды жоспарлапты.

Тұрғын үй құрылысында біз өзімізге зор талап қойып отырмыз. Сол талаптың аясында биыл, шамамен, 700 мың шаршы метр баспана саламыз. Бұл – былтырғы көрсеткіштің төрттен бірі. Алдағы үш жыл мұғдарында жылына миллион шаршы метр үй тұрғызатын жоспарымыз бар. Баспана құрылысындағы өсімді сақтауға тиіспіз, – деді Жеңіс Қасымбек онлайн режимде өткен аппарат отырысында.

Аймақ басшысының айтуынша, салынып жатқан үйдің 15 пайызы бюджет есебіндегі – әлеуметтік тұрғын үй. Қалғаны – коммерциялық. Сұраныс бар. Әкімдіктер тұрғын үй құрылысына қажетті жер телімдері мен инфрақұрылымды қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, облыста өнім өндіруде де өсім күтіледі. Экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқановтың мәлімдеуінше, облыста қаңтар-сәуірде 1 трлн. 319,5 млрд. теңге көлемінде өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібінде өсім 2%-ды құрады.

Аппарат отырысын қорытындылаған облыс әкімі әлеуметтік-экономикалық даму индикаторларының орындалысы жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар, экономикалық тұрақтылық пен жаңа жұмыс орындарын қамту мәселесін құзырлы орындар ерекше бақылауына алады. Жалпы, облыстың 2021 жылға экономикадағы өсімі 3,4% мөлшерінде жоспарланған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button