Сәтбаев

Баспана кілті тапсырылды

Үкіметтің Жезқазған-Ұлытау өңірін әлеуметтік-экономикалық дамытудың Кешенді жоспары аясындағы үстіміздегі жылы Сәтбаев қаласында 805 пәтерлік 15 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жөніндегі жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізілуде. Астана күні қарсаңында көп пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы толықтай аяқталып, алғашқы қоныстанушылар әкімдіктен пәтер кілттерін алды.

00

Жезқазған кенті тұрғындарын көшірудің биыл екінші кезеңі басталды. Соған орай, кеншілер қаласында жаңадан 6-ықшам аудан бой көтеруде. Абай көшесінің 15-ші мекен-жайындағы 45 пәтерлік алғашқы үйді салған « KARAGANDY SAULET-KURYLYS» ЖШС құрылыс нысанын белгіленген кестеге сай тапсырып отыр. Бес қабатты үй жаңа жоба бойынша салынған. Іші сәнді, сырты әдемі.

– Пәтеріміздің кіреберісі кең, бөлмелері ыңғайлы, ерекше үлгімен салынған. Санитарлық тораптар да жеке,- деп қуанышты көңілдерін жеткізуде алғашқы қоныстанушылар.

Осы аптада жеке кәсіпкер Е.Молдашовтың «Құрылыс» кәсіпорны мердігер болып табылатын Абай, 11/2 мекен-жайындағы 30 пәтерлік тұрғын үй де тапсырылып, Жезқазған кентінен қоныс аударушылар кезегімен көшіп келе бастады. Енді бір аптаның ішінде үшінші корпустағы 30 пәтерлік үй пайдалануға берілмекші. Пәтер кілттерін тапсырған қала әкімінің орынбасары Болатбек Жақсыбаевтың айтуынша, 460 пәтерлік 9 үйдің құрылысы үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін аяқталмақ. Ал, қалған үйлер де 30 желтоқсанға дейін толық тапсырылмақшы.

Жаңа үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Аулаларда балалардың ойын алаңы, жасанды төсеніші бар футбол алаңы жабдықталды. Ықшам аудан тұрғындарының балалары үшін 600-ға арналған жаңа мектеп салынуда.

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button