Бас прокуратура «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын тексеруде
Бас прокуратура «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын тексеріп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.
– «АрселорМиттал Темиртау» бойынша келісімшарттық міндеттемелер қайта қаралды. Бұл ретте, қазіргі уақытта Бас прокуратураның басшылығымен компания қызметі бойынша кешенді тексеру жүргізілуде. Нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады. Бүгінгі таңда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларымен жасалған 87 келісімшарттың 40-ы күшін жойып, 47 келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерді орындауы бойынша талдау жүргізіліп жатыр. Өндіруге дайын, бірақ барлауға заңсыз берілген 143 кен орнының 10 лицензиясы/келісімшарты қайтарып алынды. 25 жер қойнауын пайдаланушыларға міндеттемелердің бұзылғаны туралы хабарламалар жіберілді, – деді министр.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы еңбек, экология және салық заңдарын бұзып, инвестициялық міндеттемелерді орындамай отырғанын айтқан болатын. Ал, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин құқық қорғау органдары «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының негізгі инвесторы Лакшми Митталды кінәсі анықталған жағдайда жауапкершілікке тартуға құқылы екенін мәлім етті.