«Барыс жылы туған асау балықпын…»
(Жалғасы. Басы газеттің №21 санында)
Төрт салт атты
Соғыстың шарпып өткен өрті-ай, жылдам,
Естияр ағалардан ерте айырылған, –
Төрт бала –
Қазақ дейтін жыр-еліне,
Төрт атқа мініп келдік – төрт ауылдан.
Дәуітәлі деген, шіркін, қандай жігіт,
Жырлады Жыландысын хандай қылып!
Көргені көзін ашып жылан еді,
Жұтты ғой сол соңынан қалмай жүріп…
Қарасаң, тау басында – обалары,
Әр жерде бір-екі-үштен молалары;
Жүрсіннің туған жері – жер түбінде,
«Жер жоқ, – деп өзі айтады, – одан әрі…»
Көрсетпей өркениет қарасын да, –
Мен туғам Қызыларай даласында.
Өскенмін Мауглидей асыр салып,
Арқар мен арландардың арасында!
Көгілдір Ақсораңның аспаны мен, –
Көк жасыл! –
Көрмедім ғой басқаны мен!
… Ғалымның туған жері – станция,
Пойыздар жүйткиді онда составымен…
Жұт болса, малдан талай бас қырылып,
Арқаның үсті – боран, асты – бүлік;
Ақырып пойыз мұнда өткен сайын,
Ал, бізде жатады ылғи қасқыр ұлып…
Орыс тілінің сөздігін жасаған В.И.Дальдің түбі дат екен. Соны біреу тіліне тиек етсе, ол да мен құсап, жатып кеп ашуланатын көрінеді! «Адамның жаны мен рухы қайда болса, шыққан тегі де – сонда!» деген сөз осы әулие Дальдан қалған! Ол, тіпті, православие дінін өлер алдында қабыл алған. Өзін өмір бойы православпын деп ойлаған! «Ресей православиеден айырылса, ешқашан ел болмайды!» деген де осы ғұлама! Ал, құдай-ау, мен туғаннан мұсылман емес пе ем?!. Көзімді бақырайтып қойып, ұялмай-қызармай, туған елімнен қалай бөледі мені?!
«Ұлы орыс тілінің» (Даль) оралымдығы мен байлығына дәп осы Дальша мағмұрланған орыс жоқ десе болады. «Екі ғасыр бойы шет жұрттан кірген шата сөздер сол бай да, ордалы орыс тілінің берекесін кетірді?!» деп, ойбайдан аттан салады ол! Ең алғашқы «Орыс тілінің түсіндірме сөздігін» жасаған осы «датчанды…». Біз де Даль болмасақ та, хал-қадірімізше, қазақ тілінің ажарын ашуға өзімізше үлесімізді қостық. Ал, өзінше, менімен «ұстасып», көкірегіне Тәңірінің сәулесі түспеген, көзіқарақты қазақ оқи алмайтын тақылдаған тақпақ жазып жүрген «қазақ шәйірі…» не тындырды? Мені Владимир Иванович Дальдің аруағы жебеді!
Біз баяғыдан «Қарқаралы-Қызыларайдағы» Қаракесек ішіне тастай батып, судай сіңіп кеткенбіз. Туған-туыстан жұрдаймын; өздері үш жүзге, ру-руға бөлінетін қазақ бізді өзіне қоспайды. «Қырғыз» дейді әлі?! Бірде: «Атажұртым – қырғыз, Арқаға Енесайдан келген, анажұртым – араб, – Мекке-Мединадан!» деп, Мұхтар Мағауинді ашуландырып алғам: «Сенің бабаларың Абылаймен бірге қазақ хандығының шаңырағын көтерген! Арқаға әкеліп, Қарқаралыға жайғастырған да – сол! Не сандалып отырсың?! Қырғыздан не қалды сенде?! Арабтан не қалып еді?!. Енді тағы бір жерде осы сөзді айтатын болсаң, – ісім сенімен болады!» – деді! Зәрем ұшып кетті! Бір өзі бір ұлтқа айналып кеткен адам ғой?! «Қырғыз ем…» деп айтпаймын содан бері, ел айта берсін…
Алламен мен тек
қазақша сөйлесем…
Әкем Ақсұңқар (1912-1970 ж.ж.) партия-совет қызметкері, 1928 жылдан коммунист, әуелде – мұғалім, Қарқаралы аудандық партия комитетінің хатшысы, Ұзынбұлақ, Сталин қолхоздарының бастығы, ЦК-ның парторгы қызметтерінде болған адам (1937-1959 ж.ж.). Бір атадан тоғыз туып, жалғыз қалған, біреулері – репрессияға ұшырап, біреулері соғыста кеткен – хабарсыз, біреулері аштан өлген. Қайда көшсе де, жетім-жесір өрен-жаранын өзімен бірге алып жүрді. 58 жасында дүниеден қайтқан. Одан қалған бес баланы 42 жасында жесір қалған шешем жалғыз өзі өсірді. «Қарқаралы-Қызыларай» өңірінде ерекше сыйлы болған адам еді.
Анам – Һалифа Рамазан шыққан нағашы жұртым хақында бір шымыр дүние жазсам деген ой шешем фәниден бақиға көшкен күннен бері жаныма маза бермеген. Ел ақынның қара тырнағынан бастап, тұла бойының бәрі сезім дейді. Абайда «Алланың хикметі – махаббат, ғаділет сезім» – деген бір сөз бар. Өзімше мен де ақынмын деп жүргем, шешемнің қадір-қасиетін осы опасыз дүниеге тастап кеткен күні бір-ақ сездім. Орны үңірейіп қалған соң…
Басында сол кісіге жырдан ескірмес бір ескерткіш орнатсам деп, ұлы нағашым, Алашқа ислам дінін сіңірген Қожа Ахмет Яссауи туралы поэма жазсам деп ойлағам, жалғанның жарығына шыққан соң өзіме де ұнамай қалды. Кейіннен жеке-жеке өлеңге айналдырып жібердім. Поэма шықпады. Ұлы Нағашының образы жасалмай қалды.
Жаратушы Жасаған Жалғыз Бір Иеге имандай сеніп, бас имеген пендеден жөнді ақын шықпайды. Гете, Пушкин, Лев Толстойлардан бастап, Абайға дейінгі ақындарға қараңыз, – бәрі де дінге риясыз сенген. Содан ерекше бір күш, қуат алып, шалқар шабытқа бөленген! Жерден, пендеден келетін дүниелерден гөрі көктен, – Тәңіріден келетін хабар-ошардың құдіреті ғажап! «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп, Хакім-Абай босқа айтпаған ғой!
«Қарқаралы басында жалғыз арша, Хатқа жүйрік сол қалқа мұсылманша» демекші, біздің ішіміздегі исламның тереңіне жүзген ақын Светқали Нұржан (Айтман) ғой? Маңғыстаудағы үш жүз алпыс әулиенің ілімі оның тұла бойына сіңіп кеткен! Қалғанымыз Құранның бетін ашпай-ақ, Құдай туралы «өлең» жаза береміз. Көйітіп…
Бізге қарағанда орыс ақындары Құдайға қараған: әріге ұзамай, бергі, бізбен заманы бір орыс шәйірлерін қыдыра шолып көріңіз: православиенің түбіне бір түсіп шықпаса, Андрей Вознесенский «Исаның соңғы жеті лебізі», Юрий Кузнецов «Исаның жолы» атты жырларын жаза алмас еді! Біз өзіміздің Қожа Ахмет Яссауиді де оқымай-ақ, исламды жырлай береміз ғой?!. Ақын Құдайға ғана сенетін адам болуы керек. Басқа – ешкімге! Жер бетінде Тәңірінің сөзін Ақыннан басқа басы жұмыр пенденің ешқайсысы да айта алмайды. Алланың Жердегі елшісі – Ақын. «Знала, что он в больнице. Беспокоилась, молилась о его здравии. И хотя он не был крещён, Христа он любил», – деп жазды Игор Шкляревский туралы ақынның ақылды бір замандасы, – «Верил, что Бог любит его. Потому в молитве я так и добавляла к прошению: Господи, исцели заблудшего раба Твоего, ещё не пришедшего к Тебе, но любящего Тебя. О любви к Богу он говорил мне не раз. Но я никогда в том и не сомневалась. Иначе как бы он мог оставаться таким глубоким лириком?!»
1999 жылы қолыма Валерия Порохованың «Құран. Мағынасы мен түсінігі» атты еңбегі түсіп, сондағы он шақты аятты соның «негізінде түзілген көркем ой» деп («Төбемнен жауһар жауып тұр» деген кітапта тұр), шешеме оқып беріп едім, о кісінің көзі шарасынан шығып кетті: «Балам-ау, Құранды, Құдайдың сөзін аударуға болмайды ғой?!» – дегені?!.».
Шешеме И.Ю.Крачковский мен Г.С.Саблюковтың, В.Порохованың тәржіма кітаптарын көрсеттім. Кітап дегенді керемет кие деп ойлайтын шешемнің Құранды да тәржімалауға болатынына көзі әзер жетті… Сол кісі дүниеден қайтқаннан кейін маған маза бермей қойған бір жыр («Нағашы жұрт») түнде – түсім, күндіз – ойымнан кетпей, ой ұшына ақындық қарымым жетпей жүрген дүнием еді. Біразы қағазға түскен, іште оған да түсіп үлгермеген эскиздері бар еді. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қожалар хақындағы «Асылзада» атты эссесіндегі қуғын-сүргіндегі нағашы жұрт, көресінін көріп, Қытай ауып, бүгінде 90-ға келген Абрар ата шерімді қозғап жіберді. Жырдың бірінші нұсқасы, екінші, үшінші нұсқасы да шикілеу түсті. Мен Мұқағали емеспін ғой? Ол бір-ақ мәрте жазып, оған қайта қарайламай, жүре береді екен. Тәңірі ондай көл-көсір қуатты маған бермеген. Түзеп, күзеп, шұқылап отыра берем, – қашан кемеліне келгенше. Менікі – бейнет.
Алламен мен тек қазақша сөйлесем,
Тек қазақша ой кешем.
Ол орысша Пушкинді де түсінген,
Ол немісше Гетені де түсінген.
Мен қазақша содан медет сұраймын, –
Ішімнен!
Шекспирі – бір әлем.
Киплинг те арбайды бір дуамен.
Өзі мені қазақ қылып жіберген,
Маған салса, ағылшын боп туар ем…
Ол Құранды араб тілінде түсірген,
Гете оны немісше ойлап, – түсінген.
Оны мен де қазақша ойлап, түсінгем.
Мен қазақша одан медет сұраймын, –
Ішімнен…
Менде де бар кіндік кескен жұртым, ел.
Елден ерек менің-дағы ұлтым өр!
Тәңірімен жат тілінде сөйлессе,
Тексіз ғой деп, тыңдамауы мүмкін ол…
Ислам-Арап-Мұхаммед
Араб ұлы емес, Алланың ерекше мейірімі түсіп, қырық жасында арқасына пайғамбарлық қасиет қонған Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) – ұлы!
Исламды – исламнан, адамзаттан, ғылымнан бөліп алып, оны неше түрлі измдерге (вахабизм т.б.) айналдырып алған әсіре діншілдер Алланың Хақ дініне Мұхаммед пайғамбарша ұйып, тұшынып, оны Махаббат, Ғаділет, Иман, Обал, Сауап деп, Иассауи, Абайша түсінген кезде ғана ұлы ұлысқа айналады!
02.06.2020 ж.
«Орысша сөйлейтін
Арғынның ішінде…»
Өткен ғасырдың 90-шы жылдары. Совет Одағының шаңырағы ортасына түсіп, ел-жұрттың есі шығып жатқан кез-ді. Мен Жәкеңнің орнына (Ж.Бектұров) Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды-Жезқазған облысы бойынша жауапты хатшы болып, Қарағандыға көшіп келгем. Іле-шала пәтер алдым. Қызараңдап жүретін кезіміз, соңымнан небір сөз еріп, «алқаш» т.б. деген атақ-даңқым…» шырқап тұрған уақыт.
Бір күні шешем мен Ғалияға ораза ұстаймын дедім.
– О, құлыным… – деді дінге етене жақын, түбі – қожа Тәтем елжіреп кетіп… – Рас па?!. – деді Ғалия аң-таң төбесінен жай түскендей боп!
Оразаны өте ұқыпты, тәртіппен ұстадым десем болады. Темекі де тартпаймын! Сөйтіп жүргенде үйге келген бір қу: «Ауыз ашқан соң тарта беруге болады» – дегенде оңбай қуанып кеткенім. Оразаның бітуіне бір-екі-ақ күн қалған…
Тәтем мен Ғалия менің оразама өздерін Мекке-Мәдинаға апарып келгендей қуанды! Ғалия, тіпті, сәресінді менен бұрын тұрып, дайындап, қазы-қартаны турап, араның балы, балықтың икрасына дейін алдыма қойып, өбектеп кетті. Бір күні ыза боп:
– Ғалия! – дедім оған.
– Ау? – деді бір жақсы сөз айтады екен деп елеңдеп!
– Сен осы ақынға емес, молдаға әйел болуға лайықты екенсің!
– Оразаның үстінде ондай сөз айтуға болмайды! – деді Тәтем жақтырмай!
Күн батар-батпастан Тәтем келініне келеді де дидақшып кетеді:
– Дастархан дайын емес қой әлі? Қайда жүрсің? – деп. – Тәте, сағат әлі ерте ғой? – дейді келіні. – Пердені жабыңдар! Күн батты! Әкел тамақты! – дейді, қайран шешем… Ішімнен «…ақын болғаннан гөрі, молда, пірадар болған мың есе артық екен ғой?!» деп ойлап қоям…
Туғаннан Ақсораң сықылды өр едім.
Тіпті, он үш жасымда-ақ төре едім.
«Қазақстан пионері» дейтұғын газетте,
Қасқайып тұратын өлеңім…
Мендей сен болып көр біреудің боданы,
(Тесіліп қарап тұр ол әлі?).
Туған жер – Ақсораң болғанмен,
Шыққан жер – Советтер Одағы.
Көзімді ашқаннан көргенім той менің,
Көк еді көйлегім.
Орысша сөйлеген Арғынның ішінде,
Мен ғана қазақша сөйледім!
Салулы төсегім – салқын бақ,
Жадырап жүремін жартымды ап;
Вокзалда, ресторан, барларда
Жырымды оқыдым саңқылдап!
Жасымнан жазған соң өлеңді,
Жанашыр ағайын көп енді:
«Бұл бала құсадан немесе,
Арақтан өледі!» – деген-ді…
Көзімнің алдынан Советтер Одағы кетті
ұшып,
Түбім тұр – Тұранда,
Кеудемді кек қысып;
Қызыларай тауынан, десанттай, –
Жиырма бірінші ғасырға кеп түсіп;
… Мені «Ішкіш…» дегендер, күйіктен
Өздері кетті ішіп…
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ