Бораш. Еңбекті сүйген ер, ауылына жанашыр, атымтай жомарт Боранбай Мұқаналиевтің ел ішіндегі екінші есімі осындай. Баршын ауылының өрісіне мыңғырған малын өргізіп, шаруашылығын шалқытып отырған еңбек ардагері ауылының шапағатшысы.

Боранбай Қасымбекұлы – жақсының жалғасы, тектінің тұяғы. Әкесі Қасымбек – Ұлы Отан соғысының ардагері, «Даңқ» және басқа да орденнің иесі. Адуынды әкенің тәлімімен жігерін жанып өскен жас жігіт әскерге шақырылған уақытта Ауғанстан жерінде оқ қарша борап жатқан еді. Сол уақытта әскери борышын ойдағыдай өтеген ол елге аман-есен оралады. Ауған соғысының ардагері Боранбай Қасымбекұлының да омырауында авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов атындағы, Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты», Сағадат Нұрмағамбетов атындағы медаль және «Интернационалист-жауынгер» атты төсбелгі бар. Мұның бәрі Қасымбек әкенің қанымен келген қайсарлықтың үлгісі.
Ауған даласынан орала сала, еңбекке араласып, шағын малмен шаруашылық құрады. Сол қысы-жазғы қып-қызыл бейнеттің, маңдай тердің өтеуі – өрісі толған малы. Бала кезінен малсақ боп өскен ол үйір-үйір жылқысының түгелін түрін түстей алады.
Сөйтіп, Боранбай Қасымбекұлының мұқалмас жігерімен бүгінгі күнге жеткен «Мұқаналиев» фермер қожалығы аудандағы іргелі агрокешенге айналып отыр.
– Бүгінде мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Мал шаруашылығын дамытуда жеңілдетілген несиелер, қара малға субсидиялар беру, техниканы лизингке алу ісі қазір дұрыс жолға қойылған. Тек соларды шаруалар ұтымды пайдаланса болғаны. Осы қолдаулар арқылы шаруашылыққа жаңадан 5-6 мал қора салдық. Өзім «Сыбаға» бағдарламасымен 100 ірі қара алып, өсіріп отырмын. Байқау арқылы жалға жер алып, жайылымды кеңейттік. Малдың тұқымын асылдандыру мәселесі де қолға алына бастады. Бес бас асыл тұқымды бұқа әкелінді. Енді асыл тұқымды бұқа сатып алам деген шаруаға мемлекет тарапынан болатын көмек қазір қомақты. Субсидия арқылы оның құнының белгілі бір бөлігін өтеп береді. Астанаға жақын маңайдан жер алып, мал бордақылау алаңын салдық, ол да өз жемісін беріп отыр, – дейді мемлекет қолдауын сезініп отырған шаруашылық басшысы.
Мал баққанға бітеді. Шаруаның басы-қасында Боранбай Қасымбекұлының өзі жүреді. Ат мініп, өрісін аралап, төрт-түлігін түгендемесе, көңілі көншімейді. Өмір салты солай. Содан да болар, еңбегі жанды, бейнеті бағын да, барын да еселеді.
Ауылды күл-қоқыстан тазалау, су құбырлары істен шығып қалса, оны жөндеу секілді шаруалар Боранбай мырза демеушілігімен жүзеге асады. Мұнымен қоса, ауылда қаңырап қалған ғимаратты өз қаражатына күрделі жөндеуден өткізіп, балалар мен жасөспірімдерге спортзал ашып берді. Қазір ауыл балалары бокс, күрес секцияларына барып жүр.
Ауылындағы тоқсан жастағы ананың ескі үйін сүріп, жаңа үй салып берген сақидың өзі. Ауылдың мектебіне, ауруханасына үнемі көмектеседі. Ауылдағы әлеуметтік топтағы ағайынға жыл сайын соғым береді. Жылда бір үйірін соғымға сойып, таратып береді. Ал, былтыр Нұра ауданының 90 мұқтаж отбасына ет таратып берген. Одан бөлек, мал сою алаңын салып, қолданысқа берді. Ауыл зиратын қоршап берді. Нұра өңіріндегі мәдени және спорттық іс-шараларға демеушілік көрсетеді. Пандемия кезінде ауылын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. Мал жайылымындағы су шайып бұзылған екі бөгетті қалпына келтіріп берді. Көрші Тікенекті ауылындағы мешіттің құрылысына қаржылай көмегін көрсетті. Ауылына көшіп келгендерге де қарайласады. Соғымын, жем-шөбін, керек болса алдына малына дейін салып береді.
Боранбай Қасымбекұлы аудандық мәслихаттың бірнеше шақырылым депутаты. Ел аманатын орындау үшін ол Астана, Қарағандыға қатынап жүріп, ауылға «Билайн» мобильдік байланыс жүйесін орнатып беріп, халық ризашылығын алғаны бар. Міне, бұл атымтай азамат жасаған жақсылықтың біз білетін бір парасы ғана.
Ал, жары Зәуре Қазанбайқызы мемлекеттік қызметтің қазанында қайнаған жан. Қазір құрметті еңбек демалысында. Қызмет еткен жылдары ауылының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, елдің батасын алған. Зәуре Мұқаналиеваның еңбегі жанып, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырған «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының «Үздік ашық әкім» аталымын жеңіп алған. Теңіз өңіріне өркениет сыйлаған әкім ретінде есімі ел аузында. Ол әкім боп тұрған тұста атқарылған жұмыс аз емес. Атап айтар болсақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында көшелер асфальтталды. 284 жарық шамдары қойылды. Ауылдың полиция бөлімінің ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Екі электр трансформаторы алынды. Төрт бірдей елдімекенге балалар ойын алаңы орнатылды. Ауыл жастарына арналып, Коворкинг орталығы ашылған. Ауруханаға жаңа жылыту қазандығы қойылған. Және жедел-жәрдем көлігі сатып алынған. Мектеп балаларын тасымалдауға автобус сатып алынған.
Мұнымен қоса, жас мамандарға екі пәтерлі үй салынған. Екі бірдей дөңгелек жөндеу шеберханасы мен наубайхана, кафе ашылып, қазір ауыл халқына қызмет көрсетіп отыр. Осындай игілікті істің бәріне Зәуре әкім ұйытқы болған. Оған басты қолдауды әрине, асыл азаматы Боранбай Қасымбекұлы көрсетіп отырған.
Жары Зәуреш екеуінің осыдан қырық жыл бұрын құрған шаңырақтары бүгінде аһарлы-шаһарлы әулетке айналған. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған. Балаларының бәріне еңбекті ертеден үйреткен екеуі бала-шаға мен немере-жиендердің қызығына кенеліп отыр.
Маңдай тер түбі төрге шығарады. Еңбегімен еңселі Боранбай Қасымбекұлы абыройдың биігінде, құрметтің төрінде. Кеудесінде Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медалі жарқырап тұр. Және де Нұра ауданының Құрметті азаматы.
Теңіз өңірінің өркендеуіне телегей-теңіз үлесі бар Баршын бағланының алтын жүрегі осылайша, «ауылым» бүлкілдейді. Ардақты азаматты ауылы да сәйкесінше алақанына салып отыр. «Бұдан асқан қандай бақыт бар?», дейді атымтайдың өзі. Рас-ау…
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Нұра ауданы