Барша балаға тең жағдай
Қарағанды облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Бұған дейін кеншілер шаһарында 1 үш ауысымды мектеп болса, 9 білім ошағы жобалық қуатынан асып, шамадан тыс жүктелген. Тағы екі мекеменің ғимараты апаттық деп танылған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешіп, оқушыларға заманауи, қауіпсіз және қолайлы ортада білім алуға мүмкіндік беруде. Ұлттық жоба аясында облыста 2023 жылдан бастап 41,6 млрд теңгеге 7 100 оқушыға арналған 10 мектептің құрылысы жүргізілуде.

«Жайлы мектеп» нені көздейді?
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы идеясын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы ұсынған. Президент бұл жобаға халықаралық Сингапур, Корея, Финляндия тәжірибелерін зерттеу негіз болғанын атады. Оған қоса елдегі демографиялық өсім мен урбанизация да әсер етті.
Мемлекет басшысы Жолдауларында ауыл мен қала мектептері арасындағы сапа алшақтығын жою, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу, білім беру инфрақұрылымын жақсарту қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Нәтижесінде «Жайлы мектеп» жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің бастамасымен әзірленіп, ұлттық жоба ретінде бекіді.
Бұл идея сапалы білімге тең қолжетімділік, озық технологиямен жабдықтау әрі қауіпсіз әрі инклюзив орта қалыптастыруды көздейді. Заманауи талаптарға орай мұғалімдер мен оқушылар үшін жайлы жағдай жасау да ұлттық жобаның негізгі бағыты. Жобаны жүзеге асыруға «Samruk-Kazyna Construction» операторы жауапты. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров атап өткендей, 2025 жылға дейін елімізде 400-ге жуық жаңа заманауи мектеп салу жоспарланған. Барлығы 369 оқу ошағы бой көтереді. 461 мың оқушыға шақталған ұзын-саны 217 мектеп қолданысқа берілсе, қалған 151 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қарағанды облысында 2024 жылы 4 400 оқушыға арналған 4 мектептің құрылысы аяқталды.
Қарағандыда құрылыс қарқынды
Атап айтсақ, Қарағандының «Кеңдала» шағынауданында өткен жылы №19 мектеп ашылды.
Мемлекеттік тілде оқытатын 2000 орынға есептелген білім ошағында 49 сынып-жиынтық жұмыс істейді. Мектепті педагогикалық кадрлармен жасақтау үшін 121 педагог жұмысқа қабылданған. Оның 81-і конкурс бойынша келсе, 40-ы басқа мектептерден ауысты.
Өңірде сондай-ақ, өткен жылы ақпаннан мемлекеттік тілде оқытатын 1200 орындық «Көгілдір тоғандар» шағынауданындағы №24 мектепте білім беру жұмыстары басталды. Мектепті педагогикалық кадрлармен жасақтау үшін 40 педагог жұмысқа қабылданды. Оның 25-і конкурс бойынша, 15-і басқа мектептерден ауысып келді. Бүгінгі күні мектеп білім басқармасының балансына беріліп, рұқсат құжаттарын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ал, «Гүлдер» шағынауданындағы №28 мектеп мемлекеттік тілде оқытатын 300 орынға есептелген. Онда 24 сынып ашу жоспарда. 1-4 сыныптар үшін 10 сынып (250 оқушы), 5-9 сыныптар үшін 10 сынып (250 оқушы) және 10-11 сыныптар үшін 4 сынып (100 оқушы) ашу көзделіп отыр. Жинақтау 600 оқушыны ауыстыру арқылы жүргізілмек. Десек те, құрылыс жұмыстарына орай мектеп білім басқармасының балансына әлі берілген жоқ.
Сол сияқты Балқаштағы 900 орынға есептелген мектепте оқушыларды мемлекеттік тілде оқыту көзделген. Алайда, мектеп білім басқармасының балансына әлі берілген жоқ. Балқаш қаласы білім бөлімі ұсынған мәліметке сүйенсек, алдағы уақытта 36 сынып ашу жоспарланып отырғандықтан, жинақтау жақын маңдағы мектептер аясында жүргізіледі. Осы орайда 2 мектептен 800 оқушыны (100 оқушыны 1 сыныпқа және 700 оқушыны 2 сыныптан 11 сыныпқа дейін) ауыстыру жоспарланған.
Қалған 6 мектепті «Samruk Kazyna Construction» АҚ ақпараты бойынша биыл аяқтау көзделген. Нақтылай өтсек, биыл Нұра станциясындағы 300 орындық мектепте 22 сынып ашылады. Жинақтау 198 оқушыны мектептен ауыстыру арқылы жүргізіледі. Мектепке конкурстық негізде қабылдау жолымен ауыстыру жоспарланып отырған 40 педагог қажет.
Ал, Бұқар жырау ауданы Доскей ауылындағы 300 орындық мектеп 15 сынып ашылады. Жинақтау 300 оқушыны мектептен ауыстыру арқылы жүреді. Мектепті педагогикалық кадрлармен жасақтау үшін 39 педагог қажет.
Ұлттық жоба аясында сондай-ақ биыл Бұқар жырау ауданы Үштөбе ауылында 300 орындық мектеп, Шет ауданы Ақсу-Аюлы кентінде 300 орындық мектеп, Сейфуллин кентінде 300 орындық мектеп ашылады. Биыл жұмысын бастайтын Қарағандының «Таугүл» шағынауданында 1200 орындық мектепте 48 сынып ашу жоспарланған. Оқушыларды мектепке тарту жұмыстары жақын маңдағы №№101, 104, 102, 39 мектептерден және жаңа шағынаудандардан балаларды қабылдау жолымен жүргізеді. Алдағы уақытта мектепті педагогикалық кадрлармен жасақтау үшін 92 педагог қажет.
Білімдегі теңсіздік жойылады
Облыстың білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Серікжанқызының айтуынша, барлық мектептер бірыңғай стандарт бойынша салынады. Білім ғимаратында заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар, роботтехника кабинеттері, спорт және тренажер залдары болады. Мүгедектігі бар балалар үшін кедергісіз орта құру да ұлттық жоба аясындағы мектепті салуда басты ұстанымның бірі ретінде ескеріледі.
– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ауыл мен қала арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Бұл жоба білім беру саласындағы теңсіздікті жоюдың нақты құралы. Ауыл мен қала оқушыларына бірдей оқу және даму жағдайын жасай отырып, материалдық-техникалық базаны біріздендіріледі. Оған қоса үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу әрі жаңа білім беру технологияларын барлық мектептерге бірдей енгізу де жоспарда бар.
«Жайлы мектеп» – тек жаңа ғимарат емес, бұл оқыту сапасын теңестірудің тетігі екенін түсінген жөн. Осы арқылы қала мен ауыл оқушысы арасындағы білім беру алшақтығы біртіндеп жойылады. Жергілікті өнімдерді құрылыспен жабдықтауда отандық өнімдер, оның ішінде қарағандылық бетон, арматура, еден плиталары, оқшаулау материалдары және жиһаздар пайдаланылады, – дейді Гүлбақыт Серікжанқызы.
Басқарма басшысының айтуынша, алшақтықты жою жолдары заманауи инфрақұрылым арқылы жүзеге асады. Ауылда салынатын мектептер де қаладағы мектептердегідей смарт кабинеттер, STEM-зертханалар, ІТ-сыныптары бар бірдей стандартпен жабдықталады. Спорт, мәдениет және шығармашылық бағыттағы үйірмелер ауыл балалары үшін де қолжетімді болады.
Кәсіби маманға қандай талап қойылады?
«Жайлы мектепте» жұмыс істегісі келген білікті педагогтар «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы арқылы ауылдық мектептерді де таңдай алады. Мамандар үшін сандық теңдік сақталады. Яғни, ауыл мектептері интернет және цифрлық құралдармен жабдықталатындықтан қала деңгейінде білім беруге мүмкіндік алады. Ауылдағы оқушылар бәсекеге қабілетті білім алып, ҰБТ, олимпиада, шығармашылық байқауларда тең дәрежеде қатысады. Сондай-ақ, ауылдан шыққан дарынды оқушыларға көбірек қолдау көрсетіліп, қала баласымен тең түсетін мүмкіндік жасалады.
Өңірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында ашылып жатқан жаңа білім ошақтарына мамандарды жұмысқа қабылдау мемлекеттік стандарттарға сәйкес. Әдеттегідей бос жұмыс орындары жарияланады. Әр аудан, қала әкімдігінің немесе білім бөлімінің ресми сайтында Enbek.kz, kadr.edu.kz секілді платформаларда бос орындар ашық түрде ұсынылады.
Ал, құжаттар қатарында жеке куәлік, диплом (қосымшасымен), санат болған жағдайда оны растайтын құжат әрі медициналық анықтамалар болғаны жөн.
Конкурс негізіндегі іріктеуде кандидаттар әңгімелесу және құзыреттілік деңгейі бойынша бағаланады. Кей мектептерде пәндік тестілеу, педагогикалық жағдайларға жауап беру сияқты тапсырмалар берілуі мүмкін.
Жалпы ұстаздардың «Жайлы мектепте» қызмет атқаруы үшін педагогикалық жоғары білімімен қатар компьютерлік сауаттылығы жоғары болуы міндетті.
Мамандар сондай-ақ, жаңа форматтағы білім беру әдістерін меңгерген (STEM, критериалды бағалау, цифрлық платформалар) болуы тиіс. Жаңартылған білім мазмұны бойынша курстардан өткендерге басымдық беріледі дегенмен, ашық конкурста мотивациясы, ұйымдастырушылық қабілеті, шығармашылық көзқарасы да ескеріледі.
Қарағандыдағы бой көтерген жаңа әрі жайлы №19 мектеп мұғалімдерінің айтуынша, «Жайлы мектептерде» заманауи жағдай жасалған. Цифрлық кабинет, лаборатория мен қатар шығармашылық орта қалыптасқан. Сондай-ақ, білім саласы қызметкерлері санатқа және жүктемеге байланысты жоғары жалақы алады. Алдағы уақытта жас мамандарға арналған тұрғын үй бағдарламалары мен әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асуы мүмкін.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»