Банк туралы заң бұқараға не береді?
Банктердің кері қараған басы бері қарауы тиіс. Пайдаға белшесінен батып, осы күні мұрты көкке шаншылған екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнеске келгенде шық бермес шығайбайлықты қоюы керек. Мемлекет те, бұқара да бір кездері сонау 2009 жылдардағы қаржы дағдарысында деміге бастаған банктерге Үкіметтің дем бергенін ұмытқан жоқ. Әл-дәрменсіз қалғанда елдегі екінші деңгейлі банктер биліктің бауырына тығылып, басына сауға сұраған кез болған. Мемлекет қайырым қылған сол кезде. Енді сол банктердің қазіргі күні кәсіпкерлерге қол ұшын созуы кем. Бір кезде тоңып секірген банк енді жұртқа тоғышарлық танытып жатқаны да өтірік емес. Сондықтан да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда бұл банктердің елге тиімділігін арттыратын тетіктер қарастыруды тапсырды. Банк туралы жаңа заң қажеттігіне назар аударғаны белгілі. «Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет» деді Президент. Нақты секторға несие берудің жоспардағыдай еместігін де айтқан Президент сонда. Ол былай тұрсын, сырт елдің сарапшылары біздің банктерді «ең көп пайда табатын банктер санатына қосады» екен. Бүгін байлықтың ортасында бейқам күн кешкен банк жүйесі туралы айтпақпыз…
Банк қалай тыныстап тұр?
Қазақстанда дәл қазіргі уақытта 21 екінші деңгейлі банк бар. Ал, Қарағандыда ifin.kz порталының дерегінше, екінші деңгейлі 15 банк жұмыс істейді. «Жалпы, түрлі банктің 67 бөлімшесі қызмет жасап отыр» дейді «караганда.казкредит.ком» сайты.
Енді осы елдегі банктердің экономикадағы несие портфеліне үңілейік. Ұлттық банктің шілдедегі дерегінше, аталған банктер бір айда (шілдеде) 30 519 273 теңге несие беріпті. Оның мәрбесіне қарасақ, 20 724 153 теңгесі – жеке тұлғаларға, ал, 9 795 119 теңгесі – заңды тұлғаларға берілген. Субьектінің типіне шаққанда осы несиенің 11 778 360 теңгесі ғана кәсіпкерлерге бағытталыпты. 18 740 912 теңгесі – тұрғындарға кәсіпкерлік емес мақсатта жол тартқан екен. Президент те Жолдауында, сондықтан да, осыған баса назар аударған-ды.
«Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет.
Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан, осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным.
Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды.
Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды», – деді Президент.
2024 жылдың жарты жылдығында Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінің ссуда портфелі – 32 трлн теңге. Бұл туралы Ranking.kz.хабарлады. Бұл болса, өткен жылмен салыстырғанда 7,1 пайызға, яғни, 2,1 трлн теңгеге көп.
Несие портфелінің өсімі бойынша ірі банктер арасында Bank RBK көш бастап тұр. Ол қаржы көлемін 15,4 пайызға арттырған. Порталдың дерегінше, Bank RBK тұрғындарды да, бизнесті де несиелендіруде белсенді. Проблемалық несие 2 пайызға азайған.
Екінші орында несиелік портфелі өсімінде – Home Credit Bank. Оның үлесі 15,2 пайызға өскен. Дегенмен, есесіне проблемалық несиелер 6,3 пайызға көбейген. Үштікті «Банк Ценрткредит» түйіндеп тұр. Портфелі – 14,6 пайыз. Жалпы алғанда, Қазақстанның 21 банктің арасында 14 банктің кредиттік портфелінде өсім айтарлықтай.
Олигархтарға басыбайлылықтан құтқарады
Банк заңындағы өзгерістер мамандардың айтуынша, көп жайттың күрмеуін шешеді. «Бұл, ең алдымен банктердің жауапкершілігін күшейтіп, банктердің белгілі бір олигархтардың мүддесін қорғаудан құтқарады», – дейді сарапшы-экономист Сапарбай Досжанов.
– Президент Жолдауында банк жүйесін реформалау әрі банктердің жауапкершілігін көтеру қажеттігі туралы мәселені көтерді. Неге? Себебі, бүгінде Қазақстанның банкі әлемдегі алдыңғы қатарлы жүйеге қосылды. Біз Ресейден кейінгі екінші орында едік. Қазіргі таңда Ресей санкцияға түсіп, қиын жағдайға тап болды. Сондықтан, ТМД ішінде бірінші орындағы банк жүйесіміз. Бірақ, сонда да бізге бұдан да жүйені жетілдіру қажет. Президент банктер жауапкершілігін арттырып, олардың кәсіпорындарға көбірек несие беруін ынталандыратын, жауапкершілікті несие алушыға ғана емес, банктерге де жүктейтін заңнаманы өзгертуге ұсыныс жасады. Бұл арада екі мәселе бар.
Бірінші мәселе – корпоративтік ұйымдарға банктердің несие беруі. Бізде 23-24 банк болса, оның екеуі ғана – мемлекеттік. Қалғанының бәрі – кәсіпкерлік, яғни, коммерциялық банктер. Сондықтан, олар кімге несие беріп, кімге бермеуді өздері шешеді. Алайда, әрбір банк қандай да бір жеке олигархтардың мүддесін қорғайтын банктерге айналғаны да жасырын емес. Банктердің атауларының өзі құрылтайшылары кім екенін көрсетеді. Міне, содан да, олар өздерінің сыбайлас кәсіпорындарына несиені өте арзанға беріп, ал, жауапкершілікті жеке тұлғаларға, басқа ұйымдарға жүктеп жіберетін жүйе пайда болды.
Дегенмен, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы мәселелерді реттеуде. Олар пруденциялық нормативтерді иеленді. Мәселен, ол нормативтердің бір кәсіпорынға он бес пайыздан артық несие бермеу, сыбайластарға аз беріп, бүтін халыққа жұмыс істеуді көздейтін талаптары бар. Осы нормативті көптеген банктер қолданбайды. Ал, банктерге жаза қолдануға келгенде, оның сыртында олигархтар, биліктегілер, депутаттар, министрлер, әкімдер тұрады. Осыны өзгерту үшін біз пруденциялық нормативтегі талаптарды заң дәрежесіне көтеруге тиіспіз. Онда ол ертең банктердің бүгінгідей мемлекет облигациясын сатып алып, емін-еркін отырып, тек сыбайластарына арзандатылған несие таратып, қалғандарына ауыртпалық түсіруге мүмкіндік бермейді. Бұл арада – банктерді олигархтарға басыбайлы мүдделігінен шығару тұр, – дейді Сапарбай Досжанов.
Сарапшы, сонымен бірге, Президенттің шетелдік банктерді Қазақстанға шақырту қажеттігін де еске салғанын құптайды. Оның айтуынша, елде шетелмен жұмыс істейтін он екі банк бар. Оларды әлі көптеп тарту – басқа кәсіпорындардың, басқа халықтың әділетті банктермен жұмыс істеуіне ықпал етіп, бәскелестік артады деген көзқараста сарапшы.
Жаңа заң микрокредиттік ұйымдардан құтқара ма?
Жоғарыда атап өткеніміздей, халықтың тұтыну несиесі басқа несиеге қарағанда әлдеқайда көп. Соның ішінде, микроқаржы ұйымдарының несиелерін беру тәртібі жаңа заңда ескерілуі керек деп санайды сарапшы.
– Екінші мәселе – жеке адамдарға тұтыну несиесін беру. Әсіресе, микронесиелік ұйымдар. Жеке адамдардың төлем қабілетіне, мүмкіндігіне қарамастан өздерінің тәуекелдерін жеке адамның мойнындағы пайызға іліп қояды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова ондағы пайызды 56 пайызға дейін түсіруді ұсынды. Кезінде одан да көп еді. Енді оны 40 пайызға дейін түсіру керек деген ұсыныс бар.
Десе де, мен мұны аса құптай қоймаймын. Себебі, ол микронесиелік ұйымдар өзара бәсекелестікпен пайызды төмендетуі керек. Бұл ұйымдардың керісінше жауапкершілігін күшейту керек. Төлем қабілеті жоқ адамдарға онлайн несие беруде жауаптылықты арттыру қажет. Осының бәрін заңдық деңгейге жеткізу күн тәртібінде тұр. Кезінде Григорий Марченко оларды кәсіпкерлікке еркіне жіберді. Содан бұлар кәсіпкер ретінде ойларына келгенін жасағанын білеміз.
Микро несиелік ұйымдар да – қаржы ұйымдары. Сол себепті, банк және банк жүргізу заңына өзгертулерлер енгізіп, осы ұйымдарды да, ломбардтардың да жауапкершілігін көтеру аса маңызды. Ең алдымен, табысы жоқ адамдарға микронесие беруді тоқтату. Табыссыз тұлғалар банктерге, микрокредит ұйымдарына емес, жергілікті билікке барып, жүгінуі керек, – дейді Сапарбай Досжанов.
Өйткені, микрокредиттік ұйымдар пайызы жоғары несиесімен бүгінде ұтылып отырған жоқ. Сарапшының айтуынша, микрокредиттік ұйымдар үшін, мысалы он несие берсе, оларға пайызы көп болғаннан кейін оның 7-8-і қайтса да жеткілікті көрінеді. Қайтпаған 2-3 несиені коллекторға арзанға сатып жібереді де, ұпайын түгендеп, мұртын балта шаппай отыра береді. Мәселен, 100 мың теңге несиесін коллекторлық ұйымға 80 мыңға сатады екен. Ұтылған ештеңесі жоқ. Сол себепті, экономист жаңа банк туралы заңнамада микрокредитке қатысты осындай өзгерістер орын алуы керек деп санайды.
Түйін
Банк жүйесі мамандарының сөзіне сүйенсек, қазіргі коммерциялық банктердің өз акциясы 10-15 пайыз көлемінде. Қалған 70-85 пайызы тұрғындардың депозитінен жасақталады. Бұлардағы несие беру мөлшерлемесінің жылдығы 20-25 пайыз шамасында. Ұлттық банк бекіткен базалық ставка – 14,25 пайыз. Бұдан төмендеу – инфляцияға тікелей байланысты. Яғни, инфляция төмендесе, базалық ставка да төмендейді. Әйтсе де, Еуроазиялық одақтағы елдер қатарында Ресей 19 пайызға көтерген. Ресей базалық пайызды көтергенде, Қазақстанға тыраштанып түсіру экономикаға соққы екенін айтады сарапшы.
…Не десек те, жаңа банк заңынан жұрт жанына жағар жылт еткен жаңалық күтері даусыз. Банктің жемі болудан құтқарар деген дәме де жоқ емес. Елге қалың есептен гөрі жалпақ тілдегі түсінікті қисап қажет, негізі.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz