Балық шаруашылығындағы басым бағыт
Осы аптада Федоров су қоймасында Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары Қарағандының ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі шаруашылығының жедел тобымен бірлесіп, балықтардың қырылуына қарсы іс-шаралар өткізді. Мұндай жұмыстар қаңтар айында бастау алғанын айта кетейік.
Судағы оттегі деңгейі өлшеніп, қамыс шоқтарын орнату үшін, 30 ұңғыма бұрғыланды. Бұл іс-шараның мақсаты – су астындағы байлықты сақтап қалу.
Судағы оттегі қалыпты. Жергілікті атқарушы органға балық пен басқа да су жануарлары өлімінің алдын алу үшін резервтік су айдындарының жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу ұсынымдары берілді. ҚР «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңына сәйкес балық шаруашылығы су айдындарының резервтік қорындағы күзет жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді, – дейді Нұра-Сарысу облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекция мамандары.
Осыдан бір ай бұрын Абай ауданының Саран су қоймасында 30 ұңғыма бұрғыланып, қамыс баулары орнатылған еді.
Балықтардың қырылуына қарсы іс-шаралар қаңтардан наурызға дейін өткізіледі. Балық шаруашылығындағы басым бағыттар осылай жүзеге асып жатыр.
Қарағандыда 96 резервтік су айдынына Нұра-Сарысу облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының мамандары қызмет көрсетеді. Бекітілген 107 су айдынында бұл бағыттағы жұмыстарды табиғат пайдаланушылар жүргізеді.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz